"Мемлекеттік тіл" деген терминді "ресми тіл" деп ауыстыру керек

152

Елімізде бір әлеуметтік лингвистикалық құбылыс байқалады: қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп заңдастырып қойып, билік пен зиялы қауым орыс тілін белсенді түрде қолдайды. 

"Мемлекеттік тіл" деген терминді "ресми тіл" деп ауыстыру керек

 

Осыған байланысты қоғамда ерекше субьмәдениеттің өкілдері – еуропаланған жастар мен өздерін "модернизацияланған" немесе дамыған деп санайтын халықтың қабаты пайда бола бастады. Мәдениеттердің бұлайша гибриттенуі халықты дамыған және артта қалғандар деп екі жікке жаруға әкелуі мүмкін.

Меніңше, біздің елде "мемлекеттік тіл" деген терминді "ресми тіл" деген терминмен ауыстыру керек (әлемдік тәжірибе солай). Өйткені "мемлекеттік тіл" деген – жасанды термин, ол міндетті түрде "ресми тіл" деген терминді қажет етіп тұрады. Біз конституцияға мың рет қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп жазғанмен, ол сонша рет "ресми тіл орыс тілі ме?" дегенді меңзеп тұрады. Сондықтан, Конституциядан бастап барлық құжатта "Қазақстанның ресми тілі – қазақ тілі" деп жазылуы керек. Сосын ресми тілді білу міндеттеледі. Ол міндеттелсе, оны оқыту өзінен-өзі қажеттілікке айналады. Сонда Қазақстанның ресми тілі – қазақ тілін жаппай оқытуға көшу туралы қаулы қабылданып, тұжырымдамалары жасалуы керек. Осы құжаттар негізінде балабақшада, бастауыш сыныпта, орта мектепте, колледждер мен жоғары оқу орындарында және елдің ересек тұрғындарына ресми тілді оқытудың жаңа стандарттары жасалуы қажет.

Тіл – прогресс пен дамудың маркері. Тіл маргиналданса, тілмен бірге автоматты түрде ұлттық әдебиет пен өнер де маргиналдануға ұшырайды.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу