Қазақстанда алғашқы АЭС үшін кадр даярлаудың ұлттық жүйесі қалыптасу кезеңінде тұр. Қазір жоғары оқу орындары мен колледждерде ядролық физика, атом және жылу энергетикасы, электр техникасы, автоматтандыру, материалтану және радиациялық қауіпсіздік бағыттары бойынша мамандар даярлануда. Келесі міндет – осы бағдарламаларды таңдалған реактор технологиясына бейімдеп, АЭС персоналына қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын енгізу.
Алдын ала бағалау бойынша екі энергоблокты пайдалану үшін шамамен 2 мың қызметкер қажет. Оның 1600-ге жуығы жедел және техникалық персонал, 400-ге жуығы жоғары білікті инженерлер мен атом саласының мамандары болады. Тікелей ядролық мамандықтар станция персоналының шамамен 20 пайызын құрайды. Қалған бөлігі – энергетиктер, механиктер, электр техниктері, химиктер, ІТ және автоматтандыру, жөндеу мен қауіпсіздік салаларының мамандары және т.б.
Қазақстан базалық мамандардың басым бөлігін өз ішінде даярлай алады. Алайда елде толық даярланатын қызметкерлердің нақты үлесі реактор технологиясы мен пайдаланушы ұйымның талаптары бекітілгеннен кейін анықталады. Реактор операторлары, ауысым бастықтары және қауіпсіздікке тікелей жауапты персонал технология жеткізушінің арнайы даярлығынан, толық ауқымды тренажердегі жаттығудан және лицензиялаудан өтуге тиіс. Түпкі мақсат – АЭС іске қосылғанға дейін станцияның негізгі персоналын Қазақстан азаматтарынан қалыптастыру.
Қазақстанда АЭС салу туралы шешімнен кейін жастардың атом саласына қызығушылығы күшейіп келеді. Бұған саланың стратегиялық маңызы, тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі және жоғары технологиялармен жұмыс істеу перспективасы әсер етуде.
Дегенмен қызығушылықты нақты кәсіби таңдауға айналдыру үшін жастар саланың практикалық мазмұнын көруі керек. ЯФИ жоғары оқу орындарымен бірлесіп студенттерге зерттеу реакторында, критикалық стендте, үдеткіштерде және зертханаларда тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсына алады. Мұндай даярлық мамандықтың беделін арттырып қана қоймай, жастарға өз қабілеті мен кәсіби бағытын дұрыс бағалауға көмектеседі.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін