Есірткіге тәуелділік ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді

2047

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенер болсақ, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Әлемде шамамен 275 млн нашақор адам бар. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.

Есірткіге тәуелділік ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді

19 млн халқы бар Қазақстан үшін есірткіге елітудің көрсеткіштері ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Соңғы мәліметтерге сенсек, Қазақстанда 19 мыңға жуық адам есірткіге тәуелді.

Жуырда ҚР ІІМ-нің қоғамдық кеңес мүшелері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жайын талқылады. Есірткі қылмысы қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып табылатыны атап өтілді.

Министрліктің мәліметінше, жыл сайын республика аумағында 20 тоннаға жуық есірткі құралдары мен психотроптық заттар заңсыз айналымнан алынып, екі мыңнан астам есірткі қылмыстары анықталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін бүгінде қылмыстық жауапкершілік күшейтілген. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны, оның ішінде графити-суреттер мен QR–кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді.

Аптаның басында таратылған мәліметтерге қарағанда, елорда полицейлері ерлі-зайыптыдан 3 келіден астам синтетикалық мефедрон препаратын және 260 грамм каннабис шайырын тәркілеген. Олардың интернет-дүкені әлеуметтік желілерді бақылау кезінде полицейлердің назарына іліккен.

Сайт әкімшісінің жеке басын анықтағаннан кейін, есірткіні жеткізушілермен және кепілгерлермен байланыс орнату үшін оны бақылау ұйымдастырылған.

Күдіктілер екі мекенжайда ұсталыпты. Ұсталған кезде автокөліктен сатуға дайындалған мефедрон салынған 60 түйір табылды. Есірткі автокөлікте жатқан қаңылтыр сыра банкісінде жасырылған болып шықты. Ал пәтерде есірткі саудасымен айналысатын сайт әкімшісі ұсталды, ол есірткіні таратуға қатысқан.

Тұрғылықты жерін тінту кезінде мефедронның тағы 157-сі, есірткі салынған пластикалық науалар, сондай-ақ каннабис шайыры бар 886 желатин капсуласы тәркіленді.

Ал Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында Сырдарияның жағасына қарасора егіп, оны күтіп-баптаған адам ұсталды. 90 түп қарасорасының биіктігі екі метрге жеткен. Сондай-ақ Шиелі ауданында сексеуілдің арасына марихуана егіп баптаған адам ұсталған.

Есірткіні, психотроптық заттарды сату мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу сынды әрекеттерге заңмен тыйым салынады. Заңды бұзған адам он бес жылға сотталуы мүмкін.

Есірткіге тәуелді адамдары жөнінен Елорда кенде емес. Өйткені, бір ғана астананың өзінде 1 166 нашақор ресми тіркеуде тұр екен. Тіркелмей жүргені қаншама?! Сол тіркелгендердің 154-і әйел болса, 875-і отыз жастан асқан жұмысқа жарамды ер азаматтар.

Елорда бойынша көп таралған есірткінің ситентикалық түрі "Альфа пвп" деп алатады. Одан кейінгі орында мефедрон, гашиш, марихуана бар. Есіркі көбіне оңүстік өңірлерден әкелінеді. Шу алқабы мен Қызылорда облысындағы үнді қара сорасынан жасалатын есірткі және синтетикалық есірткі көп тараған.  Одан бөлек, интернет арқылы көптеген сайт есірткі сатады. Қанша бұғатталып жатқанымен, қазіргі жастардың барлығы дерлік әлеуметтік желіде отырады. Ебін тауып, байланысқа шығады.

Жалпы, нашақорлық – ғасыр індеті. Есірткі тұтыну бағзы замандардан келе жатқан дерт екені тарихтан белгілі.  Біздің  заманымызға  дейінгі  2700  жылдары  Қытайда анаша  пайдаланылды  деген  дерек  бар.  Ғалымдар  есірткіні  өркениетпен  бірге  жүретін қара құрт деп отыр.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу