Ресейдің астық мәмілесінен шығуы Қазақстанға қалай әсер етпек

Қазақстан әлемде өндірілетін бүкіл астықтың 2 пайызынан астамын ғана өндіреді екен. 

Ресейдің астық мәмілесінен шығуы Қазақстанға қалай әсер етпек

Украина әлемдегі астық пен майлы дақылдар өндіруші және экспорттаушы маңызды мемлекет. Таяу Шығыс пен Африкадағы бірқатар елге астық  Украинадан барады. Ал соғыс басталғалы бері Украина астығын Қара теңіз арқылы аттандыру күрделі болып келеді. Сол себепті Біріккен Ұлттар Ұйымы, Украина, Түркия және Ресейдің қатысуымен астық мәмілесі жасалған. Мәміленің мақсаты Украина астығын теңіз жолдарымен кедергісіз алып кетуді қамтамасыз ету. Астық мәмілесінің кезекті мерзімі аяқталысымен, 18 шілде күні Ресей басшылығы бұл келісімнен шығатынын мәлімдеді. Алайда астықтың жөнелтілуі Ресейдің қатысуынсыз да жүзеге асырылуы мүмкін. Жүк кемелерінің қауіпсіздігін Түркияның теңіз флоты қамтамасыз етуге қауқарлы. Дегенмен де Ресейдің Қорғаныс министрлігі тарапынан жағымсыз мәлімдеме жасалып отыр. Қорғаныс министрлігі теңізге шыққан жүк кемелерін Ресей әскери кеме ретінде қарастырады дегенді айтты. Бұл өте қуіпті мәлімдеме. Жүк кемелеріне шабуыл жасауымыз мүмкін дегенді меңзейтін сияқты.

Бұған байланысты Түркия әзірге мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ Ресей келісімнен шыққан күнде де астық жолының қауіпсіздігін Түркия қамтамасыз етеді деп әлем үміт артып отыр. Жүк кемелеріне шабуыл жасала қоймас, ондайдың алдын алу шаралары жүргізіледі.

Ал енді Ресейдің астық келісімінен шығуының астық нарығына қандай әсері болуы мүмкін? Әлемде 400 миллиондай адамды құрайтын бірталай елде астық өндірілмейді немесе өте кем өндіріледі. Олардың бәрі сырттан апарылатын астыққа тәуелді. Украина астығы жағдайы қиын дейтін Ауғанстан, Эфиопия, Сомали, Судан, Йемен елдеріне, сонымен қатар жағдайы жақсы дейтін Түркия, Қытай, Египет және Үндістан сияқты елдерге де жеткізіледі. 2022 жылы әлемде 349 миллион адам ашығып, 772 мың адам аштық шегінде өмір сүрген. Ал Украина астық өндіруде әлемдегі маңызды мемлекеттердің бірі. Әлем нарығындағы бүкіл бидайдың 10 пайызы, жүгерінің 15 пайызы, арпаның 13 пайызы Украинада өндіріледі екен.

Соғысқа дейін Украина Қара теңіз арқылы сыртқы нарыққа жылына 25-30 миллион тонна жүгері, 16-21 миллион тонна бидай шығаратын. Ал соғыс жағдайындағы 1,5 жылда 16,9 миллион тонна жүгері және 8,9 миллион тонна бидай экспорттаған. Яғни екі еседей аз шығарылды.

Сарапшылар Ресейдің келісімнен шығуына байланысты әлемде астықтың бағасы өседі дегенге келтіріп жатыр. Тіпті Ресейдің өзінде де астықтың құны өсуі мүмкін. Ресеймен экономикасы кіндіктес Қазақстанның астыққа қатысты ахуалы қандай болады деген мәселе туындайды. Сарапшылар бұл жағынан Қазақстанға қиындық жоқ екенін айтады. Біздің ішкі нарығымызда да астықтың бағасы шамалы өсуі мүмкін, бірақ оншалықты қатты сезінерліктей болмайды деп жатыр.

Қазақстан әлемде өндірілетін бүкіл астықтың 2 пайызынан астамын ғана өндіреді екен. Жылына өндіретін 16,4 миллион тонна астықтың 5,6 миллион тоннасы ғана ішкі нарықта сатылды. Біздің астығымыз Орталық Азия елдері, Иран, Ауғанстан және Кытайға құрлықтағы жолдар арқылы экспортталады. Осы нарықты сақтап қалу маңызды. Тіпті әзірге арзан бағадағы астықты сырттан сатып алып, араға уақыт салып қымбаттаған сәтінде әлем нарығына қайта шығару да Қазақстан үшін тиімді болмақ. Биыл бидай бағасы 14 пайыз, ал жүгері бағасы 23 пайызға арзандады.

Жалпы, Ресейдің астық келісімінен шығуының себептері келтірілген. Бұған Ресей экономикасына санкция салынуы да себеп болған. Ресейдің азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыш экспортына кедергілер қойылған. Мұнымен айналысатын Ресей компанияларының активтері мен шоттары бұғатталған. Россельхозбанк SWIFT төлем жүйесінен ажыратылған. Ресей кедергілерді алуды, шоттарды ашуды және төлем жүйесін қайта қосуды талап еткен болатын.

2023-2024 жылдары Украинадан бидай экспорты азаяды. Шаруалар соғысқа байланысты көп астық себе алмаған. Болжам бойынша жүгері экспорты 28 миллион тоннадан 19,5 миллион тоннаға дейін азаяды.

Бидай экспорты былтырғы 16,8 миллион тоннадан биыл 10,5 миллион тоннаға дейін төмендейді деп жатыр. 2019-2020 жылдары Украина 21 миллион тонна бидай сатып, әлемдік сауданың 11 пайызын берген. Ал қазір өнім едәуір төмендеп кеткен. Қазіргі жағдайға келсек, астықты Шығыс Еуропа арқылы тасымалдау қиындайды, логистикалық шығындар артады. Әсіресе, Украинаның шығысында өндірілген астықты шекараға жеткізуге көп күш пен уақыт кетеді.

Астық мәмілесі – Украинадан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мүмкіндігі туралы келісім осылайша тоқтатылды. Ресей жағының айтуынша, астық мәмілесі туралы ұстанымды Мәскеу Қырым көпіріне шабуыл жасамас бұрын да айтқан және бүгінгі оқиғалар оның тоқтатылуымен байланысты емес. Келісімнің мерзімі 17 шілдеде аяқталды. Ресей тарапы Мәскеудің талаптары орындалған кезде мәмілені қарауға оралатынын айтты.

Мұндай жағдайлар бұған дейін де болған еді. Ресей астық мәмілесінен бұрын да шығып, қайта оралған. Сол сәттерде де әлемде бидай, жүгері және сұлы қымбаттаған. Ол кезде Ресей мәміледен шыққанда астық дәлізі істеп тұрған. Дегенмен соғыстың салдарынан 20 миллион тоннаға жуық өнім сыртқа шығарылмады. Бұл жаһандық азық-түлік дағдарысын одан әрі ушықтырды. Ресейдің астық мәмілесінен шығуы әлемдегі азық-түлік ахуалын шиеленістіретін болар. Бұл Қазақстанға да тікелей болмаса да жанама түрде әсер етеді. Ұн мен нанның бағасы өсіп, қайта түсіп жатады.  Яғни бұл тұрғыда мемлекетіміз мұндай мәселені реттей алады. Ондай кезде  астық экспортына мораторий енгізіліп жатады. Былтыр екі-үш рет астық пен қантты экспорттауға мораторий жарияланды.

Бізге керегі – ауа-райы мен климаттық жағдайдың сапалы астық өндіруге мүмкіндік беруі.   

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу