Ресей өзге елден барған мигранттарды да соғысқа тартуда

1278

Ресей Госдумасы азаматтарды әскерге шақырудың жаңа тәртібі – электрондық шақыру туралы 60 беттік заң жобасын мақұлдады. 

Ресей өзге елден барған мигранттарды да соғысқа тартуда

Азаматтардың аттарына шақыру қағазы интернетке мемлекеттік қызметтер порталына енгізіледі екен.

Электрондық күйде порталға енгізілген шақыру қағазын азамат көрсе де, көрмесе де бір апта ішінде оқыған болып есептеледі. Ал 20 күн өткенше әскери комиссариатқа келмесе елден шығарылмайды, жеке кәсіпкерлік аша алмайды, жылжымайтын мүлік тіркей алмайды, көлік жүргізуіне, көлікті тіркеуіне, банктен несие алуына тыйым салынады.  Оған қоса шақыру қағазы тек мерзімді әскери қызметті өтеу жасына келгендерге ғана емес, бұрын қызмет еткен әскери міндеттілерге де баруы мүмкін. Бұл жаңа тәртіптің қалай жүзеге асарын уақыт көрсетер.

Ал біз Ресейде мигранттарды қалай соғысқа қатыстырып жатқаны жайлы әңгімеге тоқталсақ дейміз. Орталық Азия елдерінен барған мигранттарды бір жылдан бері соғысқа қатыстырып жатқан болса, осы күні бұл жағдай белең алды деуге болады. Тіпті базарларда, көше бойларында, автобустарда және тұрғын үйлердің қабырғаларында келісім-шартпен соғысқа баратындардың кесімді жалақысы және берілетін Ресей азаматтығы жайлы хабарландырулар тәжік, өзбек, қырғыз тілдерінде жазылатын болыпты. Ал азаматтықты бұрын алған мигранттарды мешітке барған жерінен, жатақханасынан немесе жұмыс орнынан іздеп туып, соғысқа баруға үгіттеп жатқан көрінеді.

Сөйтіп, Ресейде соғысқа түрмедегілерді ғана емес, өзге елден барған мигранттарды да соғысқа тарту тоқтаған жоқ. Адамдар жүретін жердің бәрінде жарнама көбейген. Пензада және Челябинскіде әскерилердің мигранттарға соғысқа бару үгіт-насихатын жүргізгенінің бейнежазбалары тарады. Әдеттегідей уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр. Тіпті медициналық тексеруден өтудің де қажеті жоқ, "денім сау" деген бір ауыз сөзі жетеді, сол есепке алынады. "Вагнер" әскери тобының азаматтарды соғысқа тарту жөніндегі хабарландырулары Ресейдің барлық қаласында орналастырылған. 

Өзбекстан құқық қорғушыларының мәліметінше, Орталық Азия елдерінен соғысқа қатысқандардың ішінде қаза болғандар көп. Сарапшылардың айтуынша,  мигранттардың арасында заңсыз жүргендер, яғни жұмысқа рұқсат қағаздары шикі адамдар, кезіккен жұмыстарды мекенжайын жиі ауыстырып жасырынып істеп жүргендер де жетіп артылады.

Соғысқа баруға үгіттеушілер, әдетте, осындай ахуалдағы мигранттарды көндіруге тырысады. Өздері заңсыз жүргендіктен, әрі құқық қорғау органдарынан қорыққандықтан ондай мигранттардың ішінде үгіттеушілердің ыңғайына көніп қалатындар да аз емес. Жалақы береміз, соғыстан келген соң әлеуметтік жағдайыңды жақсартып, азаматтық береміз деп қызықтыратындары тағы бар. Соғысқа осылай кеткен тәжік, өзбек, қырғыз азаматтарының арасында қаза болып, елдеріне мәйіті келгендер жайлы ақпарат анда-санда тарап та жатады. Ресей әскерінің құрамында соғысып, қаза болған қазақстандықтар да бар. Жүздеген мигранттар соғыстағы қара жұмысқа да салынып жатыр. Олар траншея қазады, өліктерді жинайды, қираған ғимараттарды жөндейді.

Соңғы жылдары Орталық Азиядан барғандардың жүздеген мыңы Ресей азаматтығын алған екен. Бүгінде олар үгіт-насихатсыз-ақ заңды түрде әскери қызметке шақырылып жатыр. Үлгергендері елдеріне қайтуда. Оған қоса санкциялардың салдарынан жұмыс орындары сарқыла бастауына байланысты 100 мыңдай мигрант далада қалған. Елдеріне қайтпай жүргендері де өте көп. Бір ғана Қырғызстанның өзінен 600 мың адам Ресей азаматтығын алыпты. Солардың 30 мыңы әскери қызметте деген дерек келтірілген. 

Бұл жерде біз тек мигранттардың басындағы ахуалды айттық. Ал Орталық Азия елдерінен барып істеп жүріп сол жақта қамалған адамдар қаншама. Олардың талайы "Вагнер" әскери компаниясының құрамында жүр, қаза болғандары да жетерлік.

"Вагнер" демекші, биылғы наурыз айында Семейде осы әскери ұйымның  жалдамалы әскер тобының қатарында соғысқа қатысқан тағы бір қазақстандық жерленді. "Вагнер" тобына қосылуға шақыратын онлайн-ресурстарға кірген Қазақстан азаматтарының ішінде шалыс басып көніп қалатындар болып тұрады. Шетелге соғысқа кеткен азаматтарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанына қарамастан, кейбір азаматтарымыздың "Вагнерге" жалданып, соғысқа кеткен жағдайы бар.

Семейге жеткізіліп жерленген адам 33 жаста болған екен. Туыстарына суық хабарды "Вагнер" әскери компаниясы жеткізген. Семей тұрғыны қарашада Ресейге кетіпті. Украинаның оңтүстік-шығысындағы Бахмут қаласының түбінде қаза тапқан. Осы сияқты жағдайлар бар. Өткен жылы Украинада Ресей жағында соғысып жүрген үш қостанайлықтың көз жұмғаны хабарланған.

Заң бойынша Қазақстан азаматтарының кез келген шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысуына байланысты әрекеттері қылмыстық жауапкершілік жүктейді. Осы қылмысты жасағаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Ал Қазақстан азаматтарын Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысуға үгіттеген бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникация желілері үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құқық қорғау органдары шет елдегі қарулы қақтығыстарға қатысушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал Украиндағы соғыстың қашан бітері белгісіз. Біреу жақын арда тоқтайды десе, енді біреулер ұзаққа созылатынын болжап отыр. Жақында Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы, осы күні қорғаныс және қауіпсіздік тақырыбында кеңес беріп, дәріс оқумен айналысатын Ричард Бэрронс деген генерал "Азаттық" радиосының Грузиялық редакциясына сұхбат берген екен. Әскери маман өз сұхбатында соғыстың ондаған жылдардан кейін де аяқталмауы мүмкін екенін айтқан.

"Соғыс бір тарап үшін ғана нәтижелі болып, жедел аяқталады деген логика жоғына көз жеткіздік. Украинада үлкен ғана емес, ұзақ соғыс болып жатыр. Ресей де, Украина да соғыс тезірек аяқталғанын қалағанымен, күрес ұзаққа баратын сияқты. Тараптардың ешбірі жеңіп не жеңілген жоқ. Берілуге де дайын емес. Алда әлі орасан зор шығынға батыратын талай шайқас бар. Соңында тараптар әбден қажып, тығырыққа тіреледі деген болжам айтылып жүр. Онда Украина мен Ресей арасында көп жылға созылатын келіспеушіліктер басталады. Бұл соғыс ондаған жылдан кейін де аяқталмауы мүмкін", – дейді Ұлыбритания бірлескен күштерінің бұрынғы қолбасшысы.

Әрине, әлем үшін де, біз үшін де бейбітшіліктің тезірек орнағаны керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу