"Партиялардың көпшілігі белгілі бір деңгейде жоғарыдағы шешіммен өтті"

1873

Саяси модернизация – осы уақытқа дейінгі жүргізіліп отырған саясаттағы негізгі бағыттардың жаңалануы не болмаса саяси бағыттардың қосылуы.  

"Партиялардың көпшілігі белгілі бір деңгейде жоғарыдағы шешіммен өтті"

Негізгі бағыт бұл ішкі саясатқа бағытталады. Сыртқы саясатты бұған кіргізбей-ақ қояйын. Өз басым бұл жерде билік жүйесінің өзгеруі деп ойлаймын. Бұл заң шығарушы билік болсын, мейлі атқарушы билік болсын – солардың жүйесі өзгереді. Оған байланысты заңдарға өзгеріс енгізілуі мүмкін. Мысалы, қазіргі аралас сайлау жүйесінің енуі бұл да саяси модернизацияға әкеледі. Бұрын тек қана пропорционалдық болса, енді мажоритарлықты араластыруы – саяси модернизацияның нақты бір көрінісі. Демек мынау модель бұрынғыдан гөрі жақсырақ деп енгізіп отыр. Демократияның институтына жақынырақ деп енгізеді. Оның алдында саяси модернизация болған уақытта керісінше болған. Мысалы, 1995 жылғы сайлау туралы заңда аралас жүйе бізде болды, оның алдында бәрі бір мандаттан болатын. Кейіннен оны пропорциялық жүйеге ауыстырды. Бұл – сол уақыттағы модернизация. Қазір оның тиімсіз екенін білді де, аралас жасады.

Біздің елде осы уақытқа дейін болған ерекшелік негізінен Президентке бағытталған және оның жеке басының билігіне бағытталған саяси жүйе жасалды. Бір ғана мысал айтайық. Әлі күнге дейін Сенаттың 10 адамын Президенттің өзі тағайындайды. Мұндай нәрсе ешбір елде жоқ. Мәжілісте де сондай. Қазір Конституциялық сотты енгізіп жатыр. Ол да модернизация. Бірақ оның басшысын және 4 адамын Президент тағайындайды. Ал, бұрын 1992 жылы Конституциялық сот туралы заң қабылданған уақыттарда 10 адамның бәрін Мәжіліс сайлайтын.

Қоғамның саяси дамуы тұрғысынан қай кезеңде тұрмыз дегенге келер болсақ, бұл жерде белгілі бір шкала жоқ шығар. Егер бес балдық шкаламен шартты түрде есептесек, біз екіде тұрмыз. Иә, бірден өттік. Мысалы, қырғыздарды қалай болса да төртке қояр едім. Олар демократиялық институттардың құрылуы, олардың жұмыс істеуі деген мәселеде бізден екі есе жоғары тұр, саяси билік мәселесінде бізден көш жоғары. Біз ондайға әлі жеткен жоқпыз. 

Алдағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы саяси жүйедегі өзгерістерге ықпал етпейді. Бұл косметикалық қана өзгерістер деп ойлаймын. Аралас жүйені енгізіп отырмыз, бірақ сайлау жүйесі өзгерген жоқ. Сайлауды өткізетін адамдар сол күйінше қалды. Сайлау заңы мүлдем өзгермеді. Сайлау заңына кіргізген жалғыз ғана жаңалық – бұл бюллетеньге "барлығына қарсымын" деген графаның кіргені. Ол ешнәрсе бермейді.

Көппартиялық жүйе елімізде әлі орнай қойған жоқ. 7 партия болса да, бәрі демесем де, бұл партиялардың көпшілігі белгілі бір деңгейде жоғарыдағы шешіммен өтті деп ойлаймын.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу