14 қараша - Жамбыл облысы; 15-16 қараша – Шымкент қаласы; 17 қараша - Түркістан облысы; 18-19 қараша – Қызылорда облысы. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
"2022 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетіні баршаға мәлім.
Мен Президенттікке кандидат Қ.К.Тоқаевтың сенімді тұлғасы ретінде біздің кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау екенін еске салғым келеді.
Биыл ақпан айында өткен кәсіпкерлермен кездесуде Мемлекет басшысы экономикалық саясатты қайта жандандыру қажет екенін, жаңа "ойын ережелері" - неғұрлым адал, ашық әрі әділ болуы тиіс екенін атап өтті. Президент бизнес-қауымдастықты жаңа экономикалық саясат құру үшін бірлескен жұмысты атқаруға шақырды.
Президент шаралары мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың шынымен жолға қойылғанының дәлелі болып отыр. Өйткені ол әр тоқсан сайын кәсіпкерлермен бизнесті қолдау мәселелері бойынша кездесу өткізеді.
Үкімет жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесін құруды тапсырды, әлеуметтік-экономикалық реформалардың әрбір бағыты бойынша бизнес өкілдерінің қатысуымен жобалау топтарын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мамыр айында Құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берді. Фискалдық саясатты жетілдіру жүріп жатыр. ҚР-да 2030 жылға дейін Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
Яғни нақты берілген тапсырмалар жүзеге асырылып жатыр.
Отандық кәсіпкерлер кеңесінің алаңы өте белсенді пайдаланылуда. Оған жетекшілік ететін вице-премьер Ерұлан Жамубаев апта сайын жиналған бизнес мәселелерінің тізілімі бойынша кездесіп, 3-4 өтінішті жүзеге асырады.
2022 жылғы 12 қарашадағы жағдай бойынша кәсіпкерлердің мәселелер тізілімінде 1122 сұрақ қамтылған. Оның ішінде – 634 немесе 56% шешілді, ҰКП қарауында – 357, ал мемлекеттік органдар қарауында – 83 сұрақ жатыр. Мемлекеттік органдармен 16 өтініш мақұлданып, 32-сі қабылданбады.
Аймақтық тізілімде 727 мәселе бар, оның 579-ы (немесе 80%) шешілді.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы, сатып алу, логистика және тасымалдау, құрылыс және жер қатынастары салаларының шешімін таппаған мәселелері жетерлік.
Екі жыл бойы біз Үкіметпен бірлесіп Кәсіпкерлік қызметті реттеу саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу бойынша жұмыс істеп келе жатқанымызды атап өткім келеді.
Талаптарды сапалы қайта қарау үшін мемлекеттік органдар жанынан салалық жұмыс топтары құрылды. Мемлекет пен бизнестің диалогын орнату мақсатында мемлекеттік органдарға "Атамекен" ҰКП, бизнес пен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатарынан 100-ден астам салалық сарапшылар шақырылды.
Менің ойымша, мұндай игілікті істің басы-қасында жүру - ерекше мүмкіндік. Себебі іс жүзінде қандай талаптар орындалмайтынын, миға сыймайтынын немесе қайталана беретінін кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерден жақсы ешкім білмейді.
Кез келген бизнес өкілі жұмыс тобына қосыла алады, сәйкесінше талаптарды қайта қарауға қатыса алады. Ол үшін "Атамекен" ҰКП жобалық тобының өкілдеріне хат жазу немесе қоңырау шалу қажет, - деп жазды Рустам Жүрсінов.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін