Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаннан кейін түлектер жоғары оқу орны мен болашақ мамандығын таңдайды. Өмірдегі маңызды шешімнің бірін қабылдаған кезде қателеспеу қажет екені түсінікті. Осы орайда сарапшы, "Білім Инновация" халықаралық қоғамдық қорының кәсіби бағдар берушісі Нариман Утеубаев жас түлектердің ҰБТ тапсыруы, "Алтын белгі" алу, менталитет пен стереотиптер, университет пен мамандық таңдау және басқа да мәселелер жайлы сөз қозғады.
ҰБТ кезінде тест тапсырушылардың алдынан қандай проблемалар, қиыншылықтар кездеседі? Сынақты сәтті тапсырып шығу үшін қандай мәселелерге дайын болған жөн?
Үрейге бой алдырмай, тек сұраққа жауап беруді ғана ойлау керек. Сынақ кезінде бар зейінді салу өте маңызды. Уақытты тиімді пайдалану үшін алдымен өзіңіз үшін жеңіл болатын, яғни жауап беруге уақыт аз кететін пәндерді орындаған жөн. Көбінесе оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы сынды негізгі пәндерден бастауға кеңес беремін. Ал бейіндік пәндерге соңына жауап беруге болады. Себебі кейбір сұрақтарға оқушы тез жауап бере алады, ал кейбіріне керісінше көп отырып қалуы мүмкін. Қайта-қайта бір пәннен екіншісіне өтіп, пәндердің жауап беру ретін сақтамасаңыз, босқа уақыт жоғалтып аласыз. Сұрақтардың жауабын тиянақты тексергеннен кейін ғана жауап парақшасына енгізген дұрыс болар.
ҰБТ жауаптарын сатып алуға әрекеттену, сынаққа смартфон, шпаргалка алып кіру және т.б. заңсыз әрекеттер қайда әкеп соғады? Бұндай іске барғандарды жазалау қарастырылған ба?
ҰБТ кезінде заңбұзушылық байқалса, талапкер аудиториядан шығарылып, нәтижесі жойылады. Мысалы, қаңтар айында өткізілген ҰБТ кезінде 1 100 оқушы аудиториядан шығарылды. Өткен жылғы емтиханмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 10 есе жоғары. Демек ұйымдастырушылар академиялық адалдыққа жіті көңіл бөліп отыр. ҰБТ тапсыру пунктіне кірер алдында смартфон, шпаргалка секілді тыйым салынған заттар табылған жағдайда талапкер сынаққа кіргізілмейді әрі 1 жыл ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігінен айырылады.
ҰБТ-ға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлері және азаматтық қоғам өкілдері бақылаушы ретінде қатысады. ҰБТ жауаптарының сатылуына жол берілсе, кінәлі адамдар заң алдында міндетті түрде жауапқа тартылады. Өйткені бұл қылмыстық құқық бұзушылық. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықты хабарлаған адам қаржылай сыйақы алады.
Ұлттық бірыңғай тест кітапшаларында қате сұрақтар кездесетінін мұғалімдер айтып қалып жатады. Тест кезінде сұрақ немесе жауап қате болса не істеу керек?
ҰБТ сұрақтарын дайындайтын арнайы жұмыс тобы сұрақтардың сапасы жоғары деңгейде болуы үшін қолынан келгенінің бәрін жасайды. Жауаптар мен сұрақтар бірнеше рет қайталай тексеріледі. Әрине, адами фактор да әсер етуі мүмкін. Кейде сұрақ дұрыс құрастырылмай немесе жауапта қате кетіп қалуы ғажап емес. Осындай жағдайлар болып жатса, міндетті түрде апелляцияға беру керек. Апелляциялық комиссия мүшелері талапкердің жеке кабинетінде онлайн форматта өтініш қабылдайды және БҒМ мектеп бағдарламасына енгізілген оқулықтардан алынған материалдарға негіздей отырып, белгіленген уақытта мәселені талдайды. Қате табылған жағдайда жетіспейтін балл есептеледі.
"Алтын белгі" иегерлері, халықаралық білім олимпиадасының жүлдегерлері, ғылыми байқау жеңімпаздары, шығармашылық және спорттық сайыстардың жүлдегерлерін оқуға қабылдар кезде берілетін жеңілдіктер олардың жылдар бойғы еңбегіне сай ма?
Алтын белгі иегерлері басқа талапкерлердің алдында тек бірдей балл жинаған жағдайда ғана шамалы артықшылығы болады. Меніңше, бұл дұрыс. Мәселен бұрындары алтын белгі иегері 96 балл жинап, грантқа түсетін. Ал алтын белгі алмаған басқа талапкер 107 ұпай жинап тұрып, дәл сол мамандықты таңдаса, грантқа іліге алмайтын.
Жалпы жыл сайын БҒМ белгілі бір жетістіктері үшін грантқа ие бола алатын оқушылардың тізімін бекітеді. Сонымен қатар, жеңілдіктер беру алгоритмін жетілдіруде. Егер бұрын республикалық пәндік олимпиадаларға қатысқаны үшін ғана гранттар берілсе, енді жүлделі орын алғандар ғана ҰБТ-дан босатылып, грант беріледі. Демек, арнайы олимпиада қатысушылары ғана ҰБТ-дан босатылады. Мұндай оқушылар көп емес. Бұл дұрыс жасалған шара деп ойлаймын. Ұзақ уақыт бойы орасан зор еңбек еткен олимпиада жүлдегерінің грант алуы әділ болады. Пәндік олимпиадалардан басқа ғылыми жобалар, спорттық іс-шаралар және шығармашылық жарыстар да грант алуға себепші.
ҰБТ тапсырып болған соң жоғары оқу орнына түсу мәселесі туындайды. Қалай ойлайсыз, жас түлектер мамандық таңдаған кезде не нәрсеге көңіл бөлгені жөн?
Әдетте мектеп бітіруші талапкер мамандықты дұрыс таңдайды деп күтеміз. Өкінішке қарай, ата-ана баласының академиялық үлгеріміне сүйеніп, өміріне бір мамандық таңдауы керек деген үрдіс қалыптасқан. Сондай-ақ, балаға ата-анасы мамандық таңдауда еркіндік бермейтін жағдайды да жиі көреміз. Бұл қаншалықты дұрыс? Әрине, әркім баласы үшін уайымдайды, бірақ мамандық таңдау еркіндігін баланың өзіне беру керек деп есептеймін. Мәселен, британдық жоғары білімді зерттеу орталығының мәліметінше, еуропалық ЖОО түлегінің орташа жасы – 27. Ал біздің елде жоғарғы білімін аяқтағандардың орташа жасы 23-ке де жетпейді. Неге біз университетті аяқтауға асығамыз? Бұған бірнеше себеп бар.
Айтар болсам, менталитетімізде "бала грантта оқуы керек" деген стереотип қалыптасқан. Талапкерлердің көбі мамандықты өзінің қызығушылығына сай емес, алған ұпайына қарай таңдайды. Нәтижесінде, мемлекет өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейтін талапкерге 4 жыл бойы қомақты қаржы жұмсайды. Қазіргі статистикаға қарайтын болсақ, еліміздің университеттерін бітірген түлектердің 60%-дан астамы дипломында жазылмағын басқа кәсіптің соңында жүр.
Екіншіден, әркім қателеседі. Қателесуді біздің қоғам үзіліс алу немесе жасаған ісіне баға беру емес, жеке басының трагедиясы ретінде қабылдайды. Нәтижесінде, социофобия мен суицидтің күрт жоғарылауын байқаймыз. Айтпақшы, біз бақытты елдер рейтингінде 50-орындамыз.
Келесі мәселе, халық арасында қазақстандық немесе дүниежүзілік еңбек нарығы жайлы терең түсінік жоқ. Жақын болашақта қандай мамандықтар қажетсіз болып қалады? Қайсысына сұраныс артады? Осы мәселеге ерте бастан талдау жасап, жауап беруіміз керек.
Сол себепті оқу орнының рейтингі, мамандықтың еңбек нарығындағы өзектілігі және университеттің әлеуметтік өміріне мұқият талдау жасау қажет. Бала 4 жыл оқитынын әрі қоршаған орта қатаң және икемді дағдыларды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын ұмытпағанымыз жөн.
Қазіргі кезде жоғары білім беру мекемелері көп. Университетті қалай таңдау керек? Қандай кеңес бересіз?
Университет таңдаған кезде мына мәселеге назар аудару керек:
Бірінші, мамандық таңдау. Қызығушылығыңыз бен қабілетіңізге сүйене отырып, танымал университетте өзіңізге ұнайтын әрі жақын мамандықты таңдаңыз. Алдымен білім алып, содан кейін ғана жұмыс істеуді ойлаған дұрыс емес.
Екінші, университет таңдау. Болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие болу-болмау мәселесін білу үшін, оқып жүрген студенттермен немесе түлектермен сөйлесіңіз. Басқа қалаға көшуге дайын немесе дайын емес екеніңізді түсініп алған да жөн.
Үшінші, студенттік өмір. Өкінішке қарай, бұны тек санаулы адам ғана қаперіне алады. Алдағы 3-4 жылды қандай ортада өткізетініңіз, қандай дағдыларды меңгеретініңіз өте маңызды. Әдетте түлектердің көбі студенттік шақта іскерлік дағдыларын қалыптастырып, өзі оқитын университет өкілдерімен бірлескен жобалар жасайды. Студенттік өмір жастар үшін керемет мүмкіндіктер ашады.
Жастар университет бітіргеннен кейін жалақысы жоғары, сұранысқа ие маман болғысы келеді. Бүгінгі таңда қандай мамандыққа сұраныс артып келеді?
Жастар, университет түлектері мамандық таңдауда келесі факторларға иек артады: зор мүмкіндік, еңбекақы, қолайлы жұмыс ортасы, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, еркіндік, жұмысқа баулитын жетекшінің болуы. Сондықтан қай салада болмасын өз ісіңіздің шебері атанып әрі когнитивті дағдыны иеленсеңіз, қызметіңізге сұраныс артады.
Бүгінгі күні елдегі еңбек нарығы жөнінде зерттеулер өте аз. Дегенмен педагогика, IT, ішкі туризм, медицина және ауыл шаруашылығы мамандықтарына назар аудару керек екеніне сенімдімін.
Ал оқуға түспей, АҚШ, Еуропа елдеріндегі түлектердің "gap year" деп аталатын мектептен кейін бір жыл оқудан үзіліс алуына көзқарасыңыз қалай?
Мектептің аяқталуы мен университетке түсу арасындағы өтпелі кезең – өмірдегі ең маңызды сәттердің бірі. Осыны естен шығармауға тиіспіз. Өйткені осы уақытта бала болашақ мансабы мен жеке даму жолын табуға тырысады. Сондықтан Z ұрпағы өкілдері "gap year" академиялық демалыс тәжірибесін жиі пайдаланады. Ол үшін бірнеше себеп бар: жастар жұмыс істеп тәжірибе жинайды, ЖОО-ға түсу үшін академиялық үлгерімін жақсартады, сондай-ақ саяхаттайды. Тағы бір себеп – көп уақыттан бері қалыптасып қалған ортаны өзгерту мен тұрғылықты мекенін ауыстыру адамның өзін-өзі дамытуына оң әсерін береді. Тағылымдама, волонтерлік іс, тіл үйрену, бэкпэкинг – бұның барлығы "gap year" уақытында болатын қызықты іс-шара, тамаша мүмкіндік деп білемін.
Жалпы, мамандық таңдауды қай жастан бастаған дұрыс? Мамандық таңдауда неге көңіл бөлу керек?
10-12 жастан бастап деп ойлаймын. Өйткені осы кезде баланың жеткіншектік қарсыласуы мен бәрін сынауы азая бастайды. Жасөспірімдер күрделі ақпаратты қабылдай алатын шаққа жетіп, болашағы туралы ойлай алады. Алайда баланы осындай маңызды қадам жасауға қалай дайындаймыз? Айқын бір жолды нұсқар карта бар ма?
Бұл сұраққа біздің менталитетімізге сүйене отырып жауап берейін. Бізде "тұсау кесу" дәстүрі бар екенін бәрі біледі. Негізінде, бұл адамның ең алғаш рет мамандық таңдауы іспетті. Ақ жол жайылады, сәби алғашқы қадамын жасайды. Одан кейін алдына домбыра, кітап, қалам, ақша және т.б. заттар қойылады. Не таңдаса да, өз еркі, қолынан бәрі келеді! ... одан кейін не істейміз? Ештеңе... Ары кетсе лего ойыншығы, машина немесе қуыршақ сатып әпереміз. Бала он бірінші сыныпқа келгенде мамандық таңдауын талап етеміз. Олай істеуге болмайды, бұл – сыңаржақтық.
Бала балалығын жасайды. Ал ата-анасы оның кәсіпке деген қызығушылығын оята білуге тиіс. Мамандық таңдауды қалай бастағаны маңызды емес. Мәселен хореография, бокс, ментальды арифметика, этикет курстары, ісмерлік үйірмесіне апару – бұның бәрі балаға мамандығын таңдауға көмектесетін нәрселер. Курстарға, секцияларға жаздырған кезде ең бастысы баланың қызығушылығына, икеміне, дағдыларына мән беру керек. Алайда бала ата-анасының жүзеге аспаған арманын орындауға міндетті емес екенін есте ұстау қажет. Әр баланың өмірде өз жолы бар.
Сұхбатыңызға көп рахмет!
Нұржан Көшкін
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін