Стресс жағдайда жүруі, жалғыз қалуы, жақынын жоғалтуы, жұмыссыздық не болмаса қарызға кіріп кетуі, қысымға ұшырауы мүмкін. Адамдар тығырыққа тірелген кезде тез арада табыс табудың жолын іздейді. Несие алады, одан кейін қарызға кіріп кетеді, оның пайызы өседі. Бастапқы кезде тапқан айлығының өзі қарыз сомасының аз ғана бөлігін беруге жетеді де, адам басқа жол іздей бастайды. Сол кезде тез арада баюдың жолы бәс тігу деп ойлайды, лоторея ойнап көреді. Мысалы, 5 мың теңге салып, 10 мың теңге ұтуы, кейде сол салған ақшасын қайтып алуы да мүмкін. Жүрегінде "мен мүмкін миллион тауып қалармын" деген үміт болады. Одан кейін футболға немесе қосымша тағы бір ойындарға ставка қоя бастайды. "Ақшаңызды жақсы айналдырып бере аламын" деген арнайы хабарламалар болады. Қазір "ставканы кім ұтатынын айтып беремін" деп айтатын эксперт өте көп. Олар да лудомандардың санын көбейтіп жатыр деп айтуға болады.
Лудомания тәуелділіктің түрі болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны айықпайтын, нашақорлықпен бірдей дерт деп қарастырады. Ерік-жігері әлсіз адам егер бір тәуелділікке ұшыраған болса, оның әр түріне ауыса береді екен. Мысалы, ішкілікке салынып кеткен адам ойынқұмарлыққа кірсе, ішкілігін қойып кетуі мүмкін. Яғни бір тәуелділіктен екіншіге ауысу деп айтуға болады. Келесі бір кезең – психикалық бұзылыстар.
Жағдайы жоқ жұмыссыздардан бастап қалталылар да, қызметте жүргендер де, шенеуніктер де ойнауы мүмкін. Сондықтан да табысы жоғары не төмен деп бөлінбейді. Тезірек табыс тапсам екен деген оймен ойынқұмарлыққа кіріп жатқанның барлығын есін жоғалтқан лудомандар деп айтпаймыз, бірақ кәсіби ойынқұмарлар болуы да мүмкін. Оқушылар 100-500 теңге салатын болса, студенттер – 2-3 мың теңге, ал қызметтегілер 10 мың теңгеден бастап, жағдайы жақсылар 100 мың теңгеден қоюы мүмкін деп кете береді.
ДДСҰ лудоманияны емделмейтін ауру деп айтқан. Десек те, бәрі адамның өзіне байланысты. Имандылыққа келу, діни жолдар арқылы нашақорлықтан да, ойынқұмарлықтан да шығып жатқандар бар. Екінші жолы – психоневрологиялық диспансерде арнайы емделіп, сонда 3 айдан 6 айға дейін болу, адам дұрыс ұйқы, қолөнер, сурет салу арқылы өзін-өзі алып шығуына болады. Өкінішке қарай, лудоманиядан айығу өте қиын.
Лудомандар – өте жақсы манипуляторлар, адамды сендіре алады, бәс тігер кезде өзінің ұтатынына да сенеді.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін