Сарапшылар мұны 2 негізгі фактормен байланыстырады. Біріншісі – карантин кезеңінде отбасылардың үйде көбірек уақыт өткізуі. Екіншісі – 2020 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жаңа жәрдемақының енгізілуі. Сол кезеңде төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тұрақты төлемдер қарастырылды. Демографтардың пікірінше, бұл да туу көрсеткішінің артуына белгілі бір деңгейде ықпал етті.
Келесі жылы мектепке баратын балаларды демографтар "пандемия балалары" деп атайды. Себебі, 2020-2021 жылдары Қазақстанда туу көрсеткіші тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейлердің біріне жетті. Әсіресе, 2021 жыл рекордтық жыл ретінде есте қалды.
2020 жылы туған балалар биыл бірінші сыныпқа барса, 2021 жылғы балалар келесі жылы мектеп табалдырығын аттайды. Бұл жағдай ең алдымен білім беру инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіреді. Әсіресе, мектептердегі орын тапшылығы мәселесі өзекті болмақ. Мұндай қиындықтар көбіне халық көп шоғырланған Алматы мен Астана сияқты мегаполистерде байқалады.
Мысалы, соңғы жылдары Астанадағы бірқатар мектепте бірінші сыныпқа қабылдау кезінде орын жетіспеушілігіне байланысты дау-дамайлар туындады. Кейбір мектептерде сыныптағы бала саны шектелгендіктен, ата-аналар тұрғылықты жеріне жақын мектепке балаларын орналастыра алмай қалды.
Мемлекеттік мектептер барлық тіркелген оқушыны қабылдауға міндетті болғандықтан, кей жағдайда сыныптардағы бала саны 30-35 оқушыға дейін жетеді. Ал бұл білім сапасына әсер етпей қоймайды. Әсіресе, бастауыш сыныптарда әр балаға жеке көңіл бөлу маңызды саналғандықтан, сыныптағы оқушы санының шамадан тыс көп болуы оқыту тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін