Ең төменгі күнкөріс деңгейін кем дегенде 2 есе арттыру керек

232

Күнкөріс деңгейін үкімет жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгілеп отырады. 

Ең төменгі күнкөріс деңгейін кем дегенде 2 есе арттыру керек

Бұл көрсеткіш еліміздегі инфляция деңгейіне сәйкес жыл сайын көтеріліп отырады. Оның қазіргі деңгейінің төмен болуы бірқатар факторларға байланысты. 

Біріншісі – Қазақстан экономикасының шикізатқа, әсіресе мұнайға тәуелді болуы. Мұнайды ірі шетел компаниялары мен ҚазМұнайГаз өндіреді және одан түскен ақша Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджетке кетеді, яғни халықтың басым бөлігінің табысына қатты әсер етпейді. Ондай әсер болуы үшін, еліміздің экономикасы әртарапты, шағын мен орта бизнесі дамыған, әсіресе жоғары қосылған құны бар тауарлар мен қызметтерді шығаратын экономика болуы керек. Сонымен қатар, экономикадағы мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың үлесін төмендету керек. Сонда жеке бизнестің дамуына мүмкіндік ашылып, бизнес дамиды, жаңа жұмыс орындар құрылады, көбірек салықтар төленеді, бюджеттің табысы артып, халықтың әл-ауқаты өседі.

Екінші факторға мемлекеттік бюджеттің тапшылығы жатады. Үкіметтің шығындары кірістерінен жоғары, яғни бюджеттік балансқа жету үшін не салықтарды көтеріп, бюджет кірісін көтеру керек немесе шығындарды азайту керек. Егер тиімсіз, қажеті жоқ шығындарды қысқартсақ, онда бюджетте халыққа қосымша жалақы, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер, күнкөріс деңгейін көтеруге мүмкіндіктер пайда болады. Ал қазір бюджет онсыз да толмай жүрген кезде күнкөріс деңгейін әжептәуір көтеруге үкіметте қаражат жоқ, тек жыл сайын кем дегенде инфляция деңгейіне ғана көтеріп отыр.

Тағы бір фактор – инфляцияның жоғары болуы. Қазір Қазақстандағы жылдық инфляция деңгейі – 11,3%. Яғни, халық тұтынатын тауарлар мен қызметтер кем дегенде 11 пайызға қымбаттаған. Әрине, бұл – ресми инфляция, ал шынайы инфляция одан едәуір жоғары екенін бәріміз өз қалтамызбен сезіп отырмыз. Демек, тауарлар мен қызметтер қымбаттап жатыр, күнкөріс деңгейі одан артта қалып жатыр. Мысалы, жыл аяғында үкімет келесі жылға бюджетті бекіткенде, күнкөріс деңгейі инфляцияға сәйкес көтеріледі, бірақ оны көтергенше, баға одан сайын өседі. Яғни, үкіметтің күнкөріс деңгейін көтеру инфляциядан, яғни баға өсуінен бір жыл артта қалып келе жатады.

Теңгенің әлсіз болуы. Шетел валюталарының бағамдары көтерілген сайын, теңге құнсызданады, ал халық тұтынатын тауар мен қызметтердің біраз бөлігі импортты болған соң, теңге құнсызданған сайын валютамыздың төлем қабілеті азая береді және халықтың тұрмыс жағдайы нашарлайды.

Қазіргі күнкөріс деңгейі тым төмен және халық қажеттіліктеріне сай деп есептеуге келмейді. Айына 46 мың теңгеге мүмкін ауылда өмір сүруге болатын шығар (бірақ оған да күмәнім бар), ал қалаларға келсек, бұл қаражат еш нәрсеге жетпейді. Әсіресе отбасында балалар болса және сол жанұяның меншікті үйі болмай, жалға алып тұрып жатса (ал елімізде сондай жанұялар халықтың басым бөлігін құрайды). Менің ойымша, төменгі күнкөріс деңгейін кем дегенде 2 есе арттыру керек. Алайда, жоғарыда айтылғандай, дәл қазір үкімет оны бірден жасай алмайды. Ол үшін бюджеттің басқа шығындарын қысқартып, табысын көтеріп, бірнеше жылдың ішінде жасауға болады. 

Мысалы, күнкөріс деңгейін инфляцияның деңгейіне сәйкес емес, одан артық көтеру абзал, себебі инфляция 10 пайыз болса, күнкөріс деңгейін тура сол 10 пайызға көтерсе, шын мәнінде ол өзгеріссіз қалды деген сөз. Сондықтан, егер күнкөріс мөлшерін инфляция деңгейінен жоғары үрдіспен көтерсе, оны шын мәнінде көтерілді деп санауға болады.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу