Демографиялық үрдістердің бірі ерекше маңызды, екіншісі маңызды емес деп айта алмаймыз

Стратегиялық жоспарларды жасау үшін қазіргі статистикалық деректер жеткілікті, өйткені Ұлттық статистика бюросы 5 мыңнан аса статистикалық мәліметтерді жыл сайын жариялап отырады. 

Демографиялық үрдістердің бірі ерекше маңызды, екіншісі маңызды емес деп айта алмаймыз

 

Бұдан бөлек он жылда бір жасалатын ұлттық санақтың деректері бар. Қазір ауыл шаруашылығының санағы өтіп жатыр. Басымдық белгілі бір нәрсеге берілмейді, барлық мәселелерді қарастырған жөн. Халықтың саны, жас-жыныстық құрылымының дамуы, оның болашақта қандай болатынын болжау мәселелері, урбанизация, көші-қон, халықтың қартаюы сияқты мәселелер бар. Демографиялық үрдістердің қайсыбірі ерекше маңызды, екіншісі маңызды емес деп айта алмаймыз. 

Орталық бірінші кезекте демографиялық мәселелермен айналысуы керек. Бұл – халықтың жалпы санының дамуы, жас-жыныстық құрылымының дамуы, урбанизация мәселесі, көші-қон, өлім-жітім мәселесі, туу көрсеткіші. Халықтың қартаюы мәселелерін де қарастыру керек. Стратегиялық дамудың, стратегиялық құжаттардың, концепциялардың, басқа да заңнамалардың енгізілуі, жалпы өңірлік дамудағы жоспарлаудың барлығы қаншалықты демографиялық дамуға сәйкес жасалып жатқандығы туралы мәселелерді қарастыру керек шығар деп ойлаймын. Тапсырма күні кеше ғана берілді. Ол бірден іске аспайтын дүние. Орталықтың ашылуымен байланысты түрлі процедуралар бар. Қалай ашылады, не істейді – бұның барлығы даму және стратегиялық жоспарлау агенттігінің шешімімен жүзеге асады. Оған біршама уақыт керек. 

Бірінші кезекте жасанды интеллектке келетін болсақ, бұл үрдістің қалыптасқанына көп уақыт болған жоқ. ЖИ демографиялық болжауларды жасағанда қаншалықты жақсартады дегенге келсек, оның барлығы көп ауқымды деректерді өңдеуге арналған құрал ретінде қабылданады. Бірақ әзірге ЖИ-ге түбегейлі барлығын тапсыра алмаймыз, себебі ол біршама қателіктер жібереді. Бұл сұрақ әлі үлкен зерттеуді қажет етеді. Жалпы алғанда, Президенттің бұл шешімі – өте маңызды шешімдердің бірі. Орталықты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында жасау өте дұрыс шешім деп қабылдаймын, себебі бұл статистикалық деректерге қолжетімділікті жеңілдетеді. Ұлттық статистика бюросы осы агенттіктің құрамында екені белгілі. Екіншіден, бұл орталық кезекті зерттеу орталықтары сияқты емес, есептеуден бөлек, оқу үрдісін дамытатын, эксперттік үлкен талдау орталықтарының бірі болады деген сенімдемін.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу