Дегенмен шенеунік те адам. Егер қолы таз болса, ол өзінің туралығын дәлелдеуге қауқарлы екенінің жарқын көрінісіне куә болдық. Бюджет қаржысын талан-тараж етті деген айыппен сотталған ақтөбелік шенеунік өзінің тазалығын дәлелдеп ақталды. Ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары 2020 жылы қамауға алынды. Қала әкімінің 41 жастағы орынбасары Жангелді Әубәкіров бюджет қаржысын жеп кетті деген жаман атқа қалған еді.
Шенеунікке "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысымен бірге жаңажылдық безендіруге бөлінген қазынаның қаржысын иемденген. Бюджеттен ақша бөлгенімен, қалаға шырша орнатып, әсемдеуді кәсіпкерлердің мойнына жүктеген" деген айып тағылған. Әубәкіров бұл айыпты мойындаған жоқ.
Жангелді Әубәкіров оған дейін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болған. Ал Ақтөбедегі жаңа қызметті тоғыз ай атқарған болатын. Ол қаланың құрылысына және коммуналдық шаруашылығына жауап берді.
Қылмыстық іс сотқа өтіп, бірнеше адам сотталған еді. Арада біраз уақыт өткенде істің ақ-қарасы ажыратылды, сотталғандар ақталды.
Апелляциялық шағымның нәтижесінде Жангелді Әубәкіров Қаржы министрлігінен 12 млн теңгеден астам шығынын өндіріп алды
Әңгімені басынан баяндасақ, 2020 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров ұсталып, Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша тергеу жүрген.
Ал 2021 жылдың маусым айында Ақтөбе қалалық №2 сотында қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Досов, мердігер мекеме басшысы Жанасбаев, бас есепші Дүйсемби, жеке кәсіпкер Мұстафинге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Жаңа жыл кезінде безендіру жұмыстарына бөлінген ақша талан-таражға түсіп, мемлекетке 90 миллион теңгеден астам залал келтірілгені айтылған.
"Сот Досов пен Әубәкіровті 7 жылға, Жанасбаев пен Мұстафинді 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дүйсембиге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның жас баласы болуына байланысты жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды", – деп хабарлады сол кезде №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.
Ал арада бір жылдан астам уақыт өткенде Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ақтау үкімін шығарды. Яғни, сот отырысында айыптаушы тарап сотталушылардың сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қандай жолмен аса ірі мөлшерде талан-таражға салғанын дәлелдей алған жоқ.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары сотталушылардың кінәсін толық дәлелдейтін айғақты ұсынбағандықтан сот сотталушыларды кінәсіз деп таныды. Әрі қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерінен соң шығынды өтетуге құқығы бар екені де айтылды.
Ақтөбе қалалық сотында Жангелді Әубәкіровтің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінен, Ақтөбе қаласының әкімінен 100 миллион теңге көлемінде моральдық залалды өндіру туралы талап арызы қаралды.
Сот шешімімен талап ішінара қанағаттандырылып, 5 миллион теңге сомасында моральдық зиян өндірілді. Кейін Әубәкіров сотқа қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу туралы өтінішпен тағы да жүгінді. Соттан инфляцияны ескере отырып, оған 22 946 419 теңге мөлшерінде жоғалған жалақысын өтеуді сұрады. Ақтөбе қаласының №2 сотының қаулысымен өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған еді.
Ал одан кейінгі апелляциялық сатыдағы соттың биылғы жылғы 10 наурыз күнгі қаулысымен арыз ішінара қанағаттандырылып, ҚР Қаржы министрлігінен Жангелді Әубәкіровтың пайдасына оны қылмыстық жауапкершілікке тарту және заңсыз соттау салдарынан келтірілген мүліктік зиян 12 404 702 теңге сомасында өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енді.
Мінеки, орынсыз істі болып сотталған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қылмыстан таза болып шықты, өзінің туралығын дәлелдеді. Ал сотталып кеткен өзге шенеуніктердің арасында жазықсыз қамалғандар болуы мүмкін. Солар Жангелді Әубәкіровтен үлгі алып, өздерінің тазалықтарын дәлелдеуге талпынса болады. Сот әділдігі дегеннің бұл да бір көрінісі болар. "Шаш ал десе бас алатын" заман осылай бірте-бірте артта қалатын болса қанеки
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін