Бұл елге деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бірақ осыған қарап "Қазақстан туристік әлеуетін толық пайдаланып отыр" деп айту әлі ерте. Бізде табиғат, мәдениет, тарих жағынан мүмкіндік өте көп. Таулар, шөл, көлдер, көне қалалар – бәрі бар. Алайда сол байлықты турист үшін ыңғайлы, түсінікті әрі қолжетімді өнімге айналдыру жағы әлі де әлсіз. Көп жағдайда турист келгісі келеді, бірақ жол, сервис, ақпарат, логистика мәселелеріне тап болады.
Ең алдымен, инфрақұрылымға көңіл бөлу керек. Туристік нысандарға апаратын жол, қоғамдық көлік, әуежай мен вокзалдар, санитарлық жағдай – бәрі маңызды. Турист жай ғана әдемі жерді емес, сол жерге оңай жетуді және жайлы қызметті іздейді. Алматы, Астанада бәрі жақсы болуы мүмкін. Аймақтардағы инфрақұрылымды реттеу керек.
Екінші мәселе – сервис пен кадрлар. Қызмет көрсету мәдениеті, тіл білетін гидтер, қонақ үй мен тамақтану орындарының сапасы халықаралық деңгейге жақындауы тиіс. Мықты мамандардың санын көбейте беру керек. Бұл – туризмдегі шешуші факторлардың бірі. Үшіншіден, Қазақстанды әлемге дұрыс таныта білу қажет. Біз көбіне өзіміз үшін жарнама жасаймыз, ал шетелдік туристің көзімен ойлау аз. Нақты нарыққа бағытталған, жүйелі халықаралық маркетинг керек. Қысқасы, Bloomberg рейтингі – бұл жетістік, бірақ ол бізге "бәрі дайын" деген емес, керісінше "мүмкіндік бар, енді соны дұрыс пайдалану керек" деген сигнал. Егер инфрақұрылым, сервис және халықаралық ілгерілету қатар дамыса, Қазақстан алдағы жылдары расымен де мықты туристік бағытқа айнала алады.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін