Блогермін деп жүріп бопсалауды әдетке айналдыра бастағандар аз емес

2334

Бүгінде блогер көбейген заман.

Блогермін деп жүріп бопсалауды әдетке айналдыра бастағандар аз емес

Арасында өз ісіне берілген кәсіби және туралықты ту еткендері аз емес. Олардың қоғамға пайдасы тиіп жатады. Дегенмен бес саусақ бірдей емес демекші, ішінде блогердің мақсатын жете түсінбейтіндері де жиі кездеседі. Өзін блогермін деп жүрген ондай адамдар арсыздықпен жеке адамдарды немесе мекемелерді бопсалауды әдетке айналдыра бастайды. Яғни блогерлік өнерді арам ақша табудың және айла-амал ойлап, өзгелерді қорқытып-үркітудің құралына айналдырады. Мұндайлардың талайы құқық қорғау органдарының құрығына түсіп, қамалып та жатыр.

Шымкентте блогердің соты өтті. Сот оны бес жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Блогерлікпен айналысқан адам емхананың бас дәрігерін 500 мың теңге бересің деп бопсалаған екен. Биыл сәуір айында блогер қалалық емхананың төбесіндегі мемлекеттік тудың жыртылғанын көріпті. Ол бұл туралы полицияға хабарлап, содан кейін тәртіп сақшыларының бүлінген туды алып жатқанын телефонының камерасына түсіріп алған. Содан кейін бейнежазбаны интернетке жариялаймын деп, медициналық мекеме басшысынан ақша талап еткен. Бейнежазбаны жою үшін 500 мың теңге сұрапты. Ақыры емхана басшысы оған 300 мың теңге ұсынады. Ақшаны беру кезінде полицейлер барып ұстаған.

Блогермін деп пара алмақ болған бұл адамға бопсалау бойынша айып тағылды. Іс материалдарынан блогердің осыған ұқсас қылмысы үшін бұрын бес жылға сотталғаны белгілі болды. Ол 2017 жылы өзін салық органдарының қызметкері ретінде көрсетіпті. Сонда  кәсіпкерлерге қамқорлық көрсетуге уәде беріп, ақша бопсалаған. Кейін ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

Сотталған азаматтың іс-әрекеті барша блогер атаулының атына көлеңке түсірді. Блогерлердің ұйымдасқан топ құрып қылмыстық әрекеттерді жасап әшкере болған оқиғалары да кездеседі. Бірер жыл бұрын блогерлердің  ұйымдасқан қылмыстық тобының жолын Түркістан облысының полицейлері кескен болатын. Олар 17 тұрғын мен кәсіпкерге материалдық залал келтірген.

Өздерін блогерміз деген төрт адамнан тұратын бұл топ алты ай бойы Жетісай және Мақтаарал аудандарының аумағында болған. Сонда олар бопсалау мен алаяқтық арқылы жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың ақшаларын иемденген.

Қылмыстық топ 17 адамға 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Тіпті олар өз әрекеттерін бүркемелеу үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес түріндегі жалған қоғамдық ұйым ашқан екен. Әрқайсы нақты рөлдерді алып жүрген. Олар жалған куәлік ұстап, өздерін блогер, журналист және заңгер ретінде таныстырып отырған.

Қылмыскерлер түрлі көріністерді бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаймыз деп қорқытып, адамдардан ақша талап еткен. Мысалы құрылыс алаңдарының біріне барған. Содан құрылыс жұмыстары нашар жүргізіліп жатыр деген сылтаумен құрылыс фирмасының басшысынан 500 мың теңге талап еткен. Немесе қоршаған ортаны қорғау қызметіненбіз деп кәсіпорындардың біріне барып, директордан ай сайын 100 мың теңге төлем талап еткен.

Қылмыстық топтың үстінен адамдар Жетісай аудандық полиция бөліміне арызданған. Қылмысты ашуға және тергеуге облыстық криминалдық полиция қызметкерлері мен тергеушілері ауданға көмекке барған. Нәтижесінде блогерміз деп ұйымдасқан қылмыстық топ кезекті бопсалаған адамынан ақша алу үстінде құрықталған. Адамдарды бопсалап, қорқытып ақшасын алу және алаяқтық жасау әрекеттері үшін төрт адамның әрқайсысы 10 және 8 жылдан бас бостандықтарынан айырылды.

Өкінішке қарай блогерлердің арасында осындай лайықсыз әрекеттерге баратындар кездесіп жатады. Жақында Бас прокуратура жекелеген блогерлердің арандатушылық мәлімдемелеріне қатысты үндеу жариялады. Осы күні жалған ақпарат таратып, қоғамды дүрліктіруге тырысатын блогерлер де пайда болған сияқты. Ондайлар өзге бір топтардың мүдделеріне жұмыс істейтін болса керек. Үндеуде "Олардың мақсаты – жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру" деген жолдар бар. Бас прокуратура ескертіп өткендей, ұлттық алауыздықты қоздыруға, бопсалаушылыққа, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке апарып соқтырады.   

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу