Ресей мобилизацияны өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отыр

1482

Ресейдегі мобилизацияның қауырт науқандық сипат алып,апыл-ғұпыл өткізілуінің салдары ауыр болып жатыр.  

Ресей мобилизацияны өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отыр

Әскерге алынғандардың майдан шебіне жеткізілгендері соғысып жарытып жатқан жоқ. Бара сала оққа ұшқандары мен тұтқынға түскендері бар.  Жалпы, Ресейдің әскерін Украина әскері тықсыртып барады деген ақпарат көп.

Мобилизацияның жөні осы екен деп әскери комиссариат жандайшаптары ақсақты да, соқырды да, жасы ұлғайғандарды да, бала-шағасы көптерді де шетінен жиып әкете берген болса керек. Кейбір аймақтарда талайын үйлеріне қайтаруға тура келген. Осының олқылық болғанын Ресей президентінің өзі айтып, тиісті құжаттарға түзету енгізгендей болды.   

Таратылып жатқан ақпараттар мен әлеуметтік желіге түскен бейнероликтерді қарап отырсаңыз соғысқа аттанған жинақы әскерді емес, жайылып кеткен тобырды көресіз. Отан қорғауға кетіп бара жатыр деген орыстардың кейбірі арақ ішіп, жол-жөнекей сейіл құрып, кейбіреулері мас болып домалап жатыр. Кейбір бейнероликтерден олардың бірнеше күндеп ашық аспанның астында ас-сусыз дірдектеп жүргені бейнеленген. Әскери киім мен тамақ жетіспейді, қолдарына берген қарулары сақадай сай емес көрінеді. Әскерге алынғандар өздерін қайда алып бара жатқанынан, қай әскери бөлімге жатқызылғанынан бейхабар деседі. Дайындықсыз күйде соғысқа кіретін болса керек. Мұндай көріністер өзге елдерге, әсіресе Қазақстанға да сабақ болуы керек. Жаман айтпай жақсы жоқ, басымызға күн туса биліктегілер әскерді тасымалдауда және керек-жарақпен қамтуда жоғары ұйымдастырушылық танытпаса болмайды. Ресейді көріп отырмыз, мобилизацияны өз деңгейінде ұйымдастыра алмай талайға таба болып отыр. Ал халқының мобилизациядан бойды аулақ ұстап басының ауған жағына қашып жүргені тағы бар. Әскерге жарамды үш жүз мыңдай адам шекарадан шығып кетіпті. Әр аймақтарда тұрғындардың мобилизацияға қарсылығы да ауық-ауық бой көрсетіп жатыр. Әскери комиссариатқа өрт қою оқиғалары аз емес.

Әскерге мобилизацияланған жүздеген адамның жолда пойыздан өз беттерінше түсіп қалған оқиғасы да пайда болды. Бейнероликте әскерге алынған жүздеген адам Белгородта түсіп қалғанын айтқан. Мобилизация жарияланған соң, әскерге алынғандар ешқандай әскери бөлімге тіркелмегенін, оларды қайда алып бара жатқанын білмейтінін, тамақты да өз ақшасына сатып алып жүргенін роликті түсіруші мәлімдеген.

Жалпы, Ресейде мобилизация жарияланған соң әскерге алынғандар дайындық орындарындағы жағдайдың ауыр екені туралы айтып жүр. Олар жерде ұйықтап, күнұзақ аш жүретін көрінеді.  Мұндай ахуал Омбы, Волгоград, Киров, Свердлов және Сахалин облыстарында, Чувашия мен Мәскеу маңында болған деседі. Белгородта пойыздан түсіп қалған бес жүздей адам жиналу орнындағы адам төзгісіз жағдайдан қашып бара жатқан болып шықты.

Пойыздан түсіп қалған бес жүздей адам қарулы. Бейнеоликке түскендерінің кейбірі жиналу орнында бір аптадай тұрғандарын, жағдайларының малдың жағдайынан бетер жаман болғанын айтады. Алғашында жиналған жерде оларға қаруды ұстата салыпты, ешқандай рәсімдеу, бекітіп беру деген болмаған. Офицерлер тым дөрекі болып, әскери дайындық машықтары мүлде өткізілмеген. Пойыздан түсіп қалғандардың бірі өздеріне керек-жарақты, жол-жөнекей тамақты да өз ақшасына сатып алып жүргенін айтқан. Араларында ауруға шалдыққандары да аз емес көрінеді. Бірақ медициналық қызмет деген ол жерде қарастырылмаған болса керек. Ал кейбірінде қаруымен қоса оқ та бар екен. Бес жүздей адам қаруларын өздерімен бірге үйлеріне алып кетті ме, әлде тиісті орынға өткізді ме, ол жағы таратылып айтылмаған.

Ресейдің әр аймақтарындағы уақытша жиналу орындарында қайтыс болып жатқан сарбаздар да бар. Мысалы, Пензадағы полигонда 41 жастағы әскерге шақырылушы бірден жүрегі қысылып үзіліп кеткен. Мобилизацияланғандардың қайтыс болуы Тюмень, Новосибирск, Омск  облыстарында болған. Тағы үш адам Сердловск облысындағы жаттығу орнында көз жұмған. Бірінің жүрегі тоқтап қалған, бірі өзіне қол жұмсаған, бірінің қос бүйрегі істен шыққан. Мобилизацияланғандардың соғысқа жетпей жатып орта жолда қайтыс болуы бұдан ары да жалғаса беретін сияқты. Себебі ашық далада жатса, ашқұрсақ, жылы киімсіз күйде болса ауру-сырқау да, өлім-жітім де бола береді. Жалпы, мобилизацияланғандардың ішінен Ресейдің әр аймақтарында он адам қайтыс болған. Соның үшеуі өзіне-өзі қол жұмсаған.

Мобилизация ісінің қиюы кеткен сайын әскерге шақырылғандардан маза кетті. Олардың арасында соғысқа аттап басқысы келмейтіндер аз емес. Ал кейбіреулері үкіметтен сарбазақы жалақыны алдын-ала талап етіп жатыр. Отбасыма беріп кетейін, өзім соғыстан ораламын ба, жоқ па дейді.

Әрбір әскерге шақырылған адамның отбасы бары белгілі. Мен кетсем, отбасымды кім асырайды деген сұрақ бәрінің басынан кетпейді. Әрі олардың бәрінде де банк несиесі бар. Әйтеуір банк несиелерін өтеуге соғыстан келгендерінше үзіліс беріліпті. Егер қаза болса банкке қарызы кешіріле ме, әлде отбасынан өндіріле ме, ол жағын ашып айтып жатқан үкімет жоқ. Тек ері мобилизацияланған отбасыларға бір реттік көмек уәде етілген. Көмек түрлері әр облыстың жағдайына қарай әртүрлі. Бір-бір қой-ешкі беріп жатқандар бар. Кейбір аймақтарда бір қап балық беріледі. Кәмелетке толмаған балаларына атап бес мың рубльден беріп жатқан облыстар да бар.

Мобилизациядан жалтарғандар істі болатыны белгілі. Жалтарғандардың кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып та жатыр. Алғашқы қылмыстық іс Пензада қозғалды. 32 жастағы адам әскери комиссариатқа шақыру қағазына қол қоюдан бас тартып, оны арнайы жасақ күштеп алып әкеткен.

Мобилизацияға православтық шіркеу қызметкерлері де ілігіп жатыр деген ақпарат тараған. Олардың міндеті әскерге уағыз айту болса керек.

Мобилизацияланғандарды жарытып жаттықтырмай жатып соғысқа салған жағдайлары көп. Украин әскері оларды қалпақпен ұрып-ақ аламыз деп алақандарын ысқылап отыр.

Жалпы, Ресейдегі мобилизацияның халқына да, биліктің өзіне де өте жайсыз тигенін, шақырылғандардың соғыстан гөрі жан тыныштығын қалайтынын  айтуымыздағы мәселе – біздің еліміз бұдан қорытынды шығаруы керек деп ойлаймыз. Мобилизация үшін үлкен материалдық, қаржылық база, алдын ала дайындық және елдің асқақ рухы болуы керек екені көрініп тұр.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу