Каховты лас бомбамен жарса экологиялық апат орнамақ

1421

Оның қаупі Чернобыльден кем емес.

Каховты лас бомбамен жарса экологиялық апат орнамақ

Ресей әскері Украинаның электр станцияларын жаруды жалғастыруда. Ұшқышсыз ұшу аппараттарымен электр станцияларының отыз пайыздайына зақым келтірді. Украиндықтар шетінен жөндеп іске қосып та жатыр. Ал ұшқышсыз ұшу аппараттарының көбісін атып түсіруде. Өтіп кеткендері тұрғын үйлерді жарып, не энергетикалық инфрақұрылымдарды істен шығаруда. Ресейдің билігінің мақсаты – күн суықта жарықсыз, жылусыз қалған Украинаны айтқанына көндіру. Сонда Украина шабуылын тоқтатады, сөйтіп Херсонды да, өзге аймақтарды да бізде қалдырады, жеңімпаз біз боламыз деп ойласа керек.

Бірақ мұнымен тоқтап жатқан Украина жоқ. Шабуылын өршітіп, Ресейдің әскерін тықсыртып барады. Болмай бара жатқан соң, Ресей тағы бір қауіпті әрекетке көшті. Кахов су қоймасын жарып жіберуден тайынбайтынын ашық көрсетіп отыр. Алайда су қоймасын украиналықтар ядролық лас бомбамен жарды деп шығудың амалын жасап бағуда. Сөйтіп Украинаны соғыстың заңсыз тәсілін қолданды деп айыптап, жаппай қырып-жоятын қаруды қолдануға өздеріне жол ашпақ көрінеді.

Ресей үшін Херсонды ұстап тұру күннен-күнге қиындап барады. Сондықтан құр кеткенше су қоймасын жарып, оны Украина жарды деуден танбайық деген пиғылда. Су қоймасы жарылса сексен елді мекен су астында қалатын көрінеді. Украина сол сексен елді мекеннің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруі керек болады. Биіктігі бірнеше метрлік мол су қатты ағыспен жүздеген шақырымға жайылады. Осы су украиналықтардың Қырымға шабуылға шығатын жолын да бөгейді деп жатыр.     

Осылайша Ресей ақыры Херсоннан кететін сияқты. Соңғы күндері өздерінің қол астындағы аумақта орналасқан мекемелері мен тұрғындарды көшіре бастаған.

Кахов су қоймасындағы электр станциясын Ресейдің миналап тастағаны рас болса керек. Мұны Украина президенті Владимир Зеленскийдің өзі айтып отыр.  Украина басшысы Брюссельде өткен Еурокеңес отырысына онлайн қатысқан кезінде:

"Бізде ресейлік террористердің су қоймасы мен Кахов су электр станциясының агрегаттарын миналап тастағаны жөнінде ақпарат бар. Бұл - елдегі ірі энергия нысандарының бірі. Су қоймасында 18 миллион текше метр су бар. Егер ресейлік террористер су қоймасын жарса, 80-нен астам елді мекенді су басуы мүмкін", – деп мәлімдеді.

Украина президентінің айтуынша, жарылыс болған жағдайда елдің оңтүстігіндегі сумен қамтамасыз ету жүйесіне нұқсан келеді. Бұған қоса, Еуропадағы ең ірі Запорожье атом электр станциясы реакторларын суытатын су қалмай қалады. Оған су Кахов су қоймасынан алынады.

Зеленский Кахов су электр станциясына халықаралық миссияны жіберіп, ол жаққа украин қызметкерлерін қайтару қажеттігін айтты.

Кахов су электр станциясындағы бөгет – Ресей бақылауында қалған Днепрдегі өткелдердің бірі. Жуырда Американың Соғысты зерттеу институты Ресей әскері Херсоннан шегінген кезде қала мен маңындағы елді мекендерді су астында қалдыру үшін су қоймасын жарып кетуі мүмкін деп мәлімдеген.

Ресейдің Қорғаныс министрі, бас штабының бастығы, тағы басқалар өздерінің Еуропа елдері мен АҚШ-тағы әріптестеріне телефон соғып, Украина Кахов электр станциясын жармақ деп байбалам көтеруде. Ресейдің мақсаты Украинаны терроршы етіп көрсетіп, оған батыс елдерінің қысым жасауы. 

Ал батыс елдері керісінше, Украинаны қолдауды күшейтуде. АҚШ, Франция және Ұлыбритания елдерінің үкіметтері Ресейдің әскери әрекетінің қандай болғанына қарамастан Украинаға көмек беруді жалғастыра беретіндерін айтты. 

"Біз Украинаға өз жерін қорғау үшін қанша көмек қажет болса, сонша көмек береміз. Біздің елдеріміздің Қорғаныс министрлері Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен оның өтініші бойынша сөйлесті. Біздің министрлеріміз Украина өз жерінде жарылыс жасамақ деген Ресейдің жалған сөзін жоққа шығаратындарын ашық айтты".

Ресейдің Украина қолданбақ деген қаруы ядролық лас бомба. Лас болуының себебі ауаға улы радиоактивті зат бөлетінінде. Кахов электр станциясын лас ядролық қарумен жарған жағдайда оның залалы Чернобыль атом электр станциясы жарылғандағыдан кем болмайды деп жатыр. Каховты лас бомбамен жарса, экологиялық апат болатыны анық.  

"Ядролық лас бомба" Украинада жоқ деген ақпарат тарады. Ондай қаруды өндірмеген көрінеді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу