Сайлау күні топалаң ұйымдастыруды көздегендер әшкере болды

1633

Қанды қаңтар оқиғасын қайталауды көздейтін қылмыстық топтар бар болып шықты.

Сайлау күні топалаң ұйымдастыруды көздегендер әшкере болды

Олар 20 қараша – кезектен тыс президент сайлауы өтетін күні ел ішінде топалаң ұйымдастыруды жоспарлап, соған дайындық жүргізіп келген екен. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ондай қылмыстық топтың жолын кесіп, бірнеше ұйымдастырушысын қолға түсірді. Мұндай мәліметті Ұлттық қауіпсіздік комитеті жариялады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің таратқан ақпаратына қарағанда, радикалдық ұстанымдағы адамдар әрекет еткен. Олар қаңтар оқиғасынан бері ел ішінде тағы да бүлік шығаруды және қалаларды басып алуды ойластырып, соған жоспар құрған. Қоғамды шайқауды Алматы мен Астана қалаларынан бастамақ болыпты. Ақорданы басып алу мақсатын да алдарына қойған екен.  

Қылмыстық топтың әкімдік ғимараттарын, инфрақұрылым, байланыс, бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация нысандарын басып алмақ болғаны айтылды. Олар қалалардағы жолдарды жабуды да мақсат еткен. Ұсталғандар елдің берекесін қашырмақ болған екен. Қылмыстық топ бұл үшін қалаларға мол шығын келтіріп, бейбіт тұрғындар арасында үрей туғызуды ойластырған.

Ұсталғандар радикалдық ұстанымдағы көптеген адамды тапаншалармен, автоматтармен, снайперлік винтовкалармен және мылтықтармен қаруландырмақ болған. Қаңтар оқиғасы кезінде қыруар қару-жарақ тоналғаны белгілі. Соның едәуір бөлігі әлі табылған жоқ, әр қалада жасырулы жатыр. Жақында ғана Ішкі істер министрлігі қаңтарда тоналған қару-жарақтың әлі 2026 данасы табылмай жатқанын айтқан еді. Мұқият жасырулы күйдегі осыншама қару бүлікшілердің қолына қайта түссе оның қасірет әкелетіні сөзсіз. Қазіргі күні құқық қорғау органдары жатпай-тұрмай бүлік ұйымдастырылуының алдын алуға көшкен. Ұсталғандардың жоспарында қылмыстық топтарды қаруландырып, еліміздің күштік құрылымдарына шабуыл жасау болған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдемесінен:

"Сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" ұйымдарының  белсенділері болып табылатын қылмыстық топ наурыз айынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің жіті назарында болды. Топтың құрамында әр түрлі әлеуметтік топтардың криминалдық өкілдері болды. Прокуратура органдарының санкциясымен бірнеше айдың барысында қылмыстық топ мүшелерінің пәтерлерге, үйлерге астыртын түрде жиналып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, билікті күштеп тартып алу және уақытша үкімет құру жоспарларын талқыланғанының есебі жүргізілген және ондай кездесу сәттері құжатқа түсіріліп отырған".

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, қылмыстық топ мүшелері "Молотовтың коктейлі" деп аталатын арнайы құрылғыларды дайындаған. Оны шишаның ішіне тұтанатын сұйық құйып жасаған. "Молотов коктейлімен" қылмыстық топ бейбіт тұрғындар көп шоғырланатын орындарда, құқық қорғау органдарының өкілдері жиналған жерлерде жарылыстарды жасамақ болған. Мұндай жарылғыш затты соғыстың бастапқы күндерінде украиндар жасап қолданған болатын. Біздегі қылмыстық топ "Молотов коктейлін" украиндықтардың жасаған үлгісімен үй жағдайында астыртын өндірген.

Бүлікті ұйымдастырмақ болғандар ішіне тұтанатын сұйық құйып жасалған "Молотов коктейлін" Алматы облысындағы ауылдардың біріне алып барып сынақтан өткізген. Яғни олар көзден таса жерде "Молотов коктейлін" және Алматының құрылыс дүкендерінен сатып алынған қоспалардан қолдан әзірленген гранатаға ұқсас заттарды лақтырып, жарылыс жасап байқаған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдемесінен:

"Шабуыл 20 қарашаға, Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы өтетін күнге дауыс беру процесін болдырмау мақсатына жоспарланған. Қылмыстық топтың негізгі көздегендері – Алматы қаласында билікті күштеп тартып алу, бұқаралық ақпарат құралдарын басып алу жолымен жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға өзге аймақтардың және Астананың тұрғындарын да үндеу, Мемлекет басшысының резиденциясын сырты құрышпен көмкерілген шынжыртабан техникалардың күшімен басып алу".

Сырты құрышпен көмкерілген шынжыртабан трактор танктің ролін атқарады деп жоспарлаған болса керек. Сыртындағы құрыш техниканы оқтан қорғайды деп көмкерілген. Құрышты әр жерінен тесіп, трактордың алды-артына бірнеше бейнебақылау орнатқан екен. Ал ішінде төңіректің бәрін анық көріп отыратын кіші-гірім экраны да бар.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті "20 қарашада жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлау" ісіне қатысқан деген күдікпен бір топ адамның  ұсталғанын мәлімдеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтына 17 қараша күні жарияланған баспасөз-релизінде арнайы операция жасаудың нәтижесінде жеті адам ұсталғанын айтты.

Ұсталғандардың тергеуі билікті күштеп тартып алу және конституциялық құрылысты күштеп өзгерту әрекеттеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 179-шы бабының 2-ші бөлігі және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырумен байланысты 272-баптың 1-ші бөлігі бойынша басталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсталғандардың аты-жөндерін әзірге атаған жоқ.

Қаңтар оқиғасы еліміз үшін сабақ болғаны рас. Ондай қасіреттің тағы қайталануына жол бермеу үшін үлкен жұмыс жүргізіліп жатқан сияқты. Бұл жұмыс жемісті болсын, ел іші дүрлікпесін деп тілейік.  

Енді сайлауды аман-есен өткізіп алғанша да, одан кейін де құқық қорғау органдары таңды таңға ұрып еңбек ететін болса керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу