Футболға бизнес-индустрия ретінде қараудың бірнеше артықшылығы бар

Отандық футбол клубтарын жекеменшікке беру – қанша жылдан бері талқыланып келе жатқан тақырып. 

Футболға бизнес-индустрия ретінде қараудың бірнеше артықшылығы бар

Негізінен, шетелдік клубтардың дені – жекеменшік. Мемлекеттен көк тиын да алмайды, яғни өз-өзін қаржыландыра алады. Бұл – үлкен индустрия. Жалпы алғанда футбол деген – бизнес. Оған қанша миллион халықтың көңілі бөлініп жатыр. Өйткені, әлемдегі №1-ші танымал спорт. Сол арқылы ақша табады. Мысалы, футбол клубы өз қаржысына стадион салады. Оған өз саласының нағыз мамандарын жұмысқа алады. Себебі, мемлекет меншігіндегі стадиондар секілді емес, жекеменшік саналғандықтан, кәсіпкер сапаны талап етеді, әр қаржының жұмсалу мақсаты дұрыс болады. 

Президент пәрменінен соң легионерлерге еш қаражат бөлінбейтінін өте дұрыс қадам деп есептеймін. Мұны да ұзақ жылдан бері қаузап келеміз. Әр футбол клубында академия болуы керек. Ол ойыншыларды тәрбиелейді де, келісімшартпен болса да сатады, басқа командаға жалға береді. Сол ақша клубқа түседі де, оны қайта клубтың дамуына жұмсайды. Бұл – дүниежүзілік тәжірибе.

Футболдың бизнес болғаны өте дұрыс. Оның бірнеше артықшылығы бар. Ешкім өз ақшасын ұрлатпайды ғой. Үкіметтің ақшасы уақытылы келіп тұрған жерде еш нәтиже болмайтынын осыған дейін көрдік. Кеше ғана "Қайраттың" жетістігін көрдік, мұның өзі – академияның арқасы. Алматылық клуб осы арқылы миллиондап қаржы тауып жатыр, бұл таза – бизнес. Ел клубтарына әлі де "пәленбай миллион қарыз екен" деген әңгімелер айтылады. Ал футбол клубы жекеменшікке өтсе, ешкім өз қаржысын ұрлатпайды, бәрі бақылауда болады әрі сапаға жұмыс істейді, футболға бизнес ретінде қарайды. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу