Халық тіршіліктің негізгі көзі болмаған соң ауылдардан көше бастады

Мен ес білгенде Шабан елді мекенінде (Арал ауданы) 13 үй болды. 

Халық тіршіліктің негізгі көзі болмаған соң ауылдардан көше бастады

 

Бір ғана көшенің бойында орналасқан еді. Ауылда 3-сыныпқа дейінгі мектеп болған екен, біз есейгенде ол жабылып қалды. Шабанның негізгі атауы – Шабантүбек. Олай дейтін себебім – бір жағынан Ақшатау көлі, мына жағынан Сорғақ дейтін көл, екеуі бір-бірімен қосылып кеткен. Соның кіреберіс қуысындағы, бір құндақтаулы бала сияқты Шабан деген елді мекен едік. Ол арадағы күнкөрістің көзі – балық пен мал шаруашылығы. Басқа ештеңе жоқ. Жарық жоқ, майшаммен ғана отырдық. Бірінші сыныптан 3-сыныпқа дейін арасы 11 шақырымдық Шөмішкөл елді мекеніне қатынап оқыдым. 

1973 жылы біз Қызылжар, Райым колхозының орталығы Қызылжарға көшіп келдік. 4-сыныптан бастап мен сол Қызылжарда оқыдым. Сонымен, Шабаннан біз кеткен соң, басқалар да көше бастады. Оның бір себебі, мектеп жоқ, суы кермектеу, сосын жарық та жоқ. Тіршіліктің басқа негізгі көзі болмаған соң, халық жаймен көше бастады. 80-жылдары сол жерде бір үй ғана қалды, ол үйде кейін бер жағындағы Ақшатау ауылына көшті. Бүгінгі күні ауылда үй жоқ, ешқандай тіршілік көзі жоқ. Жаңағы қос көліміз ғана қалды. Сосын ата-бабамыздың бейіті ғана бар.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу