Алайда осы сөзге байланысты "құрылтай моңғол тілінен келген" деген пікір де қатар айтыла бастады. Бұл тұжырым – тарихи және тілдік тұрғыдан мүлде қате.
Ең алдымен, "моңғол" деген ұғымның өзіне назар аударған жөн. Қазіргі мағынадағы моңғол ұлты бір сәтте пайда бола салған жоқ. Ерте кезеңдерде бұл атау жеке халықты емес, тайпалар одағы мен саяси бірлестікті білдірді. Шыңғыс хан тұсында "моңғол" атымен біріккен қауымның басым бөлігі керей, найман, қоңырат, жалайыр, меркіт, уақ сияқты түркітілдес тайпалардан құралды. Демек, бұл атау сол дәуірде этностық емес, саяси мәнге ие болды. Тіл мәселесіне келгенде де осы жағдай ескерілуі керек. Моңғол тілі көне түркі тілдерінен мүлде бөлек, дербес бастаудан туған жүйе емес. Ол Ұлы дала кеңістігіндегі ортақ тілдік, мәдени ортада қалыптасты. Ғасырлар бойы бірге көшіп-қонып, бірдей өмір салтын ұстанған қауымдардың тілінде ортақ ұғымдар мен атаулардың болуы – заңды құбылыс. Мұндай сөздер жалғыз құрылтай ғана емес хан, қаған, орда, ұлыс, түмен, қол, жасақ, қараша т.б толып жатыр. Мұндай сөздерді "менікі" немесе "оныкі" деу үстірт пікір болмақ.
Құрылтай сөзінің этимологиясы түркітілдік негізден тарайды. Сөздің негізгі түбірі – құр. Бұл етістік көне және қазіргі түркі тілдерінде: жинау, біріктіру, ұйымдастыру, орнату, құрау деген мағыналарды білдіреді. Мысалы: құру, құрылым, құрылыс т.б. Сөзжасамдық құрамы: құр- + -ыл- + -тай, -ыл- – ортақ, өзара жүзеге асатын әрекетті білдіретін етістік жұрнақ; -тай – көне түркі тілдерінде: жиын, кеңес, салтанат, (қазіргі тілімізде той) ортақ іс-шара атауын жасайтын өнімді жұрнақ. Осылайша құрылтай – бірігіп құрылатын, жиналып ұйымдастырылатын ортақ кеңес, жиын деген ұғымды білдіреді. Яғни Құрылтай – түркі тілінде морфологиялық тұрғыдан толық талданатын төл тұлға, ал моңғолша хуралтай – сол ортақ ұғымның моңғол тілдік жүйеге бейімделген нұсқасы. Морфологиялық талдау келмейді, келсе де мағынаға түспейді. Олай деп айтатынымыз моңғол тілінде -тай / -тэй: "бар, ие" деген сын есім жұрнағы (мөнгөтэй – ақшалы, нэртэй – атақты) Бірақ ол жиын, мекеме, кеңес атауын жасауға тұрақты түрде қатыспайды. Моңғол тілі сөздігінен "хуралтай" сөзін тауып алып құрылтай сөзі моңғол тілінен келді деу ғылымилыққа жат.
Құрылтайдың Шыңғыс хан дәуірінде кең танылғаны рас. Бірақ белгілі бір кезеңде кең таралған ұғымды сол дәуірде ғана пайда болды деу – қате. Көптеген көне атау бір уақытта ғана тарих сахнасына шығып, кейін бүкіл кеңістікке жайылады. Бұл олардың сол кезде туғанын емес, сол кезде мойындалғанын көрсетеді. Қазақ дәстүріндегі "тағанақ кеңес", "тұрымтай кеңес" сияқты атаулар да құрылтай ұғымының ішкі дамуын дәлелдейді. Мұндай атаулар сырттан дайын күйінде алынған жүйеге емес, жергілікті қоғамдық тәжірибеге тән. Осы тұрғыдан алғанда, құрылтайды моңғол тілінен келген кірме сөз деу – тарихи сабақтастықты ескермейтін үстірт пайым. Құрылтай – Ұлы далада қалыптасқан, түркі дүниетанымынан шыққан, ел басқару мәдениетінің төл ұғымы. Оны осылай тану – тек тіл мәселесі емес, ұлттық тарихи сананы дұрыс қалыптастырудың да бір жолы.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін