Ел аумағында жалған құжат жасауды кәсіп еткендер көбейген

1712

Адамдар арам ақша табудың мың-сан жолын меңгерген. Солардың бірі – жалған құжат жасау жолымен пайдаға қарық болу. Бірақ ондай әрекеттің талайы әшкере болып жатады. 

Ел аумағында жалған құжат жасауды кәсіп еткендер көбейген

Еліміздің аумағында жалған құжат жасауды кәсіп еткендер көп болса керек. Өйткені мұндай заңсыздыққа барғандардың қолға түскендері жайлы ақпаратты жұрт күн құрғатпай естіп жатады. Жалған қызметтік куәлік, жалған диплом, жалған дәрігерлік анықтама, екпе алғаны жөніндегі анықтама, жалған шот-фактура дейсіз бе, толып жатқан өтірік қағаздардан аяқ алып жүргісіз.

Соңғы төрт-бес аптаның төңірегінде әшкере болған неше алуан жалған құжат жасаушылықтың кейбіріне ғана тоқтала кетсек, соның өзі жалғандықтың жалпы нобайын көз алдымызға келтіреді.

Басқа – басқа, полиция қызметкерінің жалған қызметтік куәлігін қолдан жасап сататындар да бар. Ондай куәлікті адамдардың сатып алатыны да таңқалдырады.

Полиция қызметкерінің куәлігін жасап сататын адам Ақтөбеде ұсталды. Ондай көзсіз батыр компьютердің, түрлі-түсті принтердің және ламинатордың көмегімен жалған полиция куәліктерін жасаумен айналысып келген. Алатын адамдарды тауып, сондай куәліктерді сатыпты.  Ұсталған кезінде оның пәтерін тінткенде, кеңсе жабдықтарынан басқа ішкі істер органдары қызметкерлерінің куәліктеріне арналған жүзден астам мұқаба тәркіленді. Бұлар енді жасалатындары еді. Ал қаншасын жасап сатқаны өзіне ғана аян. Қанша полицей куәлігін жасап, оларды кімдерге сатқанын енді  тергеу анықтайды. Куәлікті сатып алған жалған полицейлер талай заңсыз әрекетті істеп жүрген де болар. Ұсталған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал ұсталуына полиция жедел уәкілінің қызметтік куәлігін сатқаны себепкер болған.

Осындай іспен айналысып келген тағы бір адам Жамбыл облысында құрықталды. Жамбыл облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жалған құжат дайындап сататын адамның ізіне түскен. Олар Шу ауданының халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған  орталығының қызметкерін және онымен бірге сыбайласқан осы мекеменің бұрынғы қызметкерін қолға түсірді. Ұсталғандар көлікті тіркеудің жалған куәліктерін, яғни техникалық төлқұжаттарын заңсыз жасап сатып келген екен. Әр техникалық төлқұжатты 150 мың теңгеден сатқан.

Тінту кезінде жалған құжатты жасаушылардың аттарына рәсімделген 8 пластикалық банкомат карточкасы, 41 дайын жалған техникалық төлқұжат және жалған құжаттарды жасау үшін дайындалған 500 дана пластикалық карточка табылып, тәркіленді. Сараптамалар тағайындалып, істің басқа жағдайлары анықталып жатыр.

Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-ші бабының 2-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды.  Бұл бапта қарастырылған қылмыс түрлеріне жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланклерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу әрекеттері жатқызылған.

Жалған құжат жасап әшкере болудан Астанада да құр алақан емес.  Жалған анықтама беріп ақшаны заңсыз тауып жүр деген күдікпен жекеменшік екі емхананың басшысы ұсталыпты. Хабарламада олар клиенттермен алдын ала келісіп, жалған медициналық анықтамаларды жазып сатқан делінеді. Сатылған жалған құжаттар – еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ, денсаулық төлқұжаты, санитар кітапшасы, тағы басқа анықтамалар. Ұсталғандардың екеуі де 33 жастағы адамдар, екеуі екі бөлек емхананың басшылары. Ақша, мөрлер мен мөртабан, тіркеу журналы, медкітапшалар мен өзге құжаттар тәркіленген. Адамдар жұмысқа тұру үшін, жүргізуші куәлігін алу үшін ақыға жалған медициналық анықтама жасатқан. Үстерінен Қылмыстық Кодекстің жалған құжат дайындау әрекетін қарастыратын 385-ші бабы бойынша іс қозғалды.

Ал Шымкентте 1,1 млрд теңгеге жалған құжат жасаған адам ұсталды. Ол жалған шот-фактура жасаумен айналысып келген екен. Ол бір емес, үш бірдей компания ашып, 1,1 млрд теңгеге құжат дайындаған. Жалған шот-фактура жасау жолымен пайдаға кенелген. Бұл адам өзінің қылмыстық әрекетімен Қаржы мониторингі агенттігі қызметкерлерінің назарына ілігіп ұсталған. Мемлекеттік бюджетке келтірген нақты шығыны 380 млн теңгеден астам қаржы болып шыққан. Ұсталғанның ісі сотқа жолданды.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу