Ел туризмі тарихында алғаш Мемлекет басшысы төрағалығымен өткен басқосу болды десек артық айтпаған болармыз. Демек үкіметтің күн тәртібінде туризм алдыңғы орындарға шығып, билік басындағылардың назары ауды деген сөз. Бұрын біздің сала маңыздылығы жағынан соңғы орындарда еді, қазір жиі айтылатын, жиі көтерілетін өзекті мәселеге айналды.
Алайда үкімет бет бұрғанымен, ондай ынта-жігерді облыс, қала әкімдерінен көрмей отырмыз. Әсіре, негізгі пайда көзі өндіріс пен бизнеске байланған аймақтар басшыларының туризмге деген көзқарасы әлі де болса көңіл көншітпейді. Алайда саланың даму тірегі – сол әкімдіктер. Өйткені туристік инфрақұрылымды жасайтын күш – атқарушы билік: жер мен ресурс солардың қолында. Онымен қоса инвесторларды тарту да әкімдік құзыретінде. Туризм дамуының әкімдіктермен етене байланысы Президент өз жолдауында атап өткен аймақтарды мысалға алсақ та айнадайын көрінеді.
Алакөл мен Балқашта ұшу-қону жолақтары жаңартылғаны рас және бұл ондағы туризмнің көркеюіне жасалған нық қадам, алайда жол бар да, жағдай жоқ: кәріз жүйесі, жарық пен су мәселелері әлі толық шешілмеді, әрине, әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр дейді, алайда оның қашан нақты нәтиже беретіні белгісіз. Сондықтан Мемлекет басшысының сөзін "Алакөл мен Балқашта еш мәселе жоқ" деп түсінуден алшақ болуымыз керек. Оған қоса, жол бойындағы қызмет көрсету сапасы нашар, Балқашқа барар жолдың жағдайы Астана-Алматы тас жолы толығымен төселіп болғаннан кейін түзелетін шығар, бірақ Алакөлдегі туристік маусымның қысқа болуымен байланысты, кәсіпкерлер жол бойында қызмет көрсету орындарын ашуға онша қызығушылық танытпай отыр. Екі-ақ айға созылатын маусым құрылыс пен орналасуға кеткен шығынды ақтамайды, сондықтан осы жағын да назарға алған жөн.
Дегенмен бүгінгі Жолдаудың басты жаңалығы – Қазақстанның жауһары Қатонқарағайда әуежай бой көтеретін болды. Өйткені жолдың нашар болуы себебінен бұл бағыттағы тур пакеттер бағасы қалта көтермейді. Ол жаққа тек жол талғамайтын көліктер ғана жүре алады, яғни турист үшін қосымша шығын. Жалпы турпакет бағасы бірінші кезекте логистикаға тәуелді. Сондықтан жаңа әуе бағыты жаңа турлар ұйымдастыруға, қымбатшылықты еңсеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Біздегі туристік әлеуеті жоғары, кейінгі кезде дамуы қарқын алған Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы да Президент назарынан тыс қалмады. Кендірліде ұшу-қону жолағы ашылса, жергілікті туризмге айрықша серпін бермек, өйткені бұл аймақта, Алакөл мен Зайсанға қарағанда, туристік маусым (мамыр-қыркүйек) анағұрлым ұзағырақ. Ол аз десеңіз, маусым талғамайтын киелі жерлер мен Бозжыра сынды көз тартарлық туристік орындар жетерлік. Мұнда әуежай салынса, бизнес те қарап қалмайды: ірі демалыс орындары, 4 не 5 жұлдызды қонақүйлер салынады, жағажай туризмі дамиды.
Зайсанға келер болсақ, шыны керек, осы уақытқа дейін біз бұл бағытты негізгі туристік маршрут ретінде білмейтінбіз. Алайда үкімет ол жерді де қолға аламыз деп жатса, құба-құп. Инфрақұрылым жолға қойылса, туристік операторлар оны да өздерінің туристік өнімдеріне кіргізері сөзсіз. Бірінші кезекте – инфрақұрылым, кейін – турөнім.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін