Қазақстанда жасөспірімдер арасында суицид саны азайып келеді

2511

Мұндай деректерді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жариялады.

Қазақстанда жасөспірімдер арасында суицид саны азайып келеді

Өздеріңіз білетіндей, 14 ақпанда Ұлттық комиссия бір жылғы жұмысын қорытындылады. Отырыста оның төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева "өткен жыл ұлттық комиссия үшін сапалы өзгерістермен, жұмыстың трансформациялануымен есте қалды" деп атап өтті. 

Атап айтқанда, ана мен бала өлімі мен кәмелетке толмағандар арасындағы суицид бойынша қабылданып жатқан алдын алу шараларының нәтижесінде осы салалардағы жағдай тұрақтала бастады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі көрсеткішінің 2,6 есеге, сәби өлімі көрсеткішінің 3%-ға төмендеуі тіркелді. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер саны өткен жылы 11%-ға кемісе, оған талпынғандардың саны 17%-ға азайған.

Өскелең ұрпақ арасында суицидтің азайғанына дәлел болар сандар мені қуантпай қоймайды. Себебі бұл тақырыппен бірнеше жыл айналысып келемін және Қазақстан, өкінішке орай, суицид деңгейі жоғары елдердің қатарында екенін ескерсек, мұндай жаңалық көңіл көншітетіні рас. Әрине, түрлі деректер келтіріледі, бірақ біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сілтеме жасай отырып, Денсаулық сақтау министрлігі келтіретін мәліметтерге жүгінетін болсақ, онда біздің еліміз суицид бойынша әлем халықтарының арасында 20-шы орында және 10-19 жас аралығында өзін-өзіне қол жұмсаудан 10-шы орында тұр. Жағдайдың қандай екені айтпаса да, түсінікті, сандар сөйлейді. Мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар жас ұрпақты осындай қайғылы қадамдардан қорғау үшін бірлесе отырып, бұдан да көп жұмыс жасауы керек.

Медиа менеджер әрі БАҚ басшысы ретінде мен бұл мәселеде журналистер де үлкен рөл атқаратынын еске салғым келеді. Біз өз басылымдарымызда БАҚ-та суицид оқиғаларын жауапкершілікпен жариялау саясатын ұстанамыз және әріптестерімізді осыған шақырамыз. Жақында осы тақырыпта Еуропалық Одақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының, кәсіби қоғамдастық өкілдерінің – қазақстандық суицидологтардың қатысуымен конференция өткіздік. Кейінірек Қазақстандық Медиа Альянс БАҚ-та өз-өзіне қол жұмсау жағдайларын ерекше жауапкершілікпен жариялау бойынша ұсынымдар әзірледі. Менің ойымша, бұл декларацияның кәсіби журналистік қоғамдастыққа пайдасы тиеді. 

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қоғамдық кеңістікте суицидті жариялаудың негізгі ережелерін еске саламын. Сонымен, жалпы қабылданған ережелер келесідей: интернет-ресурстарда суицид немесе өзін-өзі өлтіру әрекеті туралы хабарлама басты беттің озық материалы ретінде орналастырылмайды, әлеуметтік желілерде суицидтік материалдарға гиперсілтемелер пайдаланылмайды. Теледидар мен радионың сюжеттері жаңалықтар шығарылымының соңында орналастырылуы керек. Газеттерде хабарлама оның ішкі беттерінде орналасуы тиіс.

Егер қоғам арасында танымал, белді адам өз-өзіне қол жұмсаса, басылымдардың жауапкершілігі екі еселенеді, өйткені мұндай хабарламалар еліктеуге бейім адамдарды суицидке итермелеуі мүмкін.

Сосын тақырып жазғанда "сенсациядан" аулақ болу керек. Суицид туралы айтқанда айқайлаған сөздер қолдануға болмайды.

Сондай-ақ, журналистердің материалдарында өмірімен қоштасуды ойлап жүрген жандар қоңырау шалып, білікті қолдау ала алатын Сенім телефондары көрсетілуі керек.

Қазақстан бойынша келесі телефон нөмірлері арқылы көмек алуға болады: 111, 112, 150, Астанада – 8 (7172) 54-76-03.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу