Президент қолдауы бизнес үшін маңызды

2910

Мемлекет басшысы еліміздің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесуде инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше тоқталды. 

Президент қолдауы бизнес үшін маңызды

 

Оның сөзінше, қылмыстармен, оның ішінде экономикалық қылмыспен күрес заңды құралдармен жүргізілуі тиіс. Әйтпесе бұл мемлекетке және оның бастамаларына деген сенімге зиян келтіреді. Сол себептен теңдестірілген бақылау механизмін құру қажет.

Осыған дейін Мемлекет басшысы әрбір маңызды инвестициялық жобаға қадағалау органының қызметкерлерін сүйемелдеуді бекіту туралы бастама көтерген еді. Бірақ та, бұл мәселеде әлі ауыз толтырып айтар нәтиже жоқ. Сондықтан ол Президент әкімшілігіне Бас прокуратурамен және бизнес-омбудсменмен бірлесіп, бір ай мерзімде тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Бұдан бөлек Президент өз жолдауында экономиканың өсімін шектейтін негізгі проблемаға инвестициялардың жетіспеушілігін атап көрсеткен болатын. Біз үшін бұл көрсеткіш өзіндік белгі іспеттес. Яғни бизнес болашаққа сене ме әлде жоқ па?

ЭЫДҰ дайындаған іскерлік ахуал туралы соңғы талдау, сонымен қатар экономикалық еркіндік индексінің нәтижелері мемлекеттік институттарды, соның ішінде құқық үстемдігін, сот тиімділігін және үкіметтің адалдығын нығайтудағы реформалардың басымдылығын көрсетеді. Құқық үстемдігі қағидаты заңдарды әділ және бейтарап қолдануды талап етеді. Сот жүйесі иммундық жүйемен салыстырылып, оның әділеттілікті қамтамасыз етудегі орнын бағаламауға болмайды.

Кәсіпкерлер Әділетті Қазақстан идеясын жаңа қоғамдық шарттың негізі ретінде қолдай отырып, құқық қолдануда "әділеттілік" қағидатын бекітуге шақырады. Алайда бүгінгі таңда бұл ұстаным қазақстандық заңнамада тиісті деңгейде іске асырылмай отыр. Бұл өз кезегінде әділетсіз сот шешімдеріне, азаматтар мен бизнестің наразылығына әкелуі мүмкін.

Мысалы, 2022 жылы 600 мыңнан астам әкімшілік істің ішінде 36,5 мыңы ғана тоқтатылған. Оның ішінде маңызының шамалы болуына байланысты 436 іс (0,07%) делінген. Осындай жағдай неғұрлым жеңіл қылмыстық жаза тағайындауға қатысты да байқалады. 2022 жылы сотталған 28 200 адамның тек 74-і (0,2%) жазасын жеңілдетті. Мұндай төмен статистиканың басты себебіне судьялардың нақты заңды негізі жоқ адамгершілік шешімдер қабылдаудан қорқуы жатады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс – мемлекеттік органдардың кінәсі презумпциясы, соттың белсенді рөлі және "әділеттілік" қағидаты тәрізді жаңашылдықтарды қамтитын жалғыз заң. Кәсіпкерлерде осы институт арқасында мемлекеттік органдармен дауларды әділ шешуге үміт пайда болды. Бүгінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында шешімдердің 64%-ы азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына шығарылады.

Десек те, мемлекеттік органдар бұл статистикадан ешқандай сабақ алып отырған жоқ және жұмыс әдістерін де жетілдірмейді. Керісінше әкімшілік әділет уақытша әрі жақын арада жойылады деген сенім бар. Бірақ әкімшілік әділет мәртебесін нығайтып, оның қолданылу аясын кеңейту және оны қолдау үшін материалдық және кадрлық қосымша ресурстар бөлу қажет.

Тағы бір маңызды дүние құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты. Қазақстанда 8900 орта және ірі кәсіпорын бар, олардың тек 3730-ы немесе 42%-ында ғана (1111 ірі, 2620 орта) мемлекет қатыспайды. Осы тұста барлығы 1670 компания бюджетке түсетін салық түсімдерінің 90%-ға жуығын қамтамасыз ететінін тілге тиек ету керек.

Шағын және орта бизнесті тексеруге уақытша мораторий кезінде бұл кәсіпорынның барлығы көптеген құқық қорғау және тексеру органдарының басты назарына ілінді.

Мемлекет басшысының былтырғы мамыр айында бизнес өкілдерімен кездесуінен кейін бұл мәселеде белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізілді.

Сол себепті ел Президентінің қолдауы бизнес үшін маңызға ие. Кездесуден кейін бұл бағыттағы жұмыс белсенді бола түседі деп сенемін.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу