Ресей Украинада жасаған қылмыстарын ешқашан мойындамайды

2689

Луганск пен Херсон облыстары толығымен, Донецк облысының жартысы және Запорожье облысының 60 пайыздайы Ресей әскерінің қоластында қалды. 

Ресей Украинада жасаған қылмыстарын ешқашан мойындамайды

Ресей билігі бұл аймақтарды қолдан шығармауға бар күшін салуда. Реті келсе, Харьковты да басып алып, бес облысты билеп-төстемек. Осы күні қоластындағы аймақтарға билеушілерді тағайындап, ал тұрғындарға Ресейдің төлқұжатын рәсімдеп беріп жатыр. 11 қыркүйекте Ресей әскерінің қолы жеткен жерлердің тұрғындары арасында референдум өткізбек. Сөйтіп, "міне, жергілікті тұрғындардың қалауымен бұл аймақтар Ресейге өтті" деген тұжырымды шегелеп қойғылары келеді. Ал Украина билігі мұндайға көнсін бе, орыс әскерін 11 қыркүйекке жеткізбей тықсыра қуып шығуға жанталасып жатыр. 

Әрине, о баста Ресей билігі Украинаны толығымен басып алмақ еді. Осылайша украин халқына мәдениетін, тілін, тарихы мен ұлттық құндылықтарын бірте-бірте ұмыттыру мақсаты көзделген болса керек. Украинаның барлық жерінде тек Ресей телеарнасының хабарлары тыңдалатындай етіп, ұялы телефон байланысының жүйесін де түбірімен өзгертпек болған көрінеді. Бірақ Украина тарапының қарсы соғысы тым созылып кеткендіктен, енді Ресей азғана жерді болса да қарпып қалып, өзін жеңімпаз деп танытқысы келетіні айтылуда. Сарашылардың пікірі сан-саққа жүгіреді. Қолдан жасалған қойылым күйінде болса да референдумды өткізіп болғасын Ресей "Жергілікті тұрғындар бірауыздан Ресей құрамына енуді қалайды" деп жарияламақ көрінеді. Содан кейін Ресей өзінің Ядролық доктринасын алға тартып, "егер кімде-кім Ресейдің территориясына қауіп төндірсе, Ресей оған қарсы ядролық қару қолдана алады" деген тұжырыммен жаһанға жар салады екен. Осылайша, Ресей соғысты түйіндеп, жеңімпаз атансақ деген есеп құрған деседі. Ядролық қарудың аты аталғаннан кейін НАТО мен Украина тарапынан Ресейге қарсылық тоқтайды деп күтсе керек.

Еуропа елдері мен АҚШ Украинаның облыстарында Ресейдің референдум өткізуіне жол бермейміз деген сыңай танытты. Батыс Украинаны қаруландыруды тоқтатпайтын ойы бар. Ресейдің дегені болмауына әсіресе АҚШ мүдделі. АҚШ ондаған жылдардан бері әлемді тәртіпте ұстап отырмыз, соны бір Ресейдің бұзғанына көне алмаймыз деген ұстанымда. Сондықтан АҚШ Украинаға жойқын қаруларды беруді үдете түспек. Ірі нысандарды 75 шақырым қашықтықтан жоғары дәлдікпен ататын Хаймерс реактивті ату қаруын тағы да жеткізуді көздеп отыр. Қазір ондай қарудың сегізін Украина әскері қолданып отыр, жолда төртеуі келе жатыр. Көп ұзамай тағы да жіберетін болса керек. Ірі қару-жарақ қоймаларын, техникалары мен әскерінің шоғырланған жерлерін алыстан атып жойып жатқан мұндай қару Ресей әскерінің берекесін алып жатқаны да рас. АҚШ-та 300 шақырым қашықтықтан дәлдеп ататын қарулар да бар. Әзірге ондай қаруды Украинаға берген жоқ.

Сарапшылар соғыс итжығыс түсіп қысқа дейін жалғаса беретінін айтады. Күз айларында Украинаның қару-жарағы басым түсетін көрінеді. Бұл кезде Англия Украинаның 10 мың әскерін оқытып шығарады екен. Украина заманауи үлгідегі атқыштармен, Хаймерстермен толықтырылатын болса керек. Өз кезегінде Ресей де қарап отырмайды, Ираннан ұшқышсыз аппараттар алады. Қытайдың Ресейді қаруландыруы екіталай. Қытай бұл күндері экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр, әрі ол АҚШ-пен қарым-қатынасын бұза алмайды. Қытай ішкі жалпы өнімінің үштен бірдей көлемі АҚШ-пен алыс-берістің есебінен толығып отырады деседі. Ресей өз жерінде қару-жарақ пен әскери техника өндірісін жолға сала алмауы да мүмкін. Себебі санкциялардың себебінен қосалқы бөлшектерге қол жеткізе алмайтын болса керек әрі қаржы да сарқылуы мүмкін. Газ бен мұнай экспорты кеми түседі деген болжам айтылады.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, қыс айларында соғыс саябырсиды. Сол кезде екі жақ та тынығып, әскерінің қуатын арттырады, қару-жарақтарын сайлап алады. Ал көктем шығысымен соғыс қайта жанданады, Украинаның екпіні күрт күшейеді деп жатқандар бар.

Әзірге АҚШ пен Еуропа елдерін Ресейдің Украина аймақтарында референдум өткізбек болғаны қатты алаңдатып отыр.

Джон Кирби, АҚШ президенті жанындағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі:

"Кремль Херсон, Запорожье және Донбасты толығымен Ресейдің бір бөлігі деп жарияламақшы. Ресей өз бақылауына алған Украинаның бір бөлігіне өз адамдарын тағайындап жатыр. Ең бірінші олар басып алған жерлерге шартты түрде референдум өткізеді. Ресейдің Украина аумағының жартысын аннексиялау әрекеті БҰҰ жарлығын өрескел бұзған болып есептеледі әрі бұл әрекеті үшін жазаға тартылмай қоймайды", – дейді.

Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Кремльге қарсы жаңадан өте қатал санкциялар енгізілетінін және АҚШ Ресей басшылығының барлық жоспарларын әшкерелейтінін айтады.

Әрине, Ресей билігі өз әскерінің Украина жерінде жасаған қылмыстарын ешқашан мойындамайды. Бейбіт тұрғындарды қыру, күштеп әкету, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды ракетамен атқылау, гуманитарлық дәліздерден бейбіт тұрғындарды өткізбеу, тонау, зорлау фактілерінің бәрін Украина тарапы Ресей әскерінің әскери қылмысы деп есептейді. Ондай фактілердің бәрін жинақтап, құжаттап, түгелдеп жатыр. Халықаралық сот Ресей әскерінің Украина аумағындағы әскери қылмыстарын алдағы қыста қарайды деген мәлімет те тарап жатыр. Әзірге бас-аяғы 21 мың қылмыс құжатталыпты. Украина Бас прокуратурасының мәліметіне қарағанда, күніне 200-300 қылмыс жайлы хабарлама келіп түскен кезеңдер болған. Тек соңғы уақыттың өзінде Украинаның шығысынан 24 мың адам Ресейге әкетілген. Ал соғыс басталғалы бері көшірілгендердің саны 2 359 135-ке жеткен. Соның 371 мыңы жас бала екен. Ресейге жеткізілген босқындар сүзгі лагерьлерінен өткізілген. Ал 13 миллион Украина тұрғыны өз үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған. Олардың бәрі Еуропа елдерінде шашырап жүр.

Ресей әскерінің қылмыстарын қарауды Гаага халықаралық соты нақты қай күні бастайтыны белгісіз.Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарының болжауынша ол не биылғы жылдың соңында, не келесі жылдың басында басталады.

Өткен наурыз айында Ресей әскерінің Украинадағы қылмыстарына дәлел жинайтын арнайы тергеу тобы құрылған. Содан бері әрбір әскери қылмыс бүге-шігесіне дейін сипатталады, қылмысты жасаушылардың аты-жөндері мен ұялы телефон нөмірлері, үйлерінің мекен-жайларына дейін хатқа түсірілетін көрінеді.

Бір сөзбен айтқанда, Украина мен Ресей арасындағы соғыстың биыл тоқтайтын түрі көрінбейді. Ресей билігі ел мен жерді шалып, жеңімпаз болуды, ал Украина билігі бір метр де жер бермеуді көздейді. Екі жақтың текетіресі осы күні күшіне мінген деуге де болады. Ресей Донбасс пен өзге облыстарда референдум өткізетін болса, екі ара одан бетер ушығып кетуі де мүмкін деген пікірлер бар. Ресейдің қоластына өткен облыстардағы құқық қорғау органдарының ішінде Ресейге жұмыс істеп жатқандары аз емес көрінеді. Сондықтан болар, Украина президенті Владимир Зеленский бірталай кадрлық ауыс-түйіс жасады. Тіпті Украинаның Бас прокуроры мен қауіпсіздік қызметінің басшысына дейін ауыстырып тастады.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу