Бұл концепция дұрыс, бірақ мен бұл тіркеске бір сөз қосар едім. Проблемалы қарызсыз қоғам деген. Себебі әлемде заманауи экономика несиеге дамуды көздейді. Барлық қарыз, несиеден біржола тазару мүмкін емес. Себебі әлемдік тенденция сондай – мемлекеттер, компаниялар, адамның бәрі қарыз алады. Ең бастысы қарызды жауапкершілігі бар, алған соманы қайда жұмсайтынын, оны қалай өтейтінін білетін адамдардың алуында.
Қарыз алатын адамдардың өзі бірнеше санатқа бөлінеді. Бірінші топқа жататындар қарызды қашан жабатынын білетіндер болса, екінші санаттағылар несиені шарасыздықтан алады. Себебі олардың басқа жолы жоқ. Қоғам қарыздан құтылсын десек, ең әуелі экономиканы тұрақтандыру керек. Яғни адам әрдайым жұмысқа тұра алатындай, ол несиені не үшін алатынын түсінетіндей.
Қарыз алушылардың тағы бір түрі бар. Олар қарызды еш себепсіз, кенеттен алады. Бұл топтағы адамдар ертең сол қарызды қалай төлейтінін түсінбей жатады. Сондықтан халықтың осы санатына қарыз беруді қазіргіге қарағанда қатаңдатқан дұрыс. Бұдан бөлек банктер, басқа да кредиттік ұйымдар қарыз бергенде де осы жайтты ескеру керек. Яғни адамдарды несиеге байламауы тиіс. Бұрын Альянс банк, Темір банк секілді қаржы ұйымдары адамдарға қарызды "таратып берді". "Несие алыңдар, түк те болмайды" деп айтты. Бұл – манипуляция. Бірақ екінші жағынан банктер адамдар мен компанияларға несие беру үшін жұмыс істейді. Бәріміз қарызсыз жүруіміз керек деп айтудың өзі де шындыққа сәйкес келмейді. Осы тұста халықтың сауатын арттыру керек. Бұл тек қаржы сауатына ғана қатысты емес. Екіншіден, тұрақты табысы жоқ азаматтарға несие берілмеген жөн. Үшіншіден, бұл ең маңыздысы, экономиканы тұрақтандыру қажет.
Адамдарға несие беруді шектейік деген әңгімелер жиі айтылады. Егер біз адамдардың қарыз алуына тыйым салатын болсақ, онда олар қайда барады? Бүкіл жолды жабатын болсақ, адамдар заңсыз несие ұйымдарына жүгінеді. Ондайлар көп. Бұл ресейлік онлайн құрылымдар болуы да әбден мүмкін. Олар солай жұмыс істейді. Несиені онлайн береді. Айтайын дегенім адамдарда әрдайым тығырықтан шығудың жолы болуы керек. Ондай болмаған жағдайда олар ұрлыққа, тонауға баруы да мүмкін. Осындай қауіп-қатерлер бар.
Жеке тұлғалардың жаппай несие алу үрдісіне келер болсақ, оған 7-8 жыл болған шығар. Біз барлығына несие беруге тыйым сала алмаймыз. Тіпті Солтүстік Кореяның өзінде заңсыз несие беру ұйымдары бар. Ал ашық қоғам қалыптасқан біздің елде олардың саны көп. Бір ғана тыйыммен ешқандай нәтижеге қол жеткізуге болмайды. Бізде несие терідегі "көпіршік" сияқты. Шын мәнінде дерттің түптамыры іште жатыр. Бұл жұмыс істейтіндердің "кедейлік" дерті. Бұл дегеніміз адамның таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істеп, лайықты өмірге ақша жетпеуінде. Елімізде ондай мысалдар көп. Яғни жалақысы аз жұмыстар жетерлік. Ал жалақыны арттыру дегеніміз инфляцияны тездетумен бірдей. Сол себептен осы мәселені шешуде экономикалық себептермен жұмыс істеу керек.
2019 жылы несие амнистиясы туралы Президенттің Жарлығы шыққан кезде онда амнистияға іліккен азаматтарға қайта қарыз беруге тыйым салу туралы тармақ болды. Кейін бұл тармақ алынып тасталды. Бұл дұрыс емес еді. О баста бұл амнистия жақсы бастама болған еді. Бірақ кейін сол қарызы кешірілгендерге тағы несие алуға рұқсат етілді. Несиені кешіруге болады. Ол үшін бізде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы арнайы заң бар. Меніңше, қазіргі нұсқасында бұл заң әлі шикілеу, ол өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Банкроттыққа өтініш берген азаматтардың 80 пайызының өтініші қанағаттандырылмады. Себебі ақпараттық сүйемелдеу жағы ақсап тұрды. Адамдар оның не үшін жасалып жатқанын, салдары қалай болатынын білмеді. Сондықтан да банкроттықты енгізу үшін ақпараттық жұмыс жақсы жүру қажет.
Кіріс көзі болмаса да адамдарға қарыз беріледі. Бұл оңай. Несиелердің көпшілігі ЖСН арқылы беріледі. Банктер, микрокредиттік ұйымдар табыс көзі жоқ, салық төлемейтін азаматтарға қарыз бермеуі мүмкін. Салық төлесең, несие аласың. Төлемесең, қарыз берілмейді. Бұл дұрыс бастама.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін