Жол ережесін жүйелі түрде бұзатындарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастау туралы ұсыныстың жақсы жағын көріп отырған жоқпын. Біріншіден, адамдар айыппұл төлемей кетуі мүмкін. Себебі бұл қалтаны қағатын ақша. Мысалы, бағдаршамның сары түсіне өтіп кеткені үшін 40 мың теңге төлеу дегеніміз үлкен сома. Адамдар осы шешімнен кейін заңды бұзбайтын болады деп те айта алмаймыз. Бұл ұсыныстың ең үлкен минусы – халықтың наразылығы. Соңғы уақытта әртүрлі жаңашылдықтар көбейіп кетті ғой. Қосымша құн салығының мөлшерлемесі, баға өсімі және т.б..
Жыл сайын айлық есептік көрсеткіш өскендіктен, айыппұл мөлшері де артып отыр. Жолдардағы бейнебақылау камераларының саны да ұлғайып жатыр. Статистикаға көз жүгіртсек, соңғы он жылда жол апаттарының саны азайған емес. Біз жаңа шектеулер енгізіп, камераларды орнатып жатырмыз, бірақ бұл жолдағы қауіпсіздікке айтарлықтай әсер етіп жатқан жоқ. Жылына орта есеппен 2 мыңға жуық адам жолдарда қаза табады. Ал Үкімет ұсынып отырған жалғыз тәсіл айыппұл болып отыр.
Балабақшалар мен мектептерде жол жүру ережелеріне оқыту жағы ақсап тұр.
Бұл мәселеде балдық жүйе енгізу қажет. Мәселен, жүргізушіге бір жылға 100 балл беріледі. Өрескел бұзушылық жасағаны үшін одан 30 балл алынады. Орташа бұзушылық үшін минус 20 балл дегендей. Жеңіл құқық бұзушылық жасаған жағдайда – 10 балл. Егер жүз балдан айырылса, онда бр жылға көлікті тізгіндеу құқығынан айырылады. Көлікті қатты масаң күйде жүргізіп, жол апатына әкелген жағдайда, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру керек. Бұл норманың қарастырылғанына көп болды. Бізде жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндейтіндер де кездесіп жатады. Олар үшін де айыппұлдан басқа жауапкершілікті қарастырған жөн. Мас күйде көлік тізгіндеп, жол апатын жасағандардың көлігін тәркілеу жағын да қарастыру керек.
Ал бізде айыппұл көлемі өсіп жатыр. Халық бұл қазынаны толтыру үшін істеліп жатыр деп қана түсінеді. Егер де айыппұл төлеуде 50 пайыз жеңілдік алынып тасталатын болса, онда бұл адамдарға ұнамасы анық. Қазір бензин, автогаз бағасы қымбаттайын деп жатыр.
Жылдамдықты сағатына 10-20 километрге арттырғаны үшін салынатын айыппұл мөлшеріне тоқталсақ. Өзбекстанда бұл 1360 теңге, Қырғызстанда – 17 370 теңге, Ресейде – 2640 теңге, Қазақстанда – 19 660 теңге. Демек бұл – көршілес елдер арасындағы ең жоғары айыппұл.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін