Оның ішінде екі сайлау науқанын өткерді. Оның алдында республикалық конституциялық реформалар бойынша референдум өткен болатын. Сондықтан 3 саяси сайлау науқанына түскен аралықта жетістіктері де, көптеген келеңсіз, төмен көрсеткіш көрсеткен нәтижелері де бар. Бір ғана мысал келтірейік. 2023 жылдың ақпан айында еліміздегі инфляция 20 пайыздан асты. Азық-түліктің ең басты бағамы 26 пайызға дейін өсіп отыр. Жалпы халық тарапынан үкіметке бағаның тұрақсыздануына байланысты көптеген сын айтылып жатыр.
Алдағы құрылатын жаңа министрлер кабинетіне келер болсақ, биыл Парламент қабырғасына 6 саяси партия өтті. Олардың ішінде "AMANAT" партиясынан бөлек, басқа партиялар да үкімет жасақтауға қатысуы керек деп ойлаймын. Мысалы, кешегі өткен Мәжіліс спикерін дауыс беру кезінде, сосын бүгінгі Премьер-Министрге үміткерлерді ұсыну кезінде қалған партиялар да өзінің кандидаттарын ұсынуы керек еді. Жаңа саяси күштер келгеннен кейін неліктен олар өздерінің кандидатурасын ұсынбайды? Кандидатура ұсыну деген міндетті түрде сол жерде жеңіп шығу деген сөз емес. Мәселе саяси күш ретіндегі өз әлеуетіңізді көрсету. Сондықтан алдағы министрлер кабинетін жасақтаған кезде олардың үштен бір бөлігі ауысу керек. 2022 жылы бірнеше министрліктің басшыларын Президент ауыстырған болатын.
Бүгінгі дауыс беру кезінде (Премьер-министр кандидатурасы туралы ұсынысқа) 7 адам қарсы болып, 8 адам қалыс қалды. Менің ойымша, бірмандатты округтен келген 29 депутат да осы үкіметті жасақтауға қатысып, өз пікірлерін айту керек. Өйткені алдағы құрылатын үкімет тікелей Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады. Кеше Президенттің өзі "AMANAT" партиясы өз кандидатурасын (Үкімет басшысының) ұсынатын болса, олар тікелей жауапты болады деп айтты ғой. Десек те, ол жерде басқа да фракциялар дауыс берді ғой.
Егер ертең Үкімет дұрыс жұмыс істемесе, Премьер-Министрге сын айтылса, бұл сол фракцияларға да сын деген сөз.
Сондықтан бұл жерде дауыс берген депутаттар мен партиялар да өзара жауапкершілікті сезіну керек.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін