Ресей қорғаныс өнеркәсібінің негізгі тұтынушыларының бірі болған Үндістан кейінгі жылдары назарын Франция, Израиль, АҚШ елдеріне аударып отыр. BBC-дің орыс қызметінің мәліметі бойынша, Үндістан 2011 жылы Ресейден 90 млрд долларға жуық қаражатқа қару-жарақ сатып алса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 30 млрд долларға дейін түскен.
Қазақстан Қарулы Күштерін заманауи техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз ету мәселесін біріншіден Қауіпсіздік кеңесі, одан кейін Қорғаныс министрлігі, Бас штаб шешетіні белгілі. Біз жалпы Украинадағы соғысты бақылап отырған және әскери техника саласына қызығып жүрген азамат ретінде айтар болсақ, Украинадғы соғыста бірқатар мәселе көзге түсіп жатыр. Бірінші кезекте жалпы қандай мемлекет болса да, әуе қорғанысы күштерін жетілдіру өзекті екені көзге түсіп тұр. Айталық, зымыран соққысына қарсы күрес, дрондармен күрес мәселесі ерекше рөл атқарып жатыр. Сонымен қатар жаяу әскердің түрлі гранатаметтермен, шағын гранаталармен қамтылуы да маңызды сияқты. Иә, былтыр қабылданған Қарулы Күштердің құрылысы мен даму тұжырымдамасының тезистерінде Қазақстан әскердің мобильді түрін жетілдіру, сонымен қатар, зымыран қорғанысы мәселелерін шешу керек деген сияқты бағыттар бар болатын. Яғни, мемлекет бұл бағытта өзінше әрекет етіп жатыр деген сөз. Қарабақ соғысында Қазақстандағы армияның құрамында десанттық шабуылдау немесе батальондық-тактикалық топтардың, яғни, арнайы отрядтардың қарым-қабілетін арттыру өте өзекті екені байқалды. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет айтты. Жалпы әскерилер бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп отырған сияқты. Украинадағы соғыста бірінші кезекте әуе шабуылынан қорғану мәселесі өзекті. Екіншіден, радиоэлеткрондық әскердің де маңызды екені көзге түсіп жатыр.
Радиоэлектронды әскер дегенде, меніңше, жер бетіндегі қондырғылардан бөлек алыстан радио-локациялық құрылғылары бар ұшақтар да өзекті болатын шығар. Ол қарсыластың түрлі зымырандары мен әскери қаруларынан шығатын сигналдарды аулайды. Соның негізінде олардың басқару негіздерін жояды немесе радарларын тұншықтырады. Менің білуімше, Қазақстанда ондай ұшақ жоқ. Сондай бірлі-жарым ұшағымыздың болғаны да өзекті деп есептеймін. Әскери топтардың мобильділігін арттыру, сөз жоқ, маңызды болып саналады. Арттилерияны жетілдіру, дүркіндетіп ататын арттилериялық қондырғыларды заманауи күйге келтіру де өзекті. Қазір "Смерч", "Ураган", "Град" сияқты қондырғылардың тым тиімді емес екеніне көзіміз жетті. Сондықтан дүркіндетіп ататын қару-жарақтың әр елде шығарылған бірнеше түрін бірлі-жарым болса да армияға ала берген жөн деп білемін. Айталық Түркиядан, Израильден мұндай қарулар алуға болады.
Біз қазір қоғамдағы көзқарас негізінде Ресейдегі қару-жарақтың бәрі ескірді, түкке жарамайды деген пайымды жиі айтамыз. Ал, шын мәнінде, Украина соғысында Кеңес одағынан қалған немесе Ресейде жасалған техникалар әлі де өз мүмкіндігін жоймағаны көзге түсіп жатыр. Айталық, Украина әуе қорғанысы кешенінде С-300, С-125 зымыран кешендері, С-200 қондырғылары, БукМ-1, БукМ-2, тіпті ТорМ-1 сияқты қондырғылар да маңызды екенін көрсетіп тұр. Яғни, бұл жерде әскердің қолындағы техникадан бөлек, оны меңгеретін мамандардың сапасы да маңызды. Сол тұрғыдан белгілі бір техниканы Ресейден сатып алу мәселесі өзекті бола беретін шығар. Одан бөлек НАТО үлгісіндегі өзге қаруларға да ұмтылған дұрыс. Қажет болса, Қытайдан да алу керек. Жалпы ел басшылығы әскери ынтымақтастық саласында көпвекторлы бағытынан жаңылмайды деп білемін. Осыған дейін біз француздармен бірігіп радиолокациялық қондырғылар жасадық. Түріктерден бірқатар қару алып жатырмыз.
Тіпті түріктердің дрондарын өндіретін кәсіпорындарды бірлесіп ашу туралы келісім жасалды. Алғашқыларын осы 2023 жылы алып та қоюымыз мүмкін. Сондықтан жалпы бұл жерде мәселенің бәрі мемлекет басшылығының ұстанымына байланысты болмақ. Ең бастысы – әскери қақтығысқа ұрындыратын қадам жасамау. Әйтпесе бір қателіктен болып опық жеп қалуымыз мүмкін.
Ресей Украиндағы соғыста өзінің қуатын толық көрсетпей отыр деген пікірге келсек, бұл жерде оның ядролық арсеналы туралы айтылып тұрған сияқты. Ал жалпы қолданыстағы тактикалық, оперативтік қарулар тұрғысынан алғанда Ресей қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Бұл жерде олардың қанатты зымырандары өзіндік рөл ойнап отырғаны сөзсіз. Кеңес одағынан қалған және тоқсаныншы жылдары өндірген қанатты зымырандары баршылық. "Искандер, "Кинжал", "Циркон" сияқты тактикалық зымырандар да бар. Сол тұрғыда Ресей ядролық қарудан басқа мүмкіндіктердің бәрін пайдаланып жатыр. Сол себепті ол қуатын толық жұмсамай жатыр дегенге келіспес едім.
Украинадағы соғыста Түркияның әлеуеті тікелей емес, жанама түрде көзге түсті. Бұл жерде технология мәселесі бар. Әсіресе Қарабақта түрік офицерлері Әзербайжан сарбаздарына кеңесшілік жасады. Сол кезде кеңесші болған генерал Б.Ерсай қазір Әзербайжанның Қорғаныс министрі Закир Гасановтың кеңесшісі болып ресми түрде тағайындалды. Сондықтан бұл жерде Түркиямен де байланыстың маңызды екенін білу керек. Ондай байланыс белгілі бір дәрежеде бар да.
Түркиялық дрондардан бөлек радиоэлектрондық күрес жабдықтарын да алуға болады. Менің білуімше, ондай жабдықтарды ала қойған жоқпыз. Айталық, Түркияда Koral-1, Koral-2 дейтін радиоэлектрондық қорғаныс құралдары бар. Осындай техникаларды алған дұрыс деп есептеймін. Қорғаныс министрлігі жалпы Түркиямен байланысты керемет болмаса да, орта деңгейде ұстап отыр – өзара жаттығулар бар. Түрік әскерлері Қазақстан сарбаздарының қысқы жаттығуларына қатты қызығады. Ал біз олардың NATO үлгісіндегі әскери бөлімдерінің мүмкіндіктерін зерттеп, зерделеуге мүдделіміз. Сондықтан өз басым Қорғаныс министрлігінің бұл бағыттағы саясаты дұрыс деп есептеймін. Әлі де тереңдету дұрыс шығар деген де көзқарасым бар. Өйткені Түркия – қалай болғанда да, армиясын NATO стандартымен жасақтаған мемлекет.
Украина соғысында әлбетте Бас штабтың, сардарлардың, командирлердің біліктілігі айрықша рөл атқарғанын ескеру керек. 2014 жылы Украинадағы жағдай да біздікіне ұқсас болатын. Яғни, Кеңес одағынан қалған белгілі бір әскери-техникалық, стратегиялық ережелерді, әдістерді басшылыққа алған офицерлер көп болды. 2014-2022 жылдар аралығында Украина командирлері, қолбасшылары мейлінше NATO үлгісіндегі тактикаға бейімделді және Батыс әскери құрылымдарының жетістіктерін мейлінше меңгеруге тырысты. Бұл жерде олардың Батыс үлгісіндегі әскери-техникалық білімінің арта түскенін атап өтуге болады. Бірақ 30 жылдағы саясатымыз түбірімен қате болды деп кесіп-пішуге болмайды. Өйткені әр мемлекеттің географиялық жағдайы, көлемі, сөзсіз, белгілі бір рөл атқарады. Мысалы, Қазақстанның шекарасы Ресеймен 7 мың шақырымға, Қытаймен 1,5 мың шақырымға созылып жатыр. Территориясы бойынша 9-орында болса, Қорғаныс өнеркәсіп кешені дәл Украинадағыдай емес, әлдеқайда әлсіз елміз. Халқымыздың саны да аз.
Біздегі сардарлардың білімі, білігі, сөз жоқ, саяси, әлеуметтік, экономикалық, географиялық жағдайымыз негізінде пысықталып, осы тұрғыдан зерделенген әдіснама бойынша қамтамасыз етілуге тиіс деп білемін. Өкінішке қарай, біз соңғы 30 жылдағы, оған дейінгі көп дүниемізді мансұқтауға құмармыз. Негізі мансұқтамас бұрын қандай кемшілік болды, қандай артықшылықтарымыз бар дегенді зерттеп, зерделеген дұрыс.
Әскердің әлеуетін тек соғыс жағдайында ғана білуге болады. Ал ондай күннің қазақтың басына тумағанын қалар едім. Мейлі, қағаздағы рейтингтер бойынша 50-60 орындарда жүре берейік, ең бастысы, тыныштықтың қадірін білген жөн. Ал сардарлардың қателік-кемшілігін нақты зерттеу жасамай анықтау қиын. Өйткені стратегиялық қате, тактикалық-оперативтік қате деген болады. Әскери бөлімдердің орналасуынан бастап, әскери құрылымдардың жабдықталуы, тыл қызметі, коммуникация қызметі дегендер бар. Соның бәрін ескергенде ғана баға беруге болады. Сол себепті өз басым 30 жылдағы әскери саясатымыз қате болды немесе дұрыс болды деп біржақты баға бере алмаймын.
Басшылық құрамның бәрі Ресейде оқыды, содан болып біздің көзқарасымыз ресейлік әскерилер сияқты қалыптасып жатыр деген ой туындауы мүмкін. Бірақ өзімізде де әскери мамандар даярлайтын оқу орындары бар. Онда да мәселеге белгілі бір мөлшерде ғылыми көзқараспен қарайтын мамандар бар екенін атап өту керек. Әр жердегі аймақтық қақтығыстарды, түрлі оқиғаларды өздерінше зерттеп, сараптап отырады. Сол себепті Ресей сарбаздары мен қолбасшыларының қателігін бізде де қайталайды деп кесіп-пішіп айтуға болмайтын шығар. Мысалы, бұрынғы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың Қарабақ соғысындағы Әзербайжан армиясының тактикасын зерттегені, ұдайы бақылап отыратыны туралы мәліметтер қолымызға түскен. Ол мәліметтерді өзінің оқытушылық ісінде пайдаланады деген сөз. Ресейдің әскери білімінде бәрі нашар, бәрі істен шыққан деуге келмейді. Қалай болғанда да Ресейде белгілі бір мөлшерде әскери ғылым бар екенін жоққа шығаруға болмайды.
Әрине, Украинадағы жағдайда Ресей командирлерінің жалпы шешім қабылдауда жиі ағаттық жіберіп жатқаны үнемі көзге түсіп тұрады. Бұл бәлкім теориялық тұрғыда дайындықтарының жетіспеуінің салдары болуы ықтимал. Екіншіден, әр командирдің дербес шешім қабылдай алуына да көп нәрсе байланысты екенін ескеру керек. Кезінде Бауыржан Момышұлының өзі әсіресе Мәскеу түбіндегі шайқаста көп шешімін дербес қабылдағанын білеміз. Сондықтан әр бөлім командирінің дербес шешім қабылдау мәселесі өзекті болып саналады. Ал теория дегеніңіз басқа дүние. Бұл жерде Қазақстанның армиясында да командирлердің дербес шешім қабылдауына кері әсер ететін факторлар болуы мүмкін. Бізде шені жоғары адамның бұйрығы қалай болғанда да орындалуы керек. Әскерде "Бұйрық талқыланбайды, орындалады" деген көзқарас бекем. Қажет болса, бұйрық талқынауы керек. Төменгі деңгейдегі командирлер, бөлім жетекшілері, рота командирлері, батальон командирлері өзінен жоғары тұрған басшылықтың шешімін қандай да бір тактикалық мәселеде дұрыс деп таппаса, өз бетінше әрекет ететіндей қосымша машықтанғаны дұрыс деп есептеймін. Сондықтан әскери білім мәселесінде сарбаздарымыз бен сардарларымызды жан-жақты, бірнеше елде оқытып алғанның артықтығы жоқ.
Егер Үндістан Ресейден қару-жарақ сатып алмауға бекінген болса, ол әлбетте, сол ел билігінің өз шешімі. Біздің де көп қаруымызды Ресейден алатынымыз даусыз. Бұл жерде қару-жарақ нарығының күрделі екенін ескеру керек. Қазір әлемнің алпауыт компаниялары қару-жарақ нарығынан ресейлік өндірушілерді біртіндеп ығыстырып жатыр. Стокгольмдегі Бейбітшілікті зерттеу институтының дерегі бойынша әлемнің 100 ірі компаниясының ішінде Ресейден үшеу ғана қалған. Ал өзге зерттеу орталықтарының мәліметтерінде біреу ғана қалған. Қазірдің өзінде сол тізімге Түркияның 3 компаниясы енген. Алдағы уақытта 5-ке дейін жетуі мүмкін. Бұл ТОП-100-дікте көбінесе Американың, Қытайдың, Оңтүстік Кореяның, Батыс Еуропаның компаниялары бар. Сондықтан Үндістанның шешімін тіке стратегиялық тұрғыдан емес, бәлкім нарықтағы құбылыстар тұрғысынан бағалаған жөн шығар. Рас, Ресей тарапынан қателіктердің көп екенін көзге бірден түседі. Мысалы, көптеген сарапшылар жақсы деп есептейтін МиГ-31 жойғыш ұшағының қозғалтқыштары Ресейде 1996 жылдан бері өндірілмейді. Демек, қосымша қосалқы бөлшектері жоқ ұшақты пайдалану қаншалықты тиімді? Осы сияқты мәселелерді жан-жақты зерттеп, зерделей келе, Үндістан тарапы белгілі бір шешім қабылдаған шығар.
Өкінішке қарай, Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі саласында әлсіз мемлекет екенін мойындау керек. Кеңес одағы кезінде бізде бұл саладағы 50-ден астам ғана кәсіпорын болған. Ал Украинада ол кезде, қателеспесем, 1800-ден астам кәсіпорын жұмыс істеген. Ол кезде Украинаның 2 миллионнан астам азаматы осы салада қызмет етті. Конструктор болды, инженер болды, сынақшы болды деген сияқты. Бізде ондай ірі көлемдегі өнеркәсіп жоқ. Украинада Михаил Янгель атындағы оңтүстік мемлекеттік конструторлық бюросы деген үлкен орталық болды. Осы сияқты түрлі конструкторлық бюролар бар. Олардың бірқатарында қазір Ресей қолданып жүрген көптеген зымырандар құрастырылып, жобаланған болатын. Айталық, Р-14, Р-12 сияқты зымырандар сол Украинада жасалды. Сондықтан Украинаның қорғаныс өнеркәсіп әлеуетімен Қазақстанды салыстыруға келмейді.
Біз бәлкім көптеген техника тұрғысынан әлі де Ресейге кіріптар бола беретін шығармыз. Бірақ атыс қарулары, артиллерия, дүркіндетіп ататын қондырғылар, радиолокациялық құрылғылар мәселесінде жабдықтарды өзге елдерден алуға мүмкіндігіміз болады деп ойлаймын. Оған мемлекет басшылығы, әлбетте өз позициясын аңғартып, әскери саладағы көпвекторлықты сақтай алады деп үміттенемін. Ал енді ұшақтар мен танктерге келсек, өкінішке қарай, әлі де ресейлік техникаларды алатын шығармыз. Бұл бері айтқанда 2030 жылға дейін жалғасатын шығар. Әрі қарай да жалғасуы ғажап емес.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін