Себебі қымбатшылыққа әкелуі мүмкін. Бізде көптеген зат импортталады. Импорттан алынатын техника, азық-түлік, тұтыну тауарлары, киім-кешек бағасы алдағы айдан бастап қымбаттайтын болады.
Одан бөлек жалпы бұл бизнеске де зиянын тигізуі мүмкін. Осы жағына да ескеру керек. Бірақ та алдағы уақытта қымбатшылық күтіле ме дегенге келсек, күні кеше Ұлттық Банк ресми мәлімдеме жасады. Жалпы квазимемлекеттік секторлардың кірісінің 50 пайызын доллардан теңгеге ауыстыру керек. Әрине, бұл алдағы уақыттарда қысқа мерзімде теңгенің қайтадан тұрақталуына, доллар бағамының қымбаттап кетпеуіне әкеледі. Меніңше, бұл шешім – қысқа мерзімді құрал. Оны Ұлттық Банк бірінші рет қолданып жатқан жоқ, оның алдында да қолданған болатын.
Мұндай құралдарды кезінде Ресей де қолданған. Ең бірінші санкция салынған кезде рубльді ұстап қалған болатын. Түркия да лираның күшін сақтау мақсатында осы тәсілді қолданып отыр. Бәрімізге белгілі, лира да соңғы уақыттарда құлдырап бара жатыр. Осы қадамдар арқылы қысқа мерзімде теңгенің құлдырауының алдын алуға болады деп ойлаймын. Жалпы теңгенің әлсіреуіне ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін