Мемлекеттік көмекті жалғастыру қажет

Биыл мемлекет тарапынан дайындаушы ұйымдарға қолдау көрсетудің мерзімі аяқталады. 

Мемлекеттік көмекті жалғастыру қажет

Бүгінгі күні жөндеу немесе өңдеу үшін өнімдерді қабылдау, сұрыптау, сақтау тәрізді кәсіппен шұғылданатын дайындаушы ұйымдардың "алғашқы қосымша құн салығы (ҚҚС)" мәселесін шешу үшін мемлекет өз тарапынан қолдау көрсетіп жатыр. Яғни дайындаушы ұйымдардың төлейтін қосымша құн салығы субсидияланады.

Дегенмен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары – басқарма мүшесі Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, биыл осындай мемлекеттік көмек көрсетудің мерзімі аяқталады. Бұл тек дайындаушы ұйымдардың ғана емес, жеке қосалқы шаруашылықтар қызметіне де тікелей әсер етпек.

"Бұл бағдарламаны жүзеге асыру 2016 жылы басталды. Республикалық бюджет шығынының динамикасы 2016 жылы – 137,8 млн теңге, 2017 жылы – 474,3 млн теңге, 2018 жылы – 670,1 млн теңге, 2019 жылы – 809,6 млн теңге болса, 2020 жылға 1 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған", – деп нақты деректер келтіре отырып, Эльдар Жұмағазиев бүгінгі күні осы сала қолдауға мұқтаж екенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қазіргі таңда көкөніс, жеміс, тірі мал, ет тәрізді ауылшаруашылық өнімдерінің 27 түрін дайындау, сақтау, тасымалдау мен сатуды жүзеге асыру үшін ҚҚС субсидиялау заңмен мақұлданған.

"Дайындаушы ұйымдар кәсібіне инвестициялар салды, сүт қабылдау бекеттерін орнатты, өздерінің инфрақұрылымдық желісін құрды. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл өз кезегінде сүтті малды бағу, азықтандыру және сауу ережелерін сүт тапсырушыларға үйрету арқылы май құрамы, микробиологиялық көрсеткіштері және т.б. сипаттары бойынша сүт сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Көптеген дайындаушылар оларға сүт сауу аппаратын тауарлық несие ретінде де беруде. Мәселен, Қарағанды облысындағы "Ауыл сүті" ЖШС 400-ден астам үй шаруашылығына сүт сауатын аппарат табыстады. Ал мал жинаумен айналысатын кәсіпорындар жайлы ерекше сөз қозғауға болады. Жамбыл облысындағы "Kaz Meat Kordai" ЖШС халықтан мал сатып алады да, оларды бордақылап, сиыр етін Алматы қаласына жеткізеді. Мұндай мысалдар өте көп", – дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі.

Басқарма мүшесінің сөзінше, өткен жылдан бері "Атамекен" ҰКП дайындаушы ұйымдарға ҚҚС субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдаудың мерзімін созу жөнінде заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше рет хат жолдаған.

"Биылғы жылдың маусым айында осы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері және бизнестің қатысуымен жұмыс кеңесін өткіздік. Жеткізушілер мен сатып алушылар алдындағы міндеттерді орындау үшін және кәсіпті дамытуға айналым қаражатының жетпеуіне байланысты, барлық дайындау ұйымы мемлекеттік қолдауды сақтап қалу қажет екенін білдірді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы "Алқаптан сөреге дейін" пилоттық жобасының басталғандығын жариялағаны белгілі. Жобада дайындау ұйымдарының рөлі айырықша маңызға ие. Ашығын айтқанда, бұл бағдарламаны оларсыз жүзеге асыру мүмкін емес!", – деп баса айтты ол.

Эльдар Жұмағазиев сөз соңында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкіметті дайындаушы ұйымдарға көмек көрсету мерзімін созу жөніндегі заңнамаға енгізілетін өзгерістерді қолдауға шақырды.
 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу