Халқымыздың тарихындағы ең ауыр зұлматтың зардабы өте үлкен

1397

Бүгін Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 

Халқымыздың тарихындағы ең ауыр зұлматтың зардабы өте үлкен

КСРО аумағында қуғын-сүргін мен ашаршылық зардабын көп көрген халық – қазақ халқы. Қазақстан тарихының ең қайғылы кезеңдерінің бірі - жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық. Ал 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезінде  Қазақстан аумағында құрылған лагерлерге 5 миллионнан астам адам қамалды. Қамалғандардың ішінде жергілікті халықтың өкілдері де көп болды. Қазақстанда жүздеген мың адам жазаланды, ал 25 мыңы атылды. Атылғандардың басым бөлігі ұлттың зиялылары болды.

1937 жылы халық жауларын және олардың сөзін сөйлегендерді түп-тамырымен жоюдың қажеттігі жөніндегі Сталиннің нұсқауы барлық жерде қолдау тапты. Жаппай қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда 25 833 адам партиядан шығарылып, олардың 8 544-іне "халық жауы" немесе "халық жауының сыбайласы" деген айып тағылды. 1931 жылдан бастап 1954 жылдың 1 ақпанына дейінгі аралықта КСРО-да 3 миллион 777 мың адам ату жазасына кесіліп, соның 643 мыңына үкім орындалған. 2 миллион 369 мың адам түрмеге 25 жылға сотталды, ал тағы бірнеше миллион адам 10-15 жылға сотталып, лагерлерьде ауыр еңбекке салынды.

Оның алдында, 1930 жылға қарай елдің барлық жерінде социалистік қатынастар орнады. Жер фабрика, заводтар, ұжымшарлар мемлекет меншігіне өтті. Өндіріс  құрал-жабдықтарына қоғамдық меншік орнықты. Осы кезең мен 1931-1933 жылдар қазақ халқы үшін тарихта болмаған зұлматты алып келді. Қолдағы малынан айырылған халық жаппай ашаршылыққа ұшырап қырыла бастады. Кем дегенде 2,5 миллион қазақ аштықтан көз жұмды. Кейбір деректерде одан көп сан айтылады.

1936 жылдың 5 желтоқсанында Кеңестердің Жалпыодақтық VІ төтенше съезінде жаңа сталиндік Конститутция қабылданды. Ол КСРО-да бюрократиялық орталықтандыру орнықтырды. Социализм тоталитарлық казармалық сипат алды. Елде сталиндік саясат жүзеге асты. Жазалау органдарының қызметі күшейтілді. Осылайша жеке адам құқығы аяққа тапталып, пікір айтқан, ұсыныс жасаған адам "халық жауы"  қатарына жатқызылып жазаланды. Сталиндік қуғын-сүргін  "геноцид саясаты"  осылай басталды.

Қазақстандағы екінші қуғын-сүргін 1937-1938 жылдары жүргізілді. Себебі бұл жылдары бүкіл КСРО-да, әсіресе, Мәскеу мен Ленинградта жаппай жазалау шаралары басталған еді. Соның ызғары Қазақстанға  да келіп жетті.

Осы күні Қазақстанның барлық дерлік қалаларында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық ескерткіштер ашылған. Халық жадынан өшпейтін зұлмат жылдар қайталанбасын, тарихтағы ол кезең алдағы өмірімізге сабақ болсын деп есе алынады, құрбандарға құран бағышталып, рухтарына тағзым етіледі.

Ал биыл Қазақстанда саяси-қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында, яғни осыдан бірер күн бұрын Ресейдің кей аймақтарында ескерткіштерді қиратып, жою басталып отыр. Себебі КСРО ұлттық республикаларға геноцид жасағанын Ресей мойындағысы келмейтін болса керек. 

Иркутск және Пермь облыстарында 1930 жылдары Литва және Польша азаматтары атылып, көмілген жерге орнатылған ескерткіш белгілер алып алып тасталды. Ол ескерткіштер қызылдар қырғынының құрбандары жаппай жерленген жерде тұрған еді. Сталин билігі тұсында бұл жерде НКВД-ның арнайы аймағы болған, атылған тұтқындар сол маңға көмілген. Мұндай ескерткішті қиратып жоюдың ар жағында Ресей билігінің Польша мен Литваға деген теріс көзқарасы жатыр. Бұл елдерді Ресей басшылығы дос емес елдер деп қарастырады. Ал ескерткіш жер аударылып, ажал құшқан поляктар мен литвалықтарға арнап қойылған екен. Үлкен сайға поляктар мен литвалықтар ғана емес, өзге көптеген ұлттардың өкілдері бірге көмілген. Бұл жер 1930 жылдан бастап НКВД-ның Иркутск облысы бойынша басқармасына қараған. Кеңес билігі ұлты әртүрлі 15 мыңға жуық адамды атып, осы жердегі сайға көмгені 1989 жылы анықталды. Оларды кеңес билігіне қарсы ұйымдарда болды деген желеумен атып тастаған.

Мінеки, 2023 жылы Иркутск облысының билігі ескерткіш-мемориал заңсыз қойылған деп шықты. Осы жерде атылған поляктарға қойылған ескерткіш тақтаны да солай атап, құрылыс техникасымен бұзып тастады. Ресей билігі жат пиғылды ел деп таныған мемлекеттерге осылай қыр көрсетті.  Бұл үрдіс Ресейде жалғасын табатын сияқты.

Саяси-қуғын сүргін дегенде күштеп ұжымдастыру, қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, жаппай соттау мен ату оқиғалары көз алдымызға келеді. Мұны халық зұлмат жылдар, нәубет деп те айтады. Кеңес үкіметінің қазақ халқын қуғын-сүргінге ұшыратып, қырып-жоюы 1918 жылдан 1990 жылға дейін жалғасты. Халқымыз жетпіс жыл  қуғын-сүргін көрді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу