Түркия мен Сириядаға қарап еліміз сейсмология мәселесіне мықтап назар аударуы керек

Түркиядағы зілзаланың салдарынан қаза болғандардың саны сағат санап артып барады. 

Түркия мен Сириядаға қарап еліміз сейсмология мәселесіне мықтап назар аударуы керек

Сейсенбінің түніне қараған уақыттағы мәліметте Сирия мен Түркияда қаза болғандар 5200-ден асқаны айтылды. Түркияда 3549 адам, Сирияда 1712 адам қаза болған. Одан бергі уақытта көз жұмғандар саны толығып та жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, апат аймағында 23 миллиондай адам тұрады. Апат аумағы – Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстігі.

Фото: Youth Journalism InternationalЗілзаладан қаза тапқандарды еске алу үшін бір апта аза тұту мезгілі басталды. Аза тұту 12-ақпанның күн батқан уақытына дейін жалғасады. Бұл аралықта Түркияның барлық аумағында және шет елдердегі Түркия елшіліктері мен өкілдіктерінде мемлекеттік ту жартылай төмен түсіріледі. 

Апат толқыны жер шарының бірталай аумағына дейін жеткен. Шымкент пен Түркістан қалаларының арасында 5 шақырым тереңдікте магнитудасы 5,4 болатын зілзала ошағы қылаң берді. Сол маңнан Таразға дейінгі аралықта 2-3 балл күшіндегі жер сілкінісі болып өтті. Зілзаланың ошағы Каспий теңізінің түбінде де белгі берді. Оның ошағы Ақтаудан 780 шақырымда, Иранға тақау аумақта болған. Ошақтың өзегі теңіз асында 14 шақырым тереңде болыпты. Иран жерінен Ақтауға дейінгі төңіректі күші 3,7 балл болатын жер сілкінісінің толқыны шарлап өтті. Ал Грузияның Батуми қаласының тұрғындары үйлердің қабырғалары теңселіп кеткенін жазды.

Жер сілкінісі Алматы жақта да сезілді. Зілзаланың ошағы Қытайда, Алматыдан 375 шақырым қашықтықта болған. Ошағының маңында күші 4,7 баллдық жер қозғалысы өтті.

Зілзаланың ең үлкен ошақтары Түркияда болғандықтан оған таяу маңдағы Еуропа елдерінің бәрі дерлік жер сілкінісінің толқынын бастан кешірді.  Еуропа аумағы бойынша 24 сағаттың ішінде 3 баллдан жоғары екпіндегі 322 жер сілкінісі тіркеліпті. Мұның бәрі жер асты қыртысындағы ірі плиталардың қозғалып, бір-бірімен соқтығысуынан жеп жатыр. Жердің қозғалысы әдетте он күнге дейін жалғасатын көрінеді.

Ал зілзаланың алапат ошағының екі негізгі кіндігі бұл жолы Түркия аумағына тұспа-тұс келген. Түрік ғалымдары осы жолғы жер сілкінісінің қуатын 130 атом бомбасының қатар жарылуымен салыстыруға болатынын айтады. Жерасты тербелістері Ирактағы Бағдад қаласында, Ливанда, Израильде, Абхазияда, Кипрде және басқа елдерде тіркелді. 3-4 балдық сілкініс Арменияның Ереван және Гюмри қалаларында байқалған. Армения қауырт желі ашты. Бірақ жер сілкінісінің ең ауыр зардаптары Түркияның еншісіне тиді.

Фото: people.comСейсмология ілімінің тілінде афтершок деген сөз бар екен. Мұны қазақ зілзаланың қайтымы дейді. Яғни зілзаланың алғашқы күшті толқыны болып, ол әбден басылғанға дейін жер ауық-ауық қайта сілкініп жатады. Қайтымы деген осы. Түркиядағы зілзаланың соңынан бір тәуліктің ішінде қайтымы қырық шақты рет жерді шайқаған. Мамандар бұл зілзаланың қайтымы ұзаққа, тіпті 3-4 жылға созылуы мүмкін екенін айтады.

Беті аулақ, ғалымдар арасында бүгінгі зілзала жер жүзінде алдағы уақытта тізбек құра жалғасатын сейсмикалық апаттардың бастамасы болуы мүмкін деген пікір пайда болды. Геологтар кейінгі уақытта Жер шарының терең қойнауларында үлкен процесстер жүріп жатқанын айтады. Ал зілзала тосыннан келеді. Оны алдын ала нақты болжап білу қиын деп жатады. Жаман айтпай жақсы жоқ, ғимараттар мен тұрғын үйлердің сейсмикалық төзімділігін арттыратын шараларды енгізу керек-ақ. Мамандар қайғы-қасіреттің алдын алу үшін ерте бастан қам-қарекет жасау керектігін ескертіп жатыр.  

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмология институтының мәліметінше,  Шығыс Қазақстаннан бастап, Қызылордаға дейінгі өңірлер, яғни елдің жартысына жуығы сейсмикалық қауіпті аумақ болып саналады екен. Әсіресе, Алматы өңірі бұл тұрғыда бүкіл Орталық Азиядағы ең қауіпті жер. Сейсмологтар 2023 жылы Алматыда жеті баллдан асатын жойқын жер сілкінісі болмайтынын болжап отыр.

Соңғы бес жылда Қазақстанда сейсмикалық құрылғыларда 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген екен. Ел аумағында 2018 жылы - 8500, 2019 жылы - 7800, 2020 жылы - 9500, 2021 жылы - 6700, 2022 жылы - 6900 жер сілкінісі болып өтіпті. Мамандар мұның бәрін қатты байқалмайтын жер сілкіністеріне жатқызған.

Түркия мен Сириядағы қасіретті көріп отырған Қазақстан үкіметі сейсмология мәселесіне мықтап назар аударуы керек деп ойлаймыз. Уақтылы болжамдарды мүмкіндігінше мүдірмей жасайтын деңгейге шығып жатса қанеки.      

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу