"Қаңтар оқиғасын" ұйымдастырды деген күдікпен 18 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған

2105

Мемлекет қанды қаңтар оқиғасына бет бұра бастады деуге болады. 

"Қаңтар оқиғасын" ұйымдастырды деген күдікпен 18 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған

Осы күнге дейінгі бір жыл бойы билік орындарының қаңтар оқиғасына деген ұстанымына халық қырын қарап келген. Ал желтоқсанның соңына қарай Алматыда қаңтардағы қайғылы оқиғаға арналған "Тағзым" монументі ашылды.

Оның ашылу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Қаңтар оқиғасының бір жылдығы тұсында президент Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітіне барып, қаза болғандардың рухына құран бағыштады.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елордадағы Әбу Насыр әл-Фараби мешітіне барып, қаңтар оқиғасында қаза болғандардың рухына арнап құрбандық шалды.

Ал осы тұрғыдағы жыл басының бір қадамы – Парламент Мәжілісі отырысының қаңтар оқиғасына арналуы. Парламент Мәжілісінің биылғы алғашқы отырысында Бас прокурор Берік Асылов пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің барысы туралы есеп берді.   

Бас прокурор келтірген деректерге қарағанда, қанды қаңтар оқиғасына алдын-ала әзірлік жүргізілген. Адам ресурстары мен арандатушы топтар дайындалған және барлық әрекеттер бір орталықтан үйлестірілген. Ал ең бастысы, жаппай тәртіпсіздіктердің алдында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің департаменттеріне ғимаратты босатып, ашық-шашық күйде тастап кету туралы бұйрық берілген. Сондай бұйрық Алматы әуежайының қызметкерлері мен күзетіне де берілген.

Парламент Мәжілісінде Бас прокуратура түсірген фильм көрсетілді. Фильм қаңтар оқиғасы кезінде бейнежазбаға алынған деректерге, одан кейінгі сұхбаттарға негізделіп жасалған. Онда оқиғаның хронологиясын көруге болады. Фильмнің бір жерінде Алматы облыстық полиция департаментінің сол кездегі бастығы Серік Күдебаевтың қарулы күзетшілерімен бірге ғимаратты тастап шығып бара жатқаны көрсетілген.

Бас прокуратура түсірген "Қаңтар оқиғасы: Дерек пен дәйек" фильмінің сипаттамасынан:

"Қаңтар оқиғасы кезінде бірқатар облыстағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  жергілікті бөлімшелері мен полиция бөлімшелерінің басшылары қарамағындағыларға жұмыс орындарынан кетуге бұйрық берді. Мысалы, мына кадрлардан сол кезде комендант болған Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Күдебаевтың полиция ғимаратынан қалай шығып кеткенін көруге болады".

Сондай-ақ, фильмнің кадрларында Алматы әуежайы ғимаратын басып алудан жарты сағат бұрын тәртіп сақшылары үйлеріне тарау туралы бұйрық алғаны айтылады. Парламент Мәжілісіндегі отырыста құқық қорғау органдарының өкілдері қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің қорытындысы жайлы біраз деректі айтты. Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов жергілікті департаменттерге ғимараттарынан кету туралы бұйрық берген болып шықты. Жалпы, қаңтар оқиғасын тікелей ұйымдастырған деген күдікпен 18 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.

Бас прокурордың айтуынша, тәртіпсіздік күшейген кезде Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы түгел дерлік өз ғимараттарын тастап кеткен.

"Тергеу мәліметтері бойынша, 5 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті  төрағасының орынбасары Садықұловтан жеке құрамның ғимараттан шығуға дайындығы туралы жазбаша бұйрық келіп түскен. Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттары бос қалды. Сондай-ақ, басшылықтың пәрменімен Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттерінің ғимараты қараусыз қалды", – деді Бас прокурор Берік Асылов.

Бас прокурордың пікірінше, бұл басшылар әлсіздік танытқан. Соның салдарынан тәртіпсіздікті басу үшін дер кезінде шаралар қабылданбағаны айтылды. Алматы мен Талдықорған екі күн бойы қарулы қарақшылардың қолында қалды.

"Олардың қолына тұтас арсенал түсті – 3 мыңға жуық автомат, тапанша, снайперлік винтовка және ондаған мың оқ-дәрі. Яғни, осы басшылардың кінәсінен ең қауіпті қару бүлікшілердің қолында болып шықты", – деді Берік Асылов.

Парламенттің дәлізінде журналистер Бас прокурорға бірнеше сұрақ қойды. Арасында "Кәрім Мәсімовті басты ұйымдастырушы дей аламыз ба" деген сұрақ болды.  "Мемлекеттік төңкеріс жасау, оған дайындық болған. Негізгі ұйымдастырушылар – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мәсімов пен оның орынбасарлары бар", – деді бас прокурор. Журналистер іле-шала: "Яғни, Мәсімов басты ұйымдастырушы ма", – деп сұрады. Бұл сұраққа "Иә деп айтуға болады" деген жауап қайтарылды.

Бас прокурордың айтуына қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш әзірге жауапкершіліктен тысқары қалған сияқты. Оның жауапкершілігі қылмыстық істің аяғында анықталатын көрінеді. Самат Әбіштен жай ғана куә ретінде жауап алыныпты.

"Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев қаңтар оқиғасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің нұсқауымен әрекет еткен екен. Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, жиналғандарды бақылауға алып, билікке бірыңғай ультиматум талаптар қою үшін "халық кеңесін" құруы керек болыпты.

 "Алайда олар жаппай наразылық акциясын басқара алмады. Адамдар оларға ілеспеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы ұсталғаны туралы ақпарат алғаннан кейін, сенімді алиби құру мақсатында содырларға тонауға қарсы күрес деген желеумен қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылды", – деп мәлім етті Берік Асылов.

Осы мақсатта, әр жерден кездейсоқ 24 азаматты ұрлап, ұрып-соғып ұстаған екен, біреуі соққыдан өліп кеткен. "Дикий Арман" 7 қаңтарда қолға түскен.

Ал қаңтар оқиғасына қатысты лауазымды адамдардың қылмыстық істеріне келсек, бірқатарының тергеуі аяқталып, сотқа жіберіліпті. Сотты болып жатқандар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық үш департаментінің бастықтары, Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы.

Кәрім Мәсімовтың ісі бойынша тергеу аяқталды ма, ісі сотқа өтті ма, ол жағы анық айтылмады. Бірақ оның басты ұйымдастырушы екені теріске шығарылған жоқ.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу