Қаралы қаңтар: Шын қылмыскерлердің кім екені әлі анық емес

2355

Қайғылы қаңтар қырғынының өткеніне де бес ай болып қалыпты. Оның себеп-салдары мен астарын толықтай ашу үшін бес ай аз уақыт емес. Соған қарамай әлі де белгісіз күйде қалып жатқан жайттар баршылық. 

Қаралы қаңтар: Шын қылмыскерлердің кім екені әлі анық емес

Неше адам қаза болғаны туралы нақты санды да ешкім атай алмай отыр. Ал ұсталмаған шын қылмыскерлер, ақталмаған кездейсоқ адамдар, табылмаған қару-жарақ әлі де көп.

Екі мыңнан аса қару-жарақ әлі күнге таптырмай жатқан көрінеді. Ол қандай адамдардың қолында, қайда жасырып ұстап отыр? Оны ешкім білмейді. Тағы да бүлік жасаймыз деп отырғандар сақтап отырған болмасын деңіз. Мұншама қару аз емес. Елестетіп көріңіз, екі мың адам қару ұстап көшеге шықса қандай болады. Әлбетте, жоғалған қарудың тез табылғаны бәріне олжа болғалы тұр.

Қару-жарақ дүкендерінен және құқық қорғау органдарынан 3 мыңға тарта қару-жарақ пен қыруар көлемдегі ондаған мың оқ-дәріні ашық түрде қарақшылық жолмен тонап алған еді. Винтовкалар мен тапаншаларды айтпағанда, олардың ішінде 35 граната атқыш, 8 пулемет, 268 автомат болды. Тоналған қару-жарақтың үштен екісі бес айда табылмай отырғаны өкінішті әрі қауіпті.

Шын қылмыскерлердің кім екені де әлі анық емес. Азаматтарды топырлатып ұстап, қамауға алғанымен, олардың ішінде жай жүрген азаматтар да ілігіп кеткен. Ұсталып, тергеуге алынғандардың 300-ден астамына осы күнге дейін сот үкімі шықты. Ал күдікті ретінде әлі күнге дейін қамауда жатқандар жарты мыңнан асады. Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылған. Аракідік азаптау фактілері елге тарап жатты. Бірақ азаптаушылардың бәрі жауапқа тартылды деп айту да қиын. Себебі азаптаушылардың үстерінен 234 іс қозғалған еді. Әзірге бұл істе 11 адам ғана күдікті деп танылған.

Жалпы, елде қаңтар қайғысына байланысты 5 мыңнан аса сотқа дейінгі тергеу амалы тіркелген. Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болды деген ресми дерек бар. Одан бөлек, 8 адам тергеу изоляторында қайтыс болып кетіпті. Өкінішке қарай опат болғандардың есімдерін мемлекет әлі күнге жариялаған жоқ.

Қаза болған жай азаматтардың тізімі әлі күнге жарияланбай келе жатқанын жоғарыда айттық. Ал Азаттық радиосы қаза болғандарды анықтаумен айналысып, тізім жасады және өзінің сайтына орналастырды. "Қанды қаңтар құрбандары" деп аталатын арнайы жобада қазір 188 адамның аты-жөні бар. Деректен құрбандардың жасы, оқиға орны, қазасының себептері жайлы мәліметті оқуға да болады. Жобадағы ақпараттар үнемі толықтырылып отырады. 1 маусымда Алматыда жобаның таныстырылымы өтті. Жиынға қаза болғандардың туыстары барды. Жобаны жүргізушілердің сөзіне қарағанда, қаза болғандар ресми аталған саннан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Құқық қорғау органдарының мәлімдеуіне қарағанда, қайғылы қаңтар кезінде Алматыға өзге аймақтардан 10 мыңдай адам жиналған көрінеді. Олар түрлі мессенджер арқылы келісіп, уағдаласқан деген тұжырым айтылды. Қайғылы қаңтар күндері әр чатта берісі 100, арысы 5 мыңнан аса адам отырған. Құқық қорғау органдарының ақпараттары Президенттің резиденциясын, қала әкімдігінің ғимаратын, әуежайды басып алуды жоспарлары чатта пісіп жетілген дегенге саяды.

Бұған дейін қаңтар оқиғасы кезінде полицейлерге қарай оқ атқан снайперлер төртеу болғаны айтылған. Олардың бірі қаза болып, тексерілген. Бірақ қаза болған снайпердің кім екені, қайдан келген адам болғаны, ұлты мен қай елдің азаматы екені жайлы ақпарат айтылмады. Ал одан бөлек үш снайпер ізін суытып кеткен, олардың да кім екендері белгісіз. Осылайша 5 ай өтсе де жауабынан сұрағы көп қасірет болып тұр.

Қызылорда, Атырау облыстарында полицейлер өздеріне шабуыл жасаушыларға амалсыздан оқ атты деген деректер бар. Ал, керісінше, ешбір қарсы әрекет танытпай, істі болған полиция қызметкерлері де болды. 5 қаңтарда Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында екі полиция департаменті мен үш ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимараттарын ашық-шашық қалдырып кетуінің салдарынан қару-жарақ оп-оңай тонауға ұшыраған.  Мұндай немқұрайдылық, мүмкін қасақана әрекеттері үшін бір топ құқық қорғау органы қызметкерлерінің үстінен 9 қылмыстық іс қозғалған. Полиция қызметкерлерінің осындай әрекетсіздік таныту фактілері Алматыда да болған, ұсталып, қамалған.

"Қазақстан халқына" қоры әзірге қайылы қаңтар құрбандарының отбасыларын қаржылай қолдауға толық кіріспей отыр. Осы күнге дейін бар-жоғы 19 адамның отбасына өтемақы төленді. Әрине, өтемақы алу үшін құрбан болған адамның туыстарынан қорға өтініш түсуі керек. Өтініштерін құзырлы органдар растап бергеннен кейін ғана көмек көрсетілуге жататын отбасылардың тізіміне енгізіледі.

Қаңтар оқиғасынан кейін шаш ал десе бас алушылықтың да орын алғанын ешкім жасыра алмайды. Сондай әрекеттің салдарынан талай адам жазықсыз жапа шекті. Қазақстан азаматтарын айтпағанның өзінде шет елден келгендер де құрыққа түсіп жатты. Мысалы, Шымкентте жұмыс істеп жүрген Нигерия азаматына полицейлер лаңкес деген кінә тағыпты. Өзінің таратқан ақпаратына қарағанда, оны бетперде киген адамдар тоқтатып, терроршысың, лаңкессің деп бопсалапты. Ақыры бар қаражатын тартып алып, өзін қоя берген көрінеді. Ал ол қарапайым мұғалім екен. Шымкентке келіп, ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген адам болып шықты. Қара нәсілді адам да каңтар қырғынында зардап шеккен осындай да сәттер болған екен.

Ал күні кеше Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, қаза тапқан Айкөркем Мелдеханның муралы пайда болған еді. Бір күн өтпей жергілікті билік суретті жою туралы шешім қабылдапты.

Суретті кімнің салғаны белгісіз, сонымен қоса қабырғада Айкөркемнің әкесінің қызына арнап шығарған "Қай аға маған оқ атқан?" өлеңінің сөзі жазылған.

Естеріңізде болса, төрт жасар Айкөркем отбасымен бірге азық-түлік алуға бара жатқан кезде оққа ұшқан. Ал оның 16 жастағы әпкесі жараланған еді. Көлікке нақты кімнің оқ атқаны әлі күнге дейін анықталған жоқ.

Қаңтар қайғысы елімізге үлкен сабақ болды. Тек ұлттық қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдары өз міндетін аса қырағылықпен атқарса жақсы.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу