Мектептегі және қоғамдағы тәрбие жүйесі толыққанды былыққан. Шыққан өртті сөндірумен айналысу ешқашан нәтиже бермейді. Ол үшін мектептердің қоғамдық ортасын, білім саласындағы тәрбие жүйесін дұрыс қарауымыз керек. Мектептерде буллинг немесе төбелес болса, тәрбие жүйесі тек оны жабу деген мәселемен айналысады. Сондықтан бұл мәселе жуық арада түзеледі деп ойламаймы.
Соңғы жылдары әлеуметтік желі, ақпарат құралдарының арқасында шығып жатыр. Бұрын да болды. Бірақ көбі мектептің "ешкімге айтпаңдар" деген дүниесімен жабылды. Мен білім саласында жүрген 15 жылдан бері бұл мәселе бар. Ең алдымен білім және тәрбие жүйесін қайта қарастырып, нақты тетіктерін дұрыстау керек. Екіншіден, ақпараттық деңгейде қатыгездік тудыратын дүниені мемлекет мейлінше шектеп отыру керек. Қоғамда, ортамызда біз нені жарнамалап жүрміз, нені ақпараттық кеңістікте талқылап жатырмыз? Мысалы, бір Бишімбаевтың оқиғасын біздің ақпараттық қоғам бір жыл азық қылды. Тікелей эфирден көрсетті. Оның бәрі қоғамға дұрыс тәрбие ме? Иә, үлкендер одан сабақ алатын шығар, бірақ жас балалар ше? Керісінше, солай болады екен ғой деген ойға келмей ме?!
Оқушының үш жұрты бар. Егер олар толық дұрысталмаса, оқушы ешқашан дұрыс тұлға болып қалыптаспайды. Бұл отбасы, мектеп және қоғам. Қазір біз үшеуміз үш жаққа қарап отырмыз. Мемлекетте идеология жоқ.
TikTok-ты да, VK-ны де, "Одноклассникті" де шектеу керек. Бір TikTok-ты шектесең, келесі желіге өтіп кете береді. Сондықтан 18 жасқа толмаған балаларға барлық әлеуметтік желіні шектеу керек деп айтар едім.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін