Саяхатшылар ақ соры шыққан теңіз бен қаңырап қалған кемелерді көргісі келеді

Ең алдымен, Арал теңізі шетелдіктер үшін сауда не ойын-сауық, тарихи орындарға туризм емес, экологиялық апат аймағы ретінде танымал. 

Саяхатшылар ақ соры шыққан теңіз бен қаңырап қалған кемелерді көргісі келеді

Олардың бәрі "біз бала кезімізде мектепте Арал теңізінің әлем бойынша төртінші орындағы теңіз екенін білетінбіз, қазіргі жағдайын естіген соң, көзбен көруге келдік" деп айтып жатады.

Аралға келетін туристің бәрі "теңіз табанында кемелер қалды ма?" деп сұрайды.

Себебі, жолсерік кітаптарда, туристік сайттардың бәрінде "Кемелер бейіті" деп аталып кеткен жер Арал ауданының Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш елді мекені жанында 12 кеме шоғырланған болатын. Негізінен кемелер 4 жерде болды. Арал қаласының ескі портында, Жалаңаштың қасында, Тастүбек пен Ақеспенің ортасындағы Бутаков шығанағында 5-6 кеме болды, сосын ары қарай Құландының жолында 10 шақты кеме болған. 

Өкініштісі сол, 2008-2009 жылдары осы кемелер көрінгеннің қолында кетті. Оның қатарында Аралдың жұмыссыз жігіттері де бар, адамдар Қызылордадан да келіп кесті. Бірінші, Арал портындағы кемелер кесілді. Одан соң Жалаңаштағы кемелерге қол салды. Ол кезде мен музейдің бұрынғы директорына, Мергенсай ауылдық округінің әкіміне, сол кездегі жергілікті кәсіпкерлік және туризм саласы басшыларының бәріне айттым. "Ең болмаса, сол кемелерді Аралға жақын жерге жинайық, бір ғана ескерту тақтасын орнатсақ, мемлекет қорғауына алсақ" деп едік.

Мысалы, Жалаңаштағы кемелерге теңіз табаны болғандықтан, үлкен жүк машиналары, крандар бара алмайды. Жалғыз жол ауылдың ортасындағы көшені қақ жарып өтеді. Жалпы, қадағалауға болар еді. Білмеймін, сол кездегі адамдар "алыс" деді, "қымбатқа түседі" деді, әйтеуір, кемелер қараусыз қалды. Көбі "портта тұрған жоқ па кемелер?

Соған апарсақ та болады ғой" дейді. Бірақ, туризм саласындағы адамдардың, фотографтардың көзқарасымен қарасақ, біздің портқа әкеліп қойған кемелер дұрыс, олар – көненің көзі, бірақ темір тұғырға қойып, неше түрлі бояумен бояп қою туристер үшін қызық емес. Олардың көргісі келетіні ақ соры шыққан теңіз табанындағы жантайып қалған, мейлі, ол тот басып, шіріп жата берсін, сонда да сол теңіздің өткенінен хабар беретін жәдігер ретінде тұруы орынды. Енді мұның бәрі кезінде айтылды, кейін Жалаңаштағы 12 кемеден 2015 жылдары 3 кеме қалды. Сол кезде де сақтап қалуды ұсындық, БАҚ беттеріне де жазылды. Жан-жақтағы туристік агенттіктер де қолдады, бірақ жергілікті биліктен қозғалыс болмағандықтан, кемелер кесіліп-кесіліп әркімнің қолында кетті. 

Жалаңаштағы кемелерді кесіп тауысқан соң, арғы жағындағы Ақеспе жақтағы Бутаков шығанағындағы Қарасандық деген әдемі төбенің етегінде теңізді жағалай 6 кеме жатқан еді. Ол 6 кеме бертінде кесілді, яғни 2019-2020 жылдары теңіз кері қайтқанша 1-2 кеме суға еніп жататын. Біз туристерге балықшылардың резеңке етігін беріп, кешіп барып суретке түсуіне жағдай жасайтынбыз. Сол жылдары карантин уақытында ол жаққа ешкім бара алмады. 2021 жылы барғанымызда тып-типыл етіп кесіп кеткеніне куә болдық. Қазір бізде кеме-қайықтар қалған жоқ.

Шығанақ, Құланды жақтағы кемелерде 2015 жылы жақсы түсірілім болды. Сол жылы әлемге әйгілі Пинк Флойд келіп, бейнебаян түсірген. Онда екі кеме бар. 2016 жылы ол кемелер де кесіліп кетті. Бізде қалғаны Аралдың портында тұрған 4-5 кемеміз, сосын Ақбасты елді мекеніне кірберісте бір және мектеп жанында бір кеме тұр. Бірақ, ол да көтеріп әкеліп бояп қойғандықтан, сол екі кеме үшін 280 шақырым жүріп Ақбастыға ешкім бара бермейді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу