Өзбекстанда электр қуатының күшімен жүретін көлік көбейіп келеді

1429

Көршіміз Өзбекстанда жақсы бастамалар баршылық.

Өзбекстанда электр қуатының күшімен жүретін көлік көбейіп келеді

Солардың бірі ретінде Өзбекстан аумағында соңғы уақытта электр қуатының күшімен жүретін жеңіл көліктің көбейіп жатқанын айтуға болады. Әзірге ондай көлікті бизнесмендер сырттан әкеліп жатыр. Ал келе-келе Өзбектанның өзінде де құрастырылуы мүмкін.

Өткен жылы Өзбекстанға сырттан 700-ге тарта электромобиль әкелінген екен. Ал биылғы жылдың басынан ондай көліктің 1912-сі келтірілген, оның жалпы құны 61,3 миллион долларды құраған. Биылғы әкелінген электромобильдің 1675-і Қытайдан келіпті.

Өзбекстан үкіметі мұндай көлікті көбейту қоршаған ортаны таза ұстаудың дұрыс жолы екенін жақсы түсінеді. Сондықтан 2023 жылы электромобильді күрт көбейту, оны өз жерінде құрастыру, сервистік қызмет нысандарына қолдау көрсету және мемлекеттік органдардағы қызметтік көліктерді электромобильге ауыстыру туралы қаулы қабылданды.

Электр қуатымен жүретін көліктер үшін жол бойларында қуаттайтын бекеттер болуы керек. Сол үшін ондай бекеттің 2500-і орнатылады. Бекетті ашамын деген кәсіпкерлерге жағдай жасалады. Оларға жер беріледі, салық жеңілдетіледі және электр қуатының көлік иелеріне сатылу бағасы еркін болады, тарифке байланбайды. 2023 жылдың 1-қаңтарынан бастап бекет ашып, электромобильдерге қызмет көрсетуге рұқсат. "Аймақтық электр желілері" деген компания тіпті 500 бекет ашамын деп отыр екен.

Электрмен қуаттап беретін бекеттің иелері бұл нысан үшін үш жылға дейін жер және мүлік салығынан, сондай-ақ құрылғыларды жеткізу кезінде кедендік салықтан босатылады.

Қаулыға сәйкес, 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап, ірі сауда және демалыс орындарының бәрінің көліктерді электр қуатымен қамтитын өз бекеттері болуы тиіс. 

Өзбекстанның барлық мемлекеттік органдары мен мекемелері үшін бастапқы кезеңде 3863 электромобиль сатып алу көзделген. Мысалы, Ішкі істер министрлігіне 1154, Су шаруашылығы министрлігіне 395,  Халыққа білім беру министрлігіне 260, "Узавтосаноат" деген ведомствоға 270 электромобиль қызметтік көлік ретінде пайдалану үшін беріледі.

Әкелінген, енді әкелінетін, сондай-ақ болашақта өздерінде құрастырылатын электромобильдер кәдеге жарату, яғни утилизациялық алым төлемінен 2030 жылға дейін босатылады. Құрастыру үшін шет елдерден әкелінетін қосалқы бөлшектерге кедендік салық алынбайды. Салықтан электромобильмен такси қызметін көрсетемін деген жеке адам да, заңды тұлға да босатылады.

Электромобильдер Қазақстанға да әкелініп жатыр. Оларды компаниялар Жапониядан, Қытайдан, Германиядан және Америкадан алып келеді. Бізге келген электромобильдер де кедендік төлемнен және кәдеге жарату алымынан босатылған.

Қазақстанда да электромлбильді қуаттайтын бекеттер бар, бірақ әзірге өте аз. Негізі ондай көлікті үйде де электрмен қуаттап алуға болатын көрінеді. Қалта телефоны сияқты етіп бір түн қуаттасаңыз таңнан кешке дейін ызғып жүре беруге жетеді деп жатады. 

Дегенмен электромобильді жаппай пайдалану мәселесі бізде Өзбекстандағыдай мемлекеттік деңгейде қолға алынған жоқ. Әрине, электромобильдің құны өзге көлікке қарағанда қымбаттау жүреді. Электромобильдің жеңіл көлік түріндегілерінің өзіне ортадағы дилерлердің қойған бағасы 20-30 мың доллар шамасында.

Электромобильге ең құмар елдердің бірі – Оңтүстік Корея екен. Осы күні бұл елдің көшелерінде 240 мыңдай электромобиль жүр. Мұндай көліктің түр-түрін өздерінде жасап шығарады. Бір кереметі, Оңтүстік Корея үкіметі электромобиль сатып аламын деген өз азаматтарына бұл үшін субсидия береді екен. Электромобильдің бір жеңіл көлігін алған адамға мемлекет 5700 долларды өтеусіз береді. Ондайдың кіші-гірім жүк көлігін аламын десе – 11400 доллар береді, ал кіші-гірім автобусын алған адам мемлекеттен 57000 мың доллар алады. 2030 жылға қарай Оңтүстік Кореяда тек қана электромобильден басқа көлік жүргізілмеуі мүмкін. Алдағы бес-алты жылда ондай көлікті 4,5 миллионға жеткізетін жоба бар.

Оңтүстік Корея үкіметінің мұндағы мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау, Құмырсқадай қаптаған көліктің жанармайы мен газынан қалалардың ауасына зиянды қалдықтың тарауын болдырмау. Қоршаған орта тазалығы мен адам денсаулығы олар үшін бірінші кезектегі маңызды нәрсе екені осындайдан көрінеді. Мұндай жағдайға жету өзгелерге де жұғысты болсын.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу