Елдің ішкі саяси өміріне өзгеріс керек, ал экономикамызға тұрақтылық жетіспейді

1307

Экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жергілікті биліктен бастап министрліктерге дейін барлық жерде осы саланы білетін мамандар керек. 

Елдің ішкі саяси өміріне өзгеріс керек, ал экономикамызға тұрақтылық жетіспейді

Бірер күн бұрын ғана сұхбат барысында менен Премьер-министрдің кім болатыны жайлы сұралған еді, сол кезде Әлихан Смайылов бірінші үміткер екенін айтқан болатынмын, яғни премьер-министр өз орнын сақтап қалады деген болжам жасадым. 

Себебі гео-саяси жағдайдың аласапырандығына қарамастан, біздің ішкі саяси өміріміз, республика, қала, облыс билігі деңгейіндегі шенеуніктер өзгеріссіз қалды, бар болғаны 20-30%-ы ауысты. Бұл – әлемдік тәжірибеде жиі кездесетін процесс, оның барысында қандай да бір таңқаларлық жағдай болмайтыны талай дәлелденген. Сондықтан Смайыловтың өз орнын сақтап қалуы - күтілген нәтиже.

Осыған дейін атқарылған жұмыстар, әрине, күрделі болды, сайлау науқандары көп болды. Олардың нәтижелері бойынша, көп министрлер өздерінің орындарын сақтап қалды, тек қаңтар айында ғана 6 министр ауысты, бірақ соның өзінде министрліктерде айтарлықтай өзгерістер болады дегенге сенбеймін. 

Әрине, Әлихан Смайылов бір жыл ішінде өзін толыққанды көрсетіп үлгерген жоқ. Жаңа Премьер-Министрдің алдында үлкен міндеттер тұр, өйткені оның алдыңғы қызмет мерзімінде ауыз толтырып айтарлық өзгеріс байқамадық. Мәселен, күннен-күнге жанармай бағасының қымбаттауы халыққа керекті басқа тауарлардың қымбаттауына әкеледі, сондықтан қазір экономикалық тұрақтылықты сақтау маңызды. 

Республикадан бөлінген бюджетке ғана қарап отырмай, басқа да табыс көздерін табатын, сол аймақтың тұрғындарына жанашыр болатын жастар әкімдер орнына отыру керек деп ойлаймын. Үкіметті жаңарту барысында осыны ескерсе деп үміттенемін.

Ал қазіргі билік басындағылар арасында менің көңілімнен шығатындары – бұрынғы Білім министрі Асхат Аймағамбетов, Ғани Бектайұлы. Олар меңгеруші, мектеп директоры, білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарып, министрлікке кезең-кезеңімен келген азаматтар. Үкіметте осындай өз ісінің мамандарын, саласының бастапқы баспалдағынан келгендердің санын арттыру қажет. Жаңа құрамның арасында да ондай мамандар табылары сөзсіз, депутаттар ішінен алуға болады, өйткені оларды халық сайлады. 

Осы уақытқа дейін Үкіметтің жұмысын бақылап, көріп жүрміз. Халық өзінің бағасын беріп жатыр. Енді қайта тағайындалған Премьер-Министрдің халық мүддесі үшін экономикалық тұрақтылық бағытында жұмыс жасауға тиіс деп ойлаймын, бірақ саяси алаңда өзгерістер керектігі сөзсіз. Тағы атап өтетіндігі, ұлттық экономика, индустрия, ауыл шаруашылығы, қаржы, денсаулық саласына жауап беретін уәкілетті органдардың жүйелі жұмысын ұйымдастыру керек. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу