Қытайға қарсы теріс көзқарас неге өршіп кетті?

9376

Мұның 3 себебі бар. 

Қытайға қарсы теріс көзқарас неге өршіп кетті?

Еліміздің бірнеше қаласында қытай зауыттарының салынуына қарсылық танытушы адамдар митингке шыққан еді. Осындай толқулардың орын алуының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, халық Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларынан бейхабар. Қарсылық осының салдарынан туындап отыр. Үкімет басындағылар үнемі Қазақстанның Қытаймен экономикалық қарым-қатынасы күшейгенін, түрлі келісімшарттар жасалып жатқанын айтады. Бірақ халыққа ештеңе түсіндірмейді.

Қытаймен бірлескен жобалардың мақсаты не, ел үшін пайдасы қандай деген сұрақтар жауапсыз қалады. Ал халық мұны білгісі келеді. Қоғамда Қытай бизнесінен Қазақстанға төнер қауіп бар ма, жоқ па деген көкейкесті сұрақ бар. Бірлескен кәсіпорындарға Қытайдан жұмыс күші келе ме? Қытайда салуға рұқсат етілмеген зауыттар Қазақстанда салына ма? Билік осы сұрақтарға жауап берсе, халық тынышталады. Себебі оның көкейіндегі күмән мен күдік сейіледі. Өкінішке қарай, жоғарыдағы сұрақтарға күні бүгінге дейін ресми жауап берілген жоқ.

Сонымен қатар, Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстанда антиқытайлық көңіл-күйдің басым болуына тарихи негіз бар. Қазақ тарихының үлкен бір кезеңі жоңғарлармен болған соғыстардан тұрады. Ғасырлардан қалған ең ұзақ, қанды қырғындардың бірі жоңғарлармен болғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Жоңғарлардың артында Қытай тұрды, олар жоңғарларға қолдау көрсетті. Сол себепті біздің елде Қытай десе ең әуелі көз алдымызға қауіп елестейді. Бұл кейбір адамдар айтып жүргендей  WhatsApp желісімен тараған хабарламаларға қатысты қарапайым нәрсе емес.

Қытайда "қайта тәрбиелеу лагерьлерінің" ашылуы да қазақстандықтардың қарсылығын туғызып отыр. Қытай үкіметі Шыңжаң ұйғыр автономиялық округінде "қайта тәрбиелеу лагерлері" деп аталатын орындарға басқа этникалық топтармен қатар жергілікті қазақтарды да кіргізіп, халық арасындағы Қытайға деген теріс көзқарасты өршітіп алды. Осы мәселелердің барлығы қордаланып, бірінің үстіне бірі жамалуда.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу