Оңтүстік және батыс облыстарда халықтың табиғи өсімі жоғары

978

Қазақстанда жалпы халық саны өсіп жатқаннан кейін қолайлы демографиялық жағдай қалыптасты деп айтамыз.

Оңтүстік және батыс облыстарда халықтың табиғи өсімі жоғары

Соңғы онжылдықтың өзінде, 2013 пен 2023 жылдың арасында халықтың саны 16,7 пайызға өсті. Бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің арасында үлкен ерекшеліктер байқалады. Мысалы, демографиялық жағынан қолайлы, халық саны өте жоғары қарқында өсіп жатқан өңірлердің қатарын Астана қаласы бастап тұр. Соңғы оңжылдықтың өзінде елорда халқының саны 2 есеге таяу өскен. Одан кейін Алматы қаласы (48%-ға өсті), Шымкент қаласы (+34%), Маңғыстау облысы (33,9%-ға өсіп отыр) тұр. Осы аймақтарды демографиялық өсім жағынан қолайлы аймақтарға жатқызамыз. Еліміздегі солтүстік облыстарды демографиялық жағынан қолайсыз облыстарға жатқызамыз. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында аталған онжылдықтың өзінде халықтың саны 8 пайызға қысқарып отыр. Қостанай облысында 5,8 пайызға азайып отыр. Шығыста да халық саны қысқарып жатыр, бұл өңір Абай және ШҚО болып бөлінген. Бөлінгеннен кейін соңғы екі-үш жылдың өзінде ШҚО-да халық саны  0,8 пайызға азайды. Жаңа құрылған облыстар бойынша айтатын болсақ, Жетісу облысының демографиялық жағдайы аса қолайлы емес. Құрылған уақыттың ішінде халық саны 0,1 пайызға қысқарды. 2017 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Көші-қон саясаты әлі де осы облыстардың демографиялық жағдайына оң әсер тигізіп жатқан жоқ, яғни жеті жыл уақыт өтсе де, өңірлерден кетіп жатқан халықтың саны келіп жатқан халық санынан көбірек. Солтүстік Қазақстан облысында тіпті табиғи кему болып жатыр. Қайтыс болған адамдардың саны өмірге келген адамдардың санына қарағанда көбірек. Демографиялық қолайлы аймақтардың басында жоғарыда айтқан үш мегаполис тұр. Халықтың урбандалуы, яғни үлкен қалаларға ұмтылу процесі жүріп жатыр. Өңірлік миграцияны алып қарасақ та, өңірдің ішінде облыс орталығына ұмтылушылардың саны артқан. Біздің елде урбандалу процесінің осындай ерекшеліктері байқалады.

Екі-үш жылға қарап елімізде туу көрсеткіші төмендеп жатыр деп айту ерте. Өйткені бізде пандемия жылдары бейби бум, яғни туу көрсеткіші ерекше жоғары болды. Кез келген бейби бум бір-екі жылға ғана созылады. Одан кейін дәстүрлі түрде жалпы табиғи түрде туудың төмендеуі болады. Туу көрсеткіші әлі айтарлықтай төмендей қойған жоқ. 2021 жылы бір әйелге орта есеппен 3,32 баладан келетін болса, 2023 жылы туу көрсеткіші 2,96, яғни үшке таяу. Егер бір әйелге орта есеппен 2 баладан аз келетін болса жалпы дабыл қағатын жағдай туындайды. Жалпы қартаю процесі бізде де болып жатыр, ол бола береді. Өйткені халықтың өмір сүру ұзақтығы артып жатқан уақытта, қазіргі туу деңгейі көп болған кездердегі буындар қартайған кезде қартаю процесін бастан кешіреміз. Халықтың жалпы үлесінде 65 жас және одан жоғары жастағы адамдардың саны үлкейе береді. 2024 жылдың басындағы жас құрылымына қарасақ, 65 жас және одан жоғары халықтың үлесі 8,8 пайызды құрады. Демографиялық болжамды қарайтын болсақ, 2040 жылдары қартайған халықтың үлесі 12 пайызға жетеді екен. Бұл процесс жүре береді. Соның ішінде қолайсыз демографиялық жағдай қалыптасқан солтүстік облыстарда жедел жүреді.   Өңірлік жағынан үлкен ерекшеліктер бар. Туу көрсеткіші жоғары оңтүстік және батыс өңірлерде халықтың қартаю процесі төмен деңгейде болса, солтүстік облыстарда керісінше қартайған адамдардың үлесі одан екі есе жоғары.

Халықтың өлім-жітімі үлкен зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, еңбек жасындағы адамдардың өлім-жітім процесі статистикалық деректердің жариялануын қажет ететін мәселе. Бізде демографиядағы гендерлік алшақтық ер адам мен әйел адам арасындағы өлім-жітім деңгейінің алшақтығы. 2023 жылдың өзінде әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 79,5 жасқа келді, яғни сексенге жақындап қалды. Ер адамдарда 70,9 жас. Екеуінің арасында 8-9 жыл айырмашылық бар. Айта кету керек, халық саны бойынша ер адамдардың үлесі 49 пайыз болса, әйел адамдар 51 пайыз. Жас құрылымына келсек, шамамен 40 жасқа дейін ер адамдардың саны әйелдердің санынан басым болып келсе, 40 жастан кейін әйелдердің саны басым бола түседі. Бұл ер адамдардың өлім-жітім деңгейінің жоғары болуымен түсінідіріледі. Әсіресе, ер адамдардың сыртқы себептерге байланысты өлім жітім деңгейі әйелдерге қарағанда төрт есе жоғары.

Халық өсімі жалғаса береді. Біріншіден, туу көрсеткіші жоғары болғандықтан да, бізде табиғи өсім бар. Әсіресе, оңтүстік және батыс облыстарда табиғи өсім жоғары. Соңғы жылдары еліміздегі көш-қонға Көрші Ресейдегі қалыптасқан геосаяси жағдай оң әсер етіп отыр. Өйткені сол жаққа тарихи Отанына оралғысы келетін еуропалық этностардың көшуге деген ниеті тежелді, керісінше, сол елдерден біздің елімізге келіп жатқандар бар, қандастарымыз да оралып жатыр.

Демографиялық саясатқа байланысты белгілі бір тұжырымдама керек. Бала тууды қолдаушы мемлекет болып саналамыз, бірақ бұлардың барлығы әлеуметтік саясаттың шегінде қалыптасқан. Бізде көп зерттелмеген мәселе өлім-жітім, ол туралы жоғарыда айттым.   Осының өзі, туу деңгейі, халықтың жалпы өсім деңгейі, өңірлердегі ерекшелік, солтүстіктегі қолайсыз демографиялық жағдай, оңтүстікте халықтың артуының еңбек нарығына әсері - ауқымды мәселелерде демографиялық саясат болу керек. Өкінішке қарай, бұл жөнінде әлі тұжырымдама жоқ.

Өкінішке қарай, репродуктивтік, демографиялық түйткілді мәселелерді зерттеп, мемлекетке ұсынымдар беретін бірде-бір демографиялық орган жоқ, тіпті орталық та жоқ. Өз алдына жұмыс істеп жатқан бірең-саран демографтар бар. Бірақ олардың басын қосып, кешенді зерттеу жүргізіп, болашаққа ұсынымдар беріп, болжам жасайтын орган жоқ.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу