Солтүстіктегі бір мектепті жапсақ, қазақ елінде 50 шақты үйсіз-күйсіз отбасы пайда болады

Солтүстіктегі жабылған ауылдар. Иесіз қалған үйлер, бос жатқан жерлер... 

Солтүстіктегі бір мектепті жапсақ, қазақ елінде 50 шақты үйсіз-күйсіз отбасы пайда болады

Ауылдарды жандандыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бір мектептің жабылуы болашақта ол ауылдың босап қалуына алып келеді. Мысалы, бір ауылдағы мектеп жабылды дейік. Ол мектепте кем дегенде 15 адам жұмыс істейді. Директор, мұғалім, күзетші, от жағушы, пол жуушыларды қосқанда. Сонымен не керек, мектеп жабылғасын олар жұмыссыз қалады. Көршілес ауданға, ауылға барайын десе, өз ауылындағы "құн" түсіп кеткендіктен, әмбе мектеп жабылғасын өз үйін сата алмайды.

Демек, көршілес елді мекенде немесе қалада үй сатып алатын оның мүмкіндігі жоқ. Амалсыз пәтер жалдайды, жиған-тергені ішіп-жемі бала-шағадан аспайды. Ал ауылда тұрып жатқан қарапайым адам ше, оның бастауыш сынып оқитын балалары бар болуы мүмкін. Өмірі мал шаруашылығымен айналысқан шаруа балаларым оқысын деп, амалсыз өзге елді мекенге көшеді. Ол жерге барса, мал бағатын мүмкіндік жоқ, жұмысқа кірейін десе, диплом жоқ, дипломы болса да, еңбек өтілі жоқ. Қысқасы, бір мектепті жауып-ақ, қазақ еліне 50 шақты үйсіз-күйсіз отбасыны оп-оңай шығара саламыз. 

Осыған байланысты, жабылуға сәл тұрған ауылдарды дамытуға жұмыс істеу керек деп ойлаймын. 
Мысалы, Солтүстіктегі мектебі жабылайын деп тұрған бір ауылдан "Балалар қалашығын" салу керек. Яғни, Оңтүстіктегі жетімханалардан көзінде оты бар, еті тірі, әртүрлі жастағы 30 баланы іріктеп алып, сол қалашыққа көшірсек. Ол қалашықта жанға керектінің бәрін жасап, сол 30 баланы еңбекке баулу мәселесі дұрыс жолға қойылсын! Соған тиесілі кішігірім мал бордақылау нүктесі, қоян өсіру, құс өсіру, жылыжай, тағы сол секілді дүниелер ұйымдастыруға болады. Нәтижесінде бір ауылдың мектебі сақталып, бірнеше жұмыс орны ашылады. Ең кереметі, болашақта өзіне сенімді, еңбекқор, малдың, құстың, диқандықтың қыр-сырын білетін қазақтілді 30 азамат тәрбиелеп шығамыз. 

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу