Буллинг жасайтын балаларда өскенде жанашырлық болмайды

Буллинг дегеніміз физикалық, психоэмоционалдық тұрғыдан балалардың бір-біріне қысым көрсетуі.   

Буллинг жасайтын балаларда өскенде жанашырлық болмайды

Физикалық тұрғыдан буллинг жасау дегеніміз баланы ұрып-соғу болса, психоэмоционалдық буллингке баланы мазақтау, келемеждеу, күлкіге қалдыру жатады. Ата-аналар балаларына кейде "таяқ жеме, есеңді қайтар" деп үйретеді. Бірақ буллинг көрген баланы еш уақытта кінәламау керек. Оған керісінше қолдау көрсеткен жөн. Егер балаңыздың көңіл-күйі түсіп, сабаққа барғысы келмесе, үнемі бағалы заттарынан айырылып қалса, соның өзінен-ақ баланы біреу қыспаққа алып жүргенін сезінуге болады. Ата-ана мұндай жағдайда баласымен ашық сөйлесіп, оған кім қысым көрсетіп жүргенін сұрауы керек. Егер буллинг жасап жүрген баланың есімі белгілі болса, онда соның ата-анасымен тікелей сөйлесуі керек. Оның өзінде де бұл сөйлесуді ұрыс-керіске айналдырмаған жөн.

Ата-аналар балаларына өз шекарасын қорғауды ғана емес, өзге адамның шекарасына өтпеуді де үйреткен дұрыс.

Сынып ішінде болып жатқан буллингті ең бірінші сынып жетекшісі байқайды. Асханада, қоңырау кезінде немесе сыртта болып жатқанды балалардың өзі айтпаса, оны ата-анасы байқайды. Себебі психологиялық, физикалық тұрғыдан қысым көріп жүрген баланың көңіл-күйіндегі өзгеріс бірден белгілі болады. Ата-ана күн сайын баласымен сөйлесуі керек. Одан бүгінгі күні қалай өткені, қандай жағдай болғаны, не нәрсе уайымдатқаны туралы сұрағаны жөн. Мектеп ауыстырғанда балалар ортаға бірден қосылып кете алмайды, жаңадан келген балаларды шамалы шеттетіп жатады. Психологиялық қысым көріп жүрген баланың кейде сабағы да нашарлап кетеді, тәбеті қашады, бөлмесінен шықпай, отырып алады.

Буллингті жасайтын балалар көбінесе жанұясында еркетотай, бетін қақпай өсірген, өзін ешкім ренжітіп көрмеген, соның дегені болған. Мұндай балаларда өскенде эмпатия, жанашырлық болмайды. Өйткені олардың өздерінің жаны ауырып көрмеген. Ондай балалар көбіне қысым жасап жатады. Сосын махаббатқа зәру балалар болады.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу