Құрылтай – сіз бен біз ойлап тапқан атау емес

169

Президент жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынғаны белгілі. Кезінде Жоғарғы кеңес болды, оның атын Мәжіліс деп өзгертті. 

Құрылтай – сіз бен біз ойлап тапқан атау емес

Мәжіліс, Мәслихат, Құрылтай бүгін сіз бен біз ойлап тапқан атаулар емес, бұлар – тарихи атаулар. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Депутаттардың саны 145 болады деп айтылды. Депутаттардың санын жүзден асырмаған дұрыс болар еді деп ойлаймын. Неге десеңіз, ол депутаттардан басқа Парламент құрамында комитеттер, бөлімдер, хатшылықтар бар. Олар депутаттардың жұмысына көмектесіп отырады, олардың негізгі жұмыстары сол. Бұл мәселе әлі де талқыға түсетін шығар, бәлкім, сонда тағы да бір таразы басына салып, қаралар. Ал Сенатқа келер болсақ, ол өзінің функциясын толыққанды орындап, тиісті міндетін орындап бітті деп санаймын. Әрине, Парламенттің бір палаталы ықшамды болғаны бізді қуантады, заң қабылдау жұмыстары тезірек жүреді, әрі сапасы да арта түседі. Менің ойымша, бір палаталы Парламент кәсіби Парламентке айналады деп үміттенемін.  

Кеше Президентіміз айтқандай, Халық кеңесі құрылатыны белгілі болды. Бұны жаңа мемлекеттік орган деп қараған дұрыс емес шығар. Себебі, Қазақстан халық ассамблеясы да, Ұлттық құрылтай да мемлекеттік орган емес, олар қоғамдық консультативті жиын, ұйым болды. Қазіргі жағдайда ол екеуінің орнына Халық кеңесінің құрылуы жаңа қоғамдық кеңес ұйымы болады. Негізгі мақсат – халықтың үнін естуге тырысатын реформаларды жасау деп ойлаймын. Ұлттық құрылтайдағы негізгі өзекті мәселе осы. Жалпы алғанда, Президент Парламенттік реформаларға ерекше тоқталды.  

Бұрын Қазақстан халық ассамблеясынан депутаттық орындар берілетін, әрі Президенттің квотасы болатын. Олар енді болмайтын болды. Бұған өте қуанамыз, әрі дұрыс шешім деп санаймыз. Неге десеңіз, квотамен өткеннен кейін сайлау тікелей болмайды, оларды сайлауға халық тікелей қатыспайды. Ал депутаттық орын әділ болу үшін бәріне бірдей жағдайда тікелей сайлау болу керек қой. Сол тәртіп енді қалыптасатын болды. Вице-президент институты пайда болып, бұрынғы Мемлекеттік хатшы, кейінгі Мемлекеттік кеңесші лауазымының қысқартылуы да мемлекеттік басқару мен Президент жұмысына оң септігін тигізеді деп сенімдеміз. Өйткені вице-президентке берілетін құзыреттер мен жүктелетін жұмыстар соны меңзеп тұр.

Жалпы айтқанда, бұл Ұлттық құрылтайдағы айтылған ойлар мен ұсыныстар бізге алда үлкен саяси-қоғамдық өзгерістер мен мемлекеттік құрылымның жаңа түрде басқару жүйесінің жобасын ұсынып отыр деп қабылдап, соған дәйекті де сапалы түрде дайындалу керекпіз.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу