Қазақстан – экспорттаушы мемлекет. Біз өндірген өніміміз 250 млрд доллар болса, соның 80 млрд долларын, яғни үштен бірін экспорттаймыз. Сондықтан біз үшін теңге бағамы өте маңызды. Бірақ экспорттаушылар үшін теңгенің инфляция деңгейінде әлсізденіп тұрғаны жақсы болар еді. Мәселен, бір доллар 460-470 теңге болса, экспорттаушыларға жақсы. Бүгінгі таңдағы 440-438 теңгеге дейін түскені бұл импорттауға тиімді. Сөрелеріміздің бәрі Ресейдің тауарларына толып кетті. Себебі теңгенің қуаттануы біздің өндірушілердің бәсекелестігін аздап төмендетті.
Рубль де, доллар да ел экономикасы үшін маңызды. Өйткені доллармен дүние жүзі сауда жасайды, алтын-валюта қоры мен ұлттық қор америкалық валютада есептелінеді.
Ұлттық валютаның нығаюы отандық экспорттаушылар үшін белгілі бір деңгейде теріс әсер етіп жатыр. Импорт арзан болып, Ресейдің тауарлары біздің тауарларымызға қарағанда бәсекелестігі жоғары болып кетті.
ЕАЭО аясында ең негізгі әріптесіміз – Ресей, сол себептен рубль керек. Біз Ресейден көп импорттаймыз. Ресей соғысқа кіргеннен кейін өз рублін өте құнсыздандырды. Кезінде бір доллар 60-65 рубль болатын, қазір 95 рубльге шығып кетті.
Үкімет ертеңге күнін ойламастан Ұлттық қордан ақшаны өте көп алып жатыр. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, Ұлттық қорға ауыз салуды азайту қажет. Әр жылы бюджетті жасаған кезде бар болғаны 2 трлн теңге ақша аламыз дейді де, соңында 4-5 трлн теңге алып қойғанын білмей қалады.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін