Әкімшілік құқық және әкімшілік процесс жөнінде ТМД кеңістігінде танымал халықаралық сарапшылардың бірі, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті профессоры Роман Мельник әлеуметтік желідегі парақшасында жоғары оқу орындарындағы оқытушылық қызметке өз түлектерін қабылдаудын утопияға теңеді.
"Инбридинг дегеніміз студент, магистрант немесе докторант өзі оқыған университетте оқытушы болып қызмет істеуі. Ибридинг ең алдымен, университеттің жұмысына, дамуына кедергі жасайды әрі жаңа ғылыми идея мен креативті көзқарастың жойылуына әкеп соғады", — дейді Роман Мельник жазбасында.
Инбридинг ұғымы көптеген елдердің академиялық жүйесінде жиі кездеседі. Профессор Мельниктің айтуынша, кешегі түлек өзіне сабақ берген профессорлар мен доценттерге тәуелді. Жас ғалым тәлімгерлерінің ғылыми көзқарастарына күмән келтірмейді, сын да айта алмайды. Нәтижесінде ғылыми зерттеулердің сапасы төмендейді.
"Өз түлектерін оқытушылық қызметке қабылдау саясаты, яғни академиялық инбридинг бұрынғы совет елдерде кең тараған. Олардың ойынша, өзіміздің түлек "сырттан келгендерге" қарағанда сенімді, оқу орнының ішкі жүйесін, тарихын, дәстүрін біледі. Бұл пікір — таза утопия", — дейді профессор.
Дәлел үшін, Роман Мельник Стэнфорд университетінің профессорлық құрамын мысалға келтіреді. Стэнфордта 42 Нобель сыйлығының лауреаты жұмыс істейді, оның тек бесеуі ғана өз түлегі екен.
"Университет нарықтағы үздік кадрлар үшін күресіп, оларды іздеп тауып, жұмысқа шақырып, шығармашылығына қолайлы жағдай жасауы керек. Сонда университеттің бойына "жаңа" қан жүгіреді. Әлемдік деңгейдегі университеттер инбридингке қарсы саясат ұстанады. Ол оқу орындарында ғылыми дәреже алған азаматтарды өздеріне жұмысқа қабылдауға заң жүзінде тыйым салынған", — деп түсіндіреді Роман Мельник.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін