Моңғолияда көтеріліске шыққандардың 90 пайызға жуығы жастар

1918

Моңғолия бүкіл тауар экспортының 86% Қытайға жөнелтіп отыр.

Моңғолияда көтеріліске шыққандардың 90 пайызға жуығы жастар

Моңғолияда халық дүр көтеріліп, абырой болғанда үш-төрт күн дегенде басылды. Қақаған аязды күндері көтеріліске шыққандардың 90 пайызға жуығы жастар. Негізінен алып қарағанда, бұл елдің халқында билікке қарсы келудің өзіндік мәдениеті бар сияқты. Нақты талапты қойды, талаптың орындалатынына көздері жеткеннен кейін бәсеңсіп барып тоқтады. Халық билікті төңкеріп тастаған жоқ. Қарқындарына қарағанда, билікті жаңқа құрлы көрмей аяғын аспаннан келтіруге елдің шамасы жететінін байқатты да қойды.

Соңғы үш-төрт күнде Моңғолияда халықтың наразылығы өтуіне Қытайға экспортталады деп жоспарланған көмірдің ұрлануы себеп болған. Халықтың бір топ өкілі  тіпті үкімет үйіне басып кірген. Оларды ұстап алған, бірақ соңынан босатып жіберген. Халықтың құқық қорғау органдарының өкілдерімен қақтығысқан сәттері де болған. Екі жай адам және құқық қорғау органдарының төрт қызметкері  жарақат алған. Екі жай адам халық нөпірінің кезінде қысылып қалған екен, оларды ешкім таяқтамаған. Адамдардың қаза болғаны туралы ақпарат жоқ.

Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекет соңғы уақытта 1,8 миллиард долларға сатылуы тиіс 6,5 миллион тонна көмірдің де, ақшаның да орнын сипап қалғаны туралы хабарлама жарияланған екен. Мұны естіген халық көтеріліп, Ұлан-Батырдың алаңына жиналған. Көмір мен ақша ұрыларын табуды және жазаға тартуды талап еткен. Себебі мұндай көлемдегі жемқорлық оқиғасының бір бұл ғана еместігін халық бұрыннан сезіп келген болса керек. Моңғолиядағы ірі кіріс көзі ретіндегі көмір өндірісі мен экспортымен айналысатын алпауыт компанияның акцияларын халық көп сатып алған. Ал сол көмірдің қолды болуы мен миллиардтаған доллардың ұрлануы моңғол халқын несібеден айыру болып табылады. Кейбір бағалаулар бойынша Моңғолияның жемқор шенеуніктері көмірден ұрлаған қаржының талай жылғы жалпы көлемі 13 миллиард долларға жақындаған.

Көмірді қытайға астыртын жолмен асырып пайдаға кенелудің схемасын ұйымдастырғандардың ішінде өндіріс басындағылар мен кейбір кәсіпорындардан бөлек, шенеуніктер мен депутаттар бар деседі. Халық солардың атын атап, жазалауды талап етіп шыққан. Ал бұлай етпесе аса ірі көлемдегі мұндай жемқорлық жалғаса береді емес пе? 

Моңғолия көтеріліп жатқан тұста Қытай билігі Моңғолиядағы бұл жемқорлыққа араласып,  жемқор атанған өз шенеуніктері мен кейбір салалардың қызметкерлерін ұстап, тергеп, өлім жазасына кесті. Бірқатар ақпарат көздері өлім жазасының табанда орындалғанын жазыпты. Қытай жемқорлықтың Моңғолия мен Қытай арасындағы бұл схемасына қатысқан Моңғолиядағы шенеуніктер мен түрлі сала қызметкерлерін тергеу кезінде анықтаған болса керек. Қытай басшылығы Моңғолия жемқорларының ұзын-сонар тізімін Моңғолияның үкімет басшысына жіберген. 

5-желтоқсанда Моңғолия парламенті жиналған мыңдаған адамды күштеп қуып тарату туралы шешім қабылдаған еді. Іле-шала Ұлан-Батыр қаласының басшысы да үкімет үйінің жанына жиналған халықты күштеп қуып тарату туралы қаулы қабылдаған. Бірақ күштеп қуып тарату оқиғасына жеткен жоқ. 6-желтоқсанда түске қарай халық өздігінен тарай бастаған.  News.mn деген жергілікті порталдың жазуынша, халық алаңнан кеткенімен Моңғолия жемқорларының тізімін жариялауды талап етуін тоқтатқан жоқ. 

Бұл жағдайда Моңғолияның президенті Ухнаагийн Хурэлсух салқынқандылық танытқан сияқты. Халықтың толқуын басында-ақ күштеп тарату немесе қару қолдану әрекеттеріне барған жоқ. Моңғолия президенті төтенше жағдай да енгізбеді. Соған қарағанда, аса ірі көлемдегі жемқорлықты ұйымдастырған, жасаған, халықтың миллиардтаған доллар қаржысын ұрлағандардың тізімі президенттің пәрменімен жарияланатын болса керек. "Настоящее время" телеарнасы Моңғолиядағы көмір кенішін иеленген "Эрдэнэс" мемлекеттік компаниясының еншілес кәсіпорны "Эрдэнэс Таван Толгой" акционерлік қоғамының өкілдеріне қатысты он қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

Моңғолия елі бүкіл тауар экспортының 86 пайызын Қытайға жөнелтіп отырады. Сол барша тауар экспортының жартысынан көбі көмір екен. Биылғы жыл басынан бері Қытайға 19 миллион тонна көмір асырған. Биылғы тоғыз айдың ішінде Қытайға 4,5 миллиард долларға көмір сатқан. Ал мұның сыртында көмірді Қытайға астыртын түрде сатумен, ал шекараның арғы жағында астыртын түрде алумен айналысқан ірі шенеуніктер мен кәсіпорындар болған деседі. Моңғолия халқы өндірген көмір мен сатылған көмірдің есебінде үлкен айырма барын байқаған соң көшеге жиналып, қарсылық білдірген. Пәленбай миллион тонна көміріміз қайда кетті деп мәселені көлденең қойғаны да сол. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу