Көп адам қаржы нарығының қалай жұмыс істейтінін білмейді

188

Қаржы пирамидаларының көбеюінің экономикалық, әлеуметтік факторлары бар. 

Көп адам қаржы нарығының қалай жұмыс істейтінін білмейді

Біріншіден, экономикалық себептер ретінде табыстың төмендігі мен жұмыссыздықты айтуға болады. Адамдарда табысты көбейту мүмкіндігі аз болғанда жоғары табысты уәде ететін кез келген жобаға сенім арта бастайды. Инвестициялық мәдениеттің әлсіздігін айтуға болады. Яғни, азаматтардың көпшілігі заңды инвестицияның құралдарын, яғни акция, облигацияны түсінбегендіктен, жоғары табыс схемаларына жақын болады. Қаржылық реттеудің кешігуі, яғни кейбір компаниялар өздерін заңды инвестициялық жоба ретінде көрсетіп, бақылаудан тыс жұмыс жасап жатады.

Әлеуметтік себептеріне сенім мен таныстық факторы жатады. Пирамидалар көбінесе туыс, дос, көрші арқылы тарайды. Бұл адамдардың күмәнін азайтады. Екіншіден, әлеуметтік желі мен интернеттің ықпалы. Онлайн жарнамалар мен жалған пікірлер жаппай сенім атмосферасын қалыптастырады. 

Психологиялық тұрғыдан адам үміт пен тәуекелдің арасында шешім қабылдайды. Одан кейін тәжірибенің жоқтығы. Көп адам қаржы нарығының қалай жұмыс істейтінін білмейді, жылдам табыс пен инвестиция ұғымдарының айырмашылығын түсінбейді. Көпшілік эффектісі деген бар. Яғни, егер айналадағы бірнеше адам пайда тапқанын айтса, адам олардан қалыс қалмау керек деп ойлайды. Сосын ақпараттық манипуляция деген бар. Пирамидалар кәсіби маркетингті, жасанды табыс оқиғаларын және жалған сертификаттарды да пайдаланады. 

Қаржы пирамидаларына алданып қалмау үшін халыққа қандай білім мен ақпарат жетіспейді дегенге келсек, қаржылық сауаттылықтың базалық деңгейі төмен. Көпшілік табыстың қайдан және қалай пайда болатынын түсінбейді, заңды және заңсыз инвестиция түрлерін ажырата алмайды, тәуекел мен табыс арақатынасын бағалай алмайды. Ақпараттық жетіспеушілік деген де бар, яғни, азаматтар пирамидалардың тізімін, лицензиясы бар ұйымдар туралы ресми мәліметтерді қайдан табуға болатынын да білмейді. Сол үшін де ең тиімді шешім бұл жүйелі білім беру, мектеп пен колледж бағдарламаларына қаржылық сауаттылық пәнін енгізуді қолға алу. Ал ересектер үшін онлайн курстар мен шағын жобалар, мысалы, жалған инвестицияны қалай тануға болады деген сияқты жұмыстар жасау, мемлекеттік органдар мен банктердің біріктірілген ақпараттық платформасын құру. Қаржы пирамидаларының мәселесін түбегейлі шешу мүмкін бе дегенге келсек, әрине, толық жою қиын, бірақ едәуір азайтуға болады. Қаржы сауаттылығы мен цифрлық мәдениет жүйелі түрде дамытса, құқықтық жауапкершілік күшейтіліп, ұйымдастырушыларға нақты жаза қолданылса, ақпараттық бақылау, яғни интернет, әлеуметтік желілердегі блогерлік жарнамаларға бақылау тиімді жүргізілсе, бұның жолдары осылар деп ойлаймын.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу