Қаңтар кімге, не үшін керек болғанын алдағы уақытта білеміз деген сенімдеміз

1672

"Қаралы қаңтар" оқиғасының ақ-қарасын ажырату мен шын кінәлілерді түгелдеу, қанды қырғынның себеп-салдары мен оққа ұшқан адамдардың нақты санын жариялау ісі жалғасып жатыр.  

Қаңтар кімге, не үшін керек болғанын алдағы уақытта білеміз деген сенімдеміз

Құқық қорғау органдары брифинг өткізіп тұрғанының өзінде қоғам тарапынан сұрақ таусылар емес.

Кезекті брифингті өткізген Ішкі істер министрлігі қаңтар қырғыны күндерінде қираған ғимараттар мен техниканың шығынын, кәсіпкерлерге келтірілген залалды осы оқиғаға кінәлі адамдардан өндіріледі деп мәлімдеген. Келтірілген уәжге қарағанда, қаңтар қырғынын ұйымдастырушылар осы әрекеті арқылы елдегі қоғамдық-саяси жағдайды шайқап, шиеленістірмек болған.

Айтылған деректерге сүйенсек, мемлекеттік органдардың 71 ғимараты, 700-ден астам автокөлік зақымдалған немесе жойылған. Ал бизнес нысандарының 1,5 мыңдайы зардап шеккен, кәсіпкерлерге аса ірі мөлшерде шығын келтірілген.

Әрине, азаматтардың оққа ұшуының алдында материалдық шығындар түк те емес. Қаза болғандар қайтып оралмайды, қасірет халықтың жүрегінде жара болып қала береді. Халықты алаңдатып отырған да осы мәселе. Себебі қаңтарда қаза болғандардың кейбірінің отбасылары мен туыстары әлі күнге дейін шындық ізеп шарқ ұрып жүр. Ішкі істер министрлігі барлық айып террорлық шабуылдар мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға тағылуы тиіс деп есептейді. Ұйымдастырушылар қанды қырғын мен топалаңның зардабының мөлшерін алдын-ала білген, қоғамды шайқау үшін әдейі әрекет еткен деген тұжырым алға тартылды.

Ал күні бұрын Бас прокуратура өкілі Нұрлыбек Сәбитов Қаруды ұрлау және сақтауға байланысты ауыр қылмыс жасаған, залалды өтемеген және соттылығын толық өтемеген 92 адам бас бостандығынан айырылды деген мәлімдеме жасаған болатын.

Ал жалпы Қаңтардағы оқиғасы бойынша сотқа 474 қылмыстық іс жолданып, олар бойынша 717 адам сотталған. Бас прокуратура өкілінің сөзінше, жаппай тәртіпсіздіктерге ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті діни ағымдардың мүшелері және бұрын сотты болған адамдардың қатысқаны анықталған.

Бүгінгі күні ғимараттарды қиратып, өртеп, қаруларды жымқырған, мемлекеттік объектілерге және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасаған деген күдікпен 286 адам қамауда отыр.

Қайғылы қаңтар күндерінің бүкіл республиканы қамтығанына қарағанда, бұл жай қарайтын өткінші оқиға емесі бесенеден белгілі. Нақты кімге, не үшін керек болғанын құқық қорғау органдары алдағы уақытта айтар деген сенімдеміз.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу